astana-view

Жамбыл өңірі өңдеу кәсіпорындарын паспорттау нәтижесімен таныстырды

2018 жылғы 17 Мамыр
- Жамбыл облысы
7355 просмотров

«Атамекен» ҰР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында Жамбыл өңірі тұңғыш рет кәсіпорындарға жүргізілген паспорттау қорытындысымен таныстырды.

Өнеркәсіптік кәсіпорындар, ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту бойынша жобаларды және облыстағы инвестициялық жобаларды қолдау бойынша жұмысты облыс әкімдігі мен Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры таныстырды.  

Кездесуде даму институттары  Жамбыл облысының экономикалық ахуалы мен инвестициялық тартымдылығын атап өтті.

«Әр өңір өзінің өсу нүктесін әрі артықшылығын білуі керек. Жыл басынан «Атамекен» басшылығы 8 өңірді аралаған болатын. Жамбыл облысы айтарлықтай дайындығы бар өңірлердің бірі екенін көрсетті, сондайа-ақ облыс өнеркәсіп деңгейін арттыру және бизнес-секторды дамыту бойынша жұмысты бастап кетті», – деді Абылай Мырзахметов.

 Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Тимур Жанке өз сөзінде Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен облыс әкімдігі арасында тығыз байланыс орнағанын айтты. Бірақ, ары қарайғы жемісті жұмыс үшін өңірге қаржылай және қаржылай емес қолдау қажет.    

 Жамбыл облысының өнеркәсіптік секторының әлеуетті мүмкіндіктерін зерттеу мақсатында жұмыс тобы құрылған болатын. Бұл топ өңірде тоқтап тұрған кәсіпорындарды аралады, нәтижесінде жұмысы тоқтаған 32 кәсіпорын арнайы оңалту картасына енді. Бұған қоса жұмыс тобы өңдеу секторындағы кәсіпорындарға да барды. Бұл компаниялар белсенді, алайда көмекке мұқтаж. Қаржылай және қаржылай емес қолдауға зәру барлығы 122 кәсіпорын анықталды.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек бүгінде өңірде 596 өнеркәсіптік бағыттағы кәсіпорын жұмыс істейтінін, оның ішінде 422 кәсіпорын өңдеу секторына тиесілі екенін хабарлады. Талдау нәтижесінде 88 кәсіпорын мемлекеттік қолдауды алуға өтінім береді деп күтілуде.

 «Мәселен, 43 кәсіпорынға 3,9 млрд теңге көлемінде қаржылық қолдау керек. 55 кәсіпорын 15 млрд теңге көлемінде айналым қаражатын толықтырудан бас тартпас еді, ал 23 компания 1,1 млрд теңгені құрайтын инфрақұрылымға зәру. Қажетті қаржыландырудың жалпы көлемі 14,9 млрд теңгені құрап отыр», – деді Мәріпбек Шәкербек.

 Сонымен қатар кәсіпорындарды қаржылай емес қолдаудың тетіктері сараланды. Әкімдіктің мәліметі бойынша сатып алуларға қатысу, өнім экспорттауға атсалысу, өткізу нарығын кеңейту жұмыстары дамуға айтарлықтай әсер етер еді. Егер өңірді қолдаса, онда өңдеу өнеркәсіптің жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) 2019 жылға қарай 6%-ға артып, өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі 50 млрд теңгеге артады.

Жамбыл  облысы әкімдігі Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының жетекшісі Арнұр Мұхаметжанов бизнеске қолдау көрсетілсе, өнеркәсіп жетілетініне сенімді.

 Өңдеу кәсіпорындарын паспорттау бойынша жұмыс «Даму» Кәсіпкерлерді қолдау қоры» АҚ, «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, «Бәйтерек Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, «АЛМЭКС» холдингтік тобы сынды мемелекеттік қолдау институттарын қызықтырды, олар өз кезегінде жобаны қолдауға дайын екендерін жеткізді.

 Жиынды қорытындылай келе Абылай Мырзахметов бұл кездесу барлық мүдделі тараптар үшін пайдалы әрі құрылымды болғанын атап өтті.

 «Алдымыздағы міндет – өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру. «Атамекен» алдында ҚР Үкіметімен бірге орындалатын жұмыс пен барлық әдіс-тәсілдерді саралау міндеті тұр. Бұл ынтымақтастық жобаның жүйелі мәселелерін анықтауға, өңір дамуына шетелдік инвесторларды табуға және өңдеу өнеркәсібінің мәселелрін шешуге мүмкіндік береді», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов.

 Жиын соңында «Атамекен» ҚР ҰКП, Жамбыл облысы әкімдігі, «АЛМЭКС» холдингтік тобы және «Бәйтерек Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ арасында төртжақты келісімге қол қойылды. Келісім аясында әр жобаны қолдау мүмкіндігіне қатысты егжей-тегжейлі мониторинг жүргізілетін болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер