astana-view

«Атамекен» Атырау облысының Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасын әзірлеуді ұсынды

2018 жылғы 04 Маусым
4799 просмотров

Бұл ұсыныстар облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың жетекшілігімен өткен жиын барысында айтылды. Іс-шараға «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері, облыс белсенділері мен кәсіпкерлер қатысты. Кездесу «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың бастамасымен өтті. Ұлттық палата басшысы өңірге жұмыс барысымен өткен аптада келген болатын.

Кездесуде Эльдар Жұмағазиев Атырау облысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту маңызды бағыт екені айтып, күн тәртібіне өзекті екі мәселені шығарды. Біріншісі – өңірде балық шаруашылығы саласын тежейтін факторлар, екіншісі – облыс келешектігіне егжей-тегжейлі скрининг өткізу.

Жергілікті балықшыларды мазалайтын мәселелердің бірі – балық аулаға берілетін квоталарға байланысты. Олардың айтуынша квоталар жылдан жылға тұрақсыз беріліп, әрі оларды бөлу науқаны ашық емес жүргізіледі. Жиын барысында бұл тақырып қызу дау туғызды. Өз кезегінде «Қазақ балық шаруашылығы» ЗТБ өкілі «ойын шарттарын» ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі белгілейтінін айтты.

 «Мәселен екі түрлі ұйым квота алады делік. Бірінде ережеге сәйкес жабдық, штатында білікті қызметкерлер бар, ал екінші кәсіпорында ештеңе жоқ, яғни қағаз жүзіндегі жалған фирма, бірақ екеуі бірдей деңгейде квота алады, осыны қалай түсіндіресіз? Бұл мен алған ақпарат. Мұндай тәртіп болмауы керек. Бұл  буынды («Қазақ балық шаруашылығы» ЗТБ – ред) алып тастау үшін  Өмірзақ Естайұлы Шөкеевтің алдында да мәселені көтеремін», – деді Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.  

 Мәселені шешудің қорытындысы ретінде қатысушылар балық шаруашылығын даму бағдарламасына қосу керек деп шешті.

 «Балық бойынша мәселелерді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаевқа жеткіздік. Жуық арада саланы дамыту бойынша арнайы бағдарлама әзірленетін болады. Аталған бағдарламаны әзірлеу бойынша жұмыс тобына Атырау облысы өкілдерін қосуды ұсынамын. Сонымен қатар жергілікті бизнестің ауыл шаруашылығында қандай саланы дамыту жөн, өнімінң қандай көлемін өндіру керек, дайын өнімді қайда экспорттауға болады деген сынды көп сауалы бар. Былтырдан бері «Атамекен» осы бағытта скриниг жүргізіп келеді, аталған талдауды жүргізу бизнестің барлық сауалдарына жауап беруге  мүмкіндік береді», – деді Эльдар Жұмағазиев.

                             

Жалпы Атырау өңірінде ауыл шаруашылығының Жалпы өңірлік өнімге қосқан үлесі аз, 1%-ды ғана құрайтынын «Атамекен» ҚР ҰКП АӨК және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев хабарлады. Ал аталған үлесті айтарлықтай өсіру үшін өңірдің барлық мүмкіндігі мен жағдайы бар.

 «Алайда саланы дамытуда  кедергі келтіретін бірқатар фаторлар да бар, оларды бірігіп шешу керек. Біріншіден, суару бойынша инфрақұрылымның жетіспеуі. Салыстыру үшін: Атырауда судың құны Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда 4 есе қымбат. Осы фактор мал шаруашылығын дамытуды тежейді...Сондықтан  5 жылдық кезеңге Атырау облысының Агроөнеркәсіп кешені дамыту өңірлік бағдарламасын әзірлеу мен бекіту маңызды болып отыр», – деді Ербол Есенеев.

 

Палата өкілі Агроөнеркәсіпті дамыту бағдарламасы бойынша  бірқатар ұсыныстар жасады. Арнайы агро аймақтарды құру,  отарлы мал шаруашылығын дамыту және субсидиялауды аудандастыруды бағдарламаға қосу ұсынылды.

Осыған байланысты «Атамекен» ұзындығы 150 км құрайтын Қиғаш өзенінен Жанбай ауылына дейін су арнасын салуды ұсынды. Бұған қоса жер асты суларды зерттеу және су қорына егжей-тегжейлі бағалау жүргізу керек екені айтылды.

«Біздің ойымызша бұл даму жолындағы  үлкен ресурс болмақ», – деді Ербол Есенеев.

 Атырау облысы шаруа қожалықтарының басшылары су арнасын салу бойынша ұсынысты бір ауыздан қолдады.

 «Өзім ауыл шаруашылығы саласының маманымын, әкем мал шаруашылығымен айналысқан. Ертеректе су болған, қазір жоқ. Су арнасын салу ұсынысы өте дұрыс шешім. Исатай ауданыда ұзындығы 70-80 км болатын жаздық су арнасын салса да көп мәселе шешілер еді», – деді «Мутиев Б.Д.» шаруа қожалығының басшысы Биғали Мутиев.

 

 

Сонымен қатар Ұлттық палата өңірде ет өңдеу комбинатын, жем-шөп өндіру бойынша кәсіпорындарды салу және балық саласын дамыту бойынша ұсыныстар жасады.

 

  Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев «Атамекен» жасаған ұсыныстармен келісіп, оларды әзірлеуге дайын екенін хабарлады. Әкімнің айтуынша, мемлекеттік органдар мен «Атамекеннің» алдында тұрған басты міндет – бизнес үшін бірлесіп жағдай жасау.

 «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірігіп әр ауданның әлеуетін анықтап алу керек. Өз тарапымыздан қажетті көмекті беруге дайынбыз. Ербол Есенеевтің су арнасын салуға қатысты жасаған ұсынысы кезінде мен алған ақпаратым бойынша жер асты Бали мен Жаңасу сулары жоғары минералды болып шыққанын айттым, яғни олар қолдануға жарамсыз. Ал енді басқа жағдай орын алып отыр. Демек, біздің мәліметтер дұрыс емес. Біз бұл жұмысты өте мұқият жүргізіп, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы проблемаларды шешуге барынша күн салуымыз қажет», – деді облыс басшысы.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер