astana-view

Кәсіпкерлерге АИТВ және туберкулез мәселелері бойынша мәлімет берілді

2018 жылғы 21 Ақпан
- Ақтөбе облысы
4583 просмотров

Облыстық ЖИТС орталығының мамандары туберкулезге қарсы диспансермен бірігіп, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында бизнес-қауымдастық өкілдеріне арналған семинар өткізді. Іс-шара кәсіпкерлерді Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі, әсіресе «АИТВ/ЖИТС-тің және туберкулездің бизнеске әсері» туралы хабардар ету үшін ұйымдастырылды.

2017 жылы 27 қыркүйекте Дүниежүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) 2017-2018 жылдарға арналған жыл сайынғы Жаһандық бәсекеге қабілеттілік туралы есебі жарияланды. Соңғы зерттеу нәтижелері бойынша Қазақстан 137 елдің ішінен 57-ші орынға ие болды. Рейтинг бойынша Швейцария, АҚШ, Сингапур, Нидерланды және Германия елдері көш бастап тұр.

«АИТВ/ЖИТС» және туберкулез бойынша зерттеулерде осы екі көрсеткіш негізінде елдердің рейтингтері жасалады:

1. АИТВ және туберкулездің таралуы.

2. АИТВ-жұқпасының және туберкулездің бизнеске орташа мерзімді әсері

Ірі және орта бизнес құрылымдарының басшыларының сауалнамасы негізінде қалыптасатын «АИТВ жұқпасының орташа мерзімдік әсері» көрсеткіші бойынша Қазақстан 100-орында тұр.

Рейтингті көтеру үшін ең маңыздысы - бизнес басшыларына біздің елде АИТВ жұқпасы мен туберкулездің бизнеске кері әсерін тигізбейтіндігі жөнінде ақпарат беру болып табылады. Сондай-ақ, АИТВ жұқпасын емдеу тегін және оған мемлекет кепілдік береді.

«Расында, АИТВ жұқтырған адамдар жұмыс орындарына ешқандай қауіп төндірмейді. Жұқпа ауа тамшылары, қол алсысу және т.б. арқылы жұқпайды. Ол тек қан құю арқылы, жыныстық жолмен немесе анадан құрсақтағы балаға жұғуы мүмкін. Осы ережелерді біле отырып, кез келген адам індеттен оңай қорғана алады», - деді ЖИТС СО бас дәрігерінің орынбасары Анна Каспирова.

Сонымен қатар, мамандар ұжымда АИТВ ауруын жұқтырушы анықталған жағдайда оның құқықтары бұзылмауы тиіс, әсіресе, мұндай қызметкерден құтылуға тырысуды болдырмау керектігін атап өтті. Өйткені, қарапайым ережелерді сақтаған жағдайда, басқаларға қауіп төнбейтінін білген жөн. Құрт ауруының таралуы туралы айтар болсақ, мамандардың айтуынша, 2014 жылмен салыстырғанда 2017 жылы туберкулез ауруына шалдығу 16,1% -ға азайып, осы дерт бойынша өлім көрсеткіші 40,6% -ға төмендеген.

«Туберкулез Қазақстандағы бизнеске әсер етпейді, себебі бұл ауру емделеді, туберкулезді анықтау және емдеу тегін жүргізіледі. Мерзімді медициналық тексерулерден өтіп тұру, дәрігерге дер кезінде қаралу, жұмысты оңтайлы ұйымдастыру және салауатты өмір салты ауруды жұқтыру қауіпін азайтады», - деп атап өтті облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Ерлан Тәтімов.

Айта кету керек, «АИТВ/ЖИТС-тің және туберкулездің бизнеске әсерінің» көрсеткіші жыл сайын ақпан-наурыз айларында өткізілетін бизнес нысандарының басшылары арасындағы еркін сауалнама негізінде бағаланады. Яғни, осы көрсеткіш бойынша ел рейтингі бизнес-құрылымдардың басшыларының аталмыш дерт бойынша қаншалықты хабардар екенініе тікелей байланысты. Олардың жауаптарына қарай еліміздің қай қатардан орын алатыны анықталады.

«Біз аймақтағы барлық кәсіпкерлерден осы сауалнамаға жауап беру кезінде мынадай маңызды мәліметті ескеруді сұраймыз - мамандардың ақпараттарына сүйенсек, АИТВ жұқпасы іс жүзінде сіздің бизнесіңізге еш әсер етпейді. Сондықтан жауап беру нұсқаларын таңдауда өте мұқият болу қажет», - деді ӨКП бөлім басшысы Дамиля Құнанова.

Семинар барысында қатысушылардың осы ауруларға қарым-қатынасы сұрақтар қою арқылы анықталды. Барлық келушілерге ақпараттық жадынамалар мен кітапшалар берілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер