astana-view

Швейцария делегациясы Талдықорған қаласындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығымен танысты

2018 жылғы 16 Мамыр
- Жетісу облысы
4111 просмотров

Швейцария Конфедерациясының ресми тобы Кәсіпкерлер палатасына барды

Швейцария Конфедерациясының Тичино кантонының рсеми делегациясы Алматы облысына жасаған сапары аясында Талдықорған қаласындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығымен танысты. Делегацияны Швейцария Конфедерациясының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Урс Шмид мырза бастап келді.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов шетелдік топқа Atameken Business City жұмысымен таныстырып өтті. Онда өңірлік палата, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мен бизнес-инкубатор жұмыс істейді. Сонымен бірге отандық тауар өндірушілердің көрмесі таныстырылды.

«Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейді. Орталықта бизнес өкілдері үшін тегін қызметтер көрсетіледі. Жыл басынан бері Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына 850 кәсіпкер жүгініп, оларға 1500-нан астам сервистік қызмет пен кеңестер берілді», - деді Нариман Әбілшайықов.

Одан кейін ресми делегация облыс кәсіпкерлерінің қатысуымен B2B форматындағы бизнес-форумға қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерінің таныстырылымын өткізді. Жиын барысында ауыл шаруашылығы, туризм мен қатты қалдықтарды өңдеу салалаларындағы екіжақты әріптестік мәселелері талқыланды.

Өз кезегінде Урс Шмид мырза Жетісу жерінде инфрақұрылымның дамығанын және ауыл шаруашылығын дамыту әлеуеті өте жоғары екенін айтты.

«Швейцарлық кәсіпорындар Алматы облысына инвестиция құюға ниетті. Өңір инфрақұрылымның бар болуымен тартымды. Осыған дейін атап өткенімдей, ауыл шаруашылығы, туризм, логистика, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жасыл энергетиканы дамыту салаларында серіктес бола аламыз. Себебі облыс нарығында түрлі ірі халықаралық компаниялар табысты жұмыс істеп келеді. Сондықтан бірлесе қызмет етуге себеп көп. Біз үшін бастысы бұл – достық қарым-қатынас пен бірлескен бизнес», – деп атап өтті Урс Шмид.

Тичинодағы сауда-өнеркәсіптік палатасының ресми өкілі Альберто Лотти мырза да кантонның кәсіпкерлер қоғамдастығы өзара тиімді әріптестікке дайын екенін жеткізді.

Швейцария делегациясы жұмыс сапары аясында жасыл энергетиканы дамытуға арналған сұрақтар бойынша Қапшағай қаласына барып, бірқатар нысандарды аралайды.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер