astana-view

Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей!

2017 жылғы 14 Қараша
- Жетісу облысы
16780 просмотров

Адамдар кез келген елді мекенге саяхаттап келіп, дәмді және арзан тамақтанатын орын іздейді. Осыған байланысты асхана, кафе-мейрамханалар қаланың визит картасына айналып үлгерді. Мысалы, тағамдарымен белгілі Жаркент қаласында (Панфилов ауданының орталығы) тағы бір қоғамдық тамақтандыру орталығы ашылды. Оны кәсіпкер Шерасыл Нұрматов ашып, атын «Теремок» деп атады. Аз уақыт ішінде асхана қаладағы танымал және көпшілік баратын орынға айналды.

«Асхана бұрынғы банк ғимаратының орнында пайда болды. Ғимарат бірнеше жыл бойы бос тұрды. Оны сатып алып, іші-сыртын жөндеуден өткіздік. Осылайша асхананы 60 адамға лайықтадық», - дейді кәсіпкер.

Шерасыл Нұрматовтың кәсіпкерлер қатарына қосылғанына бірнеше айдың жүзі өтті. Ол Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін үйренді.

«Мен өмір бойы бизнестен алыс салада жұмыс істедім. Бір айға жуық ішінде «Бастау Бизнес» бойынша оқып, көптеген жаңа дүниелерді үйрендім. Өз ісіңді бастау мен жүргізу оңай шаруа емес екен», - деп атап өтті ол.

Шерасыл Нұрматов алғашқы 18 млн теңге көлеміндегі несиесін Жаркент несие серіктестігі арқылы алды. Бүгінгі таңда бұл «Бастау Бизнес» аясында Алматы облысында берілген ең жоғары мөлшердегі қаржы болып табылады. Оның әрбір теңгесі өз орнымен жұмсалған. Мәселен, асхана қаладағы өзге қоғамдық тамақтандыру орындарынан дизайны мен сәулет шешімімен өзгеше көрінеді. Әрлендіру мен жобалау жұмысына кәсіпкердің жары да өз үлесін қосқан. Қазір «Теремокта» 11 адам жұмыс істейді және қызметкерлерді қабылдау әлі де жалғасуда.

«Жаңадан ашылған асхана туралы қала ішінде жақсы пікірлер көп. Сондықтан достарыммен асханаға арнайы келдік. Асхананың іші, орналасуы мен қызметі ұнап отыр. Осы жердің тамағы дәмді, бағасы да қолжетімді екеніне көзіміз жетті», - дейді қала тұрғыны Фариза.

«Біздің басты мақсатымыз барлығына қолайлы және қолжетімді асхана жасау болатын» дейді кәсіпкер.

Ендігі таңда ол асхананы кеңейтіп, жанына бильярд залы мен кафе-барды салуды жоспарлап отыр. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер