astana-view

Мамлүттегі мектеп оқушыларына арналған кәсіпкерлік негіздері туралы дәріс

2018 жылғы 16 Наурыз
- Солтүстік Қазақстан облысы
8622 просмотров

Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы Мамлүт ауданының Іскер әйелдер кеңесі оқушыларға арнап кәсіпорында экскурсия ұйымдастырды

Көктем мерекелері қарсаңында кәсіби бағдар жұмысы аясында мектеп оқушылары мен іскер әйелдердің кездесуін ұйымдастыру қалыптасқан. Биыл жергілікті филиалға қарасты Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері халыққа қызмет көрсететін бизнес нысандарына экскурсия ұйымдастырды. Мамлүт қаласына белгілі бизнес ханым Раиса Бунеева мен Наталья Тагирова өз бизнестерінің дамуы жайлы баяндап, шеберліктің құпиясымен бөлісті.

Оқушылар барған бірінші нысан жеке кәсіпкер Раиса Бунееваның тырнақ сәндеу салоны болды. Бұл қызметті қыз-келіншектердің басым бөлігі қолданады.

«Мамандығымның ерекшелігі туралы айтар болсам, бұл нағыз шығармашылық жұмыс. Өз ісімен айналысқан адамға әрдайым ұнамды да қызықты деп ойлаймын. Менің оқиғам тырнақ сервисін таңдаған өзге қыздардыкіне ұқсас. Бәрі де үйден басталды, өзіме және құрбыларыма жасап жүрдім. Салық саласының маманымын, электр желісінде оператор болып істедім. Құрбыларыма жасағаным ұнаған соң, олар басқаларға айтып жүрді. Осылайша клиенттер қатары көбейді. Бұл кәсіп ұнап қана қоймай, табыс алып келетінін түсіндім. 2016 жылы Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына жүгініп, кәсібімді заңдастыру жағынан кеңес алдым. Сол уақытта мамандар «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасын қолдануға кеңес берді. Бір айлық тегін курсты аяқтаған соң, маникюр және педикюр шеберінің дипломын алдым. Айналысып отырған кәсібім өзіме ұнайды, клиенттерге ұнағанын көргенде одан сайын рахаттанамын. Палата қызметкерлеріне айтар алғысым зор. заңнама талаптарын түсіндіргені үшін де рахмет айтамын. Әлі күнге дейін туындаған мәселелерге қатысты кеңес алып тұрамын. Орынжайды жалға алып отырмын, келешекте мемлекеттік қолдау арқылы өзімің сән салонымды ашқым келеді», – деді Раиса Бунеева.

Қызығушылық танытқан оқушы қыздар үшін аппараттық маникюр бойынша шағын шеберлік сағатын өткізді. Тырнақ бояуды тамашалау тағы бір мамандықпен танысуға ұласты. Тігін ісімен айналысатын кәсіпкер Наталья Тагирова да жеке кәсіп туралы ақпарат берді.

«Балалық шақтан тігінді ұнатамын. Ес білгеннен қуаршаққа көйлек тіккенмін. Сондықтан мектепті аяқтаған соң, қай мамандықты таңдайтыным белгілі еді. Омбыда әмбебап тігінші мамандығын алдым. Дипломдық жұмысымды үздік қорғап, елге оралдым. Мұнда ательеде тігіншінің көмекшісі болып жұмысқа орналастым. Бірақ өз кәсібімді ашу туралы ойымнан шықпады. 1,5 жыл көмекші бола жүріп, жеке кәсібімді аштым. Біліктілігімді арттырып, пішуші-модельер болдым. Тұтынушыларды жоғалтып алмас үшін өз кәсібіңе жауапкершілікпен қарау керек. Бұл кез келген бизнестің талабы деп санаймын», – деп құпиясымен бөлісті Наталья Тагирова.

Іскер ханым камуфляж халатын пішуді көрсетті. Мұндай іс-шара оқушыларға ғана емес, шақырылған қонақтардың да көңілінен шықты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер