astana-view

Алматы мектебінде «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнінің алғашқы сабағы өтті

2017 жылғы 13 Желтоқсан
- Алматы қаласы
8155 просмотров

№159 гимназияда білім алатын 10-сынып оқушыларының сабақ кестесінде «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» атты жаңа пән қосылды

Оқушыларға жаңа оқулықтар таратылып, аптасына екі рет факультатив сабаққа шақырту берілді. Сауалнама жүргізгенде сынып оқушыларының жартысынан көбі болашақта жеке бизнеспен айналысқылары келетіні анықталған. Алайда кәсіпкерлік негіздері жайында білім алуға мүмкіндік болмаған еді. Енді оқушылар жасөспірімдердің танымына ыңғайластырылған бизнес әлеміндегі заманауи тенденциялармен таныса алады.

«Бізді бизнес негіздеріне ешкім оқытпады. Кәсіпкерлік қағидасын түсінгенге дейін мен өз ісімді аштым, банкротқа ұшырадым, қарызға да баттым. Бүгінде тәжірибелі кәсіпкерге айналып, өзгелерге де бизнес ашуды үйретіп келемін. Өз тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, бизнестегі кең таралған қателік оның қарапайым негіздерін білмеуден туындайды. Ал мұндай негіздерді енді оқушылар мектеп қабырғасында жүріп-ақ үйренеді», - деп ой бөлісті Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының бизнес-жаттықтырушысы Мәлік Мұсабеков.

Бүгін бизнес-жаттықтырушы алғашқы сабағын өтті. Оқушылар бизнес-тапсырмаларды орындап, тіпті іскерлік ойынды да ойнады.

«Іскерлік ойында жеңіске жеткен жоқпын. Дегенмен маған ұнады. Бәсекеге қабілетті болудың маңызды екенін ұқтым. Алға ұмтылып, өз мақсатыңнан таймау керек. Бәсекелестер көп екенін байқап, өзім бір тұжырымға келдім, олармен неғұрлым жақын болу керек екен. Мен өз ісімді ашқым келеді. Жаңа пән сүйікті сабақтың бірі болады деп ойлаймын», - деді 10 сынып оқушысы Әлішер Әнуарбеков.

Кәсіпкерлік негіздерінің мектеп бағдарламасына экономикалық терминология, бизнес-жоспарды дайындау, заңды тұлғаны тіркеу, қаржылық есеп және бизнесті құқықтық реттеу тақырыптары енген. Бұл сабақтар теориялық түрде, іскерлік ойын және бизнес-тапсырма түрінде өткізіледі.

«Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» таңдау пәні «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен және ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен дайындалды. Жаңа 2018-2019 оқу жылында пилоттық жоба ретінде енгізілмек. Курс 68 сағаттан тұраы. Пилоттық жобаны экономика пәнінің мұғалімі жүргізеді. Келесі жылдың көктемінде 3 мыңға жуық мұғалімді қайта дайындықтан өткізу жоспарланған», - деп атап өтті Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Айгүл Шағамбаева.

Ол сонымен қатар Қазақстандағы жоғары оқу орындары мен колледждер жыл сайын 100 мыңнан астам студентке диплом беретінін айтты. Олардың басым бөлігі әлеуетті кәсіпкерлер.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер