astana-view

Абылай Мырзахметов: «Импортты алмастыруды дамыту маңызды»

2018 жылғы 25 Сәуір
2883 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы импортты алмастыруды дамыту және Қарағанды облысының ірі бизнесін «Бастау» бойынша жаңа жобаларды шағын несиелеуге тартуды ұсынды.

 Абылай Мырзахметов бұл бастамаларды ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың өңірдің бизнес өкілдерімен өткен кездесуі барысында айтты.

«Атамекеннің» мәліметі бойынша биыл Қарағанды облысында «Бастау» жобасымен 1912 адам қамтылмақ, оның ішінде кем дегенде 383 адам жеке кәсіп бастап немесе бизнесін кеңейтуі тиіс. Оқуға облыс орталығы, 9 аудан және  8 қала мен моноқаладағы жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдар қатысады.

Былтыр өңірде 1313 адам кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Оқу қорытындысы бойынша 400-ге жуық қатысушы кәсібін кеңейтіп, 1000-нан астам жаңа жұмыс орны құрылды.

 Бүгінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы шағын несиелеу ұйымдарын белсенді жұмылдыру арқылы жобаның тиімділігін арттыруды ұсынып отыр. Былтыр Қарағанды облысында жұмыс істеп тұрған шағын несеиелеу ұйымдары Бағдарламаға қатыспаған болатын. «Атамекен» өңірде шағын несиелеу ұйымын құруды және қаржыландыруда ірі бизнестің қатысуын қолдауға дайын.

 «Моно қалаларда жұмыссыз қалған қызметкерлерді жұмыспен қамтуға қызығушылық танытқан демеушілердің ниетін пайдаланса, онда бұл бағытта үлкен әлеуетті көріп отырмыз және осы жұмысты қолдауға дайынбыз. Өкінішке қарай банктер  мен жеке шағын несиелеу ұйымдары жобаларды қаржыландыруға құлықсыз. Бұл бағытта  үлкен әлеует бар», – деді Абылай Мырзахметов.  

ҰКП Басқарма Төрағасы өңірдегі өнеркәсіптік компаниялардың қуатын толық көлемде жүктеу үшін импортты алмастыру мәселесін жергілікті әкімдікпен тұрақты түрде шешіп отыру қажет екенін айтты.

 «Жергілікті жерде өндірілетін өнімнің бір бөлігі басқа мемлекеттерден импортталады, негізінен құрылыс материалдары. Сондықтан әкімдікпен бірігіп, импортты алмастыруды дамыту маңызды. Импортты алмастыруда жер қойнауын пайдаланушы ірі компаниялардың жұмысын еркеше атап өту керек. «Қазақмыс» корпорациясы бұл үдерісті жолға қойып, комиссия шеңберінде 80 позиция ұсынды. Осы үлгі бойынша «Арселор Миттал Теміртау» акционерлік қоғамы да аутсорсингті қолға алады деп сенеміз», – деді Абылай Мырзахметов.

 «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Қарағандыда бизнеске арналған бос жер учаскілері бойынша ақпарат цифрландырылғанын, Астана тәжірибесі негізінде бірыңғай сауда нүктелерін құру мәселесі қаралып жатқанын айтты. Өңір дуальды оқыту картасын жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыс атқаруда: 180-ге жуық кәсіпорын үдеріске қатысып, нәтижесінде кәсіптік-техникалық оқу орындары түлектерінің 80%-ы жұмысқа тұрған.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер