astana-view

Отандық тауарөндірушілер қолдауға қаншалықты ие болуда?

2018 жылғы 16 Сәуір
- Қызылорда облысы
3373 просмотров

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында Сатып алу саласында отандық тауарөндірушілерге қолдау көрсету жөніндегі жұмыс комиссиясының отырысы өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким жүргізген комиссияда отандық тауарөндірушілерді қолдау бағытында жүргізілген жұмыстар барысы талқыланды.

 Отырыста комиссияның тең төрағасы – облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов 2017 жылы мемлекеттік сатып алу порталына жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша 49 млрд.теңгенің келісім шарты орындалғандығын айта келе, соның ішінде жергілікті қамтудың көлемі 23 пайызды ғана құрағанын жеткізді.

 Палата басшысының айтуынша, отандық тауарөндірушілерді қолдауға бағытталған жұмыстарға қарамастан негізгі құрылыс заттары өзге өңірлерден, тіпті өзге елден сатып алынған.

  Ғалымбек Жақсылықов бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне ресми интернет-ресурстарында қажетті негізгі құрылыс материалдары туралы ақпарат орналастыру туралы тапсырма берілгенімен талдау көрсеткендей әлі де орындалмай отырғандығын айтты.

«Мәселен, жыл басынан бері ресми-интернет ресурстарында жалпы құны 100 млн.теңгені құрайтын құрылыс материалдары туралы ақпаратта «К» қосымшасы (отандық тауарөндірушілерге қатысты) жүктелмеген. Мемлекеттік органдар тарапынан орын алып отырған мұндай немқұрайлылық жергілікті тауарөндірушілерге айтарлықтай зиянын тигізуде», - деді Палата директоры.

Мұнан өзге, комиссия отырысында облыста қап шығарумен айналысатын «Полимер продукт» ЖШС-нің проблемасы да қаралды. Мекеме басшысының айтуынша, өңірдің қапқа деген сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндігі бола тұра, «Полимердің» өнімі емес, шетелдік өнімдердің алынып жатқандығын жеткізді.

Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким «Полимер продукт» ЖШС-нің мәселесін мүдделі ұйымдардың басшыларын қатыстыра отырып, қайта қарауды ұсынды. Ал отандық тауарөндірушілер туралы ақпаратты кеңінен тарату, жергілікті тауарөндірушілерді насихаттау мақсатында арнайы интернет-ресурсын ашуды ұсынды және бұл жұмыстар нәтижелі болуы үшін мемлекеттік органдар да өз ұсыныстарын беруі қажеттігін баса айтты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер