astana-view

Жыл өткен сайын бизнес-ахуал жақсарып келеді – сарапшы

2018 жылғы 22 Қаңтар
- Ақтөбе облысы
6183 просмотров

Дәл бизнес игілікті арттырып, жаңа жұмыс орнын ашып, мемлекеттің қазынасын толтырады. Біз өзге мемлекеттерден қалыс қалмауымыз керек дейді Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов

«Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауының 7 тармағында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнесті үйрету жөніндегі жұмыстары қолдауға тұрарлық» деп баға берді. Бұл жерде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2016 жылы Ақтөбе облысының Темір ауданы мен Маңғыстау облысы аумағында тәжірибелік түрде жүзеге асырылған «Бастау Бизнес» жобасы назарға алынып отыр. Бұл жоба өзінің тиімділігін көрсетті және өткен жылы Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасының негізінде республиканың көптеген ауданында жүзеге асыру басталды. Ал биылдан бастап жаппай оқыту қолға алынды» - деп баяндады Палата директоры.

Білім алуға ниет білдірген жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар кәсіпкерлік икемі бар екенін анықтау мақсатында тестілеуден өтеді. Шектік балды жинаған азаматтар бір айлық курсқа жіберіледі, алдымен теориялық білім алып, одан кейін тәжірибелік сабақтар өтеді.

«Курсқа қатысушылар оқуды бастаған соң бизнес-идеяны түсініп, оны жүзеге асыру жолдарын, қаржылық есепті үйреніп, салық төлеу, келісімшарт жасау, клиенттермен жұмыс істеу секілді көптеген салаларды меңгереді. Былтыр осы бағдарлама бойынша облыстағы алты ауданнан 1 125 адам білім алды, бүгінде оның ішінде 250 азамат өз жобаларын жүзеге асырды. Ол қаржы бөлініп, жеке кәсіппен айналысуды бастады деген сөз», - деді Нұрлыбек Мұқанов.

Оның айтуынша, қазіргі таңда «Атамекен» Үкіметпен тығыз байланыста жұмыс атқарып отыр. Өткен жылы бірлесе күш салудың арқасында санитария, өнеркәсіп қауіпсіздігі мен төтенше жағдайлар саласындағы талаптардың 1/3 қысқартылды. Салық кодексіне өзгертулер енгізіліп, бизнесті тексеру негіздері азайтылды. Мұның барлығы да елімізде жылдан-жылға бизнес ахуалды жақсартуға ықпал етеді.

«Біздің өңірде де әкімдікпен ақпаратты электронды форматқа ауыстыруға қатысты бірлескен жұмыс атқарылып отыр. Ақтөбе әкімдігі арнайы сайт жасап жатыр, онда Ақтөбе қаласының бас жоспары, бос жер учаскелері көрсетілген нақты жоспар жарияланады. Бизнесмен сайтты ашып, қажетті ақпаратты аады, қай ауданда бос жер бар екенін біледі. Әкімдіктің табалдырығын тоздырмай, кабинетте ұзақ кезекке тұрмай, қажетті мәліметті алу үшін мемлекеттік қызметкерлерге жүктемей өзі жүзеге асыра алады. Сонымен қатар қандайда бір сыбайлас жемқорлық қаупі мен қағазбастылық орын алмас үшін мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстыру жұмысы жалғасып келеді», - деп атап өтті Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының басшысы.

Директордың мәліметінше, 2017 жылға дейін мемлекеттік алпыс орган кәсіпкерлерге 28 мың талап қойған. Оның ішінде экологиялық қауіпсіздік, санитарлық норма, техникалық реттеу және т.б. бар. Сол талаптардың қатары бірте-бірте азайып келеді. Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында экономиканың негізі болатын бизнесті жеңіл жүргізіп, жұмысын жеңілдетуге баса назар аударған.

«Дәл бизнес игілікті арттырып, жаңа жұмыс орнын ашып, мемлекеттің қазынасын толтырады. Біз өзге мемлекеттерден қалыс қалмауымыз керек», - деп тұжырымдады Өңірлік палатаның басшысы Нұрлыбек Мұқанов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер