astana-view

Оқуға ынта жоғары

2018 жылғы 12 Ақпан
- Қызылорда облысы
4424 просмотров

Қызылордада «Бизнес кеңесшіні» оқуға 1121 азамат өтініш білдірді 

 Қызылордалықтардың кәсіппен айналысуға деген ниеті жоғары. Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов облыстық қоғамдық кеңестің алдында жасаған хабарламасында айтты.

«Кәсіпкерлер палатасы құрылған сәттен негізгі басымдықты іспен айналысқысы келетін азаматтарды оқытуға, біліктілігін көтеруге беріп келеді. Жыл өткен сайын аймақта саланы игеруде оқысам, білсем деген азаматтардың қатары еселеп артуда. Бүгінде Палата жанындағы «Бизнес кеңесші» курсына азаматтар жыл бұрын жазылып қоюды да бастады. Мәселен, өткен жылы аталмыш курс аясында оқыған азаматтар саны жоспарлаған межемізден екі есе артып 1555-ді құрады. Биылғы жылы да облыс бойынша 800 азаматты «Бизнес кеңесшінің» аясында оқытамыз деп отырмыз. Дегенмен, бүгінгі күнге дейін курсқа жазылушылардың қатары 1121-ді құрап отыр», - деген Ғалымбек Жақсылықов салаға қатысты өзге де жоспарларымен бөлісті.

Өңірдің кәсіпкерлік саласына тың серпін берген – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен қолға алынған «Бастау бизнес» жобасы аясында биыл 7 ауданнан 1600 адамды оқыту көзделуде.

«Сауда үздігі - 2017» республикалық байқауында қызылордалық кәсіпкерлер бірнеше номинациялар бойынша І орынды жеңіп алды.

Анықтама үшін:

- «Үздік бөлшек сауда кәсіпорны» номинациясы бойынша - «Браунис Қазақстан» ЖШС І орын;

- Үздік демалыс аймағы номинациясы бойынша – «Нұр-назар» ЖШС-нің «Арай» спорттық-сауықтыру кешені І орын,

- «Үздік көтерме сауда кәсіпорны» номинациясы бойынша -«Абзал және К» ТС І орынды еншіледі;

- «Жылдың үздік басшысы» номинациясының гран-приі - «Абзал және К» ТС-нің директоры Мұрат Сәрсенбаевқа берілді.

Нәтижесінде қызылордалықтардың байқау қорытындысымен  І орынға ие болуына орай, үстіміздегі жылы «Сауда үздігі» республикалық байқауы Қызылорда облысында өтетін болды. Байқау өткізу  тамыз айына жоспарланып отыр. Байқауды өткізу  барысында жергілікті кәсіпкерлер үшін тиімді барлық шараларды ұйымдастыру қарастырылатын болады. Яғни, сауда айналымын дамыту, жобалар үшін инвесторлар мен серіктестер табу және т.б. бағыттар бойынша жұмыстар атқарылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер