astana-view

«Атамекен» квазимемлекеттік компаниялардың ақшасын экономиканың нақты секторына бағыттауды ұсынды

2018 жылғы 07 Маусым
5220 просмотров

ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында «Атамекен» ҚР ҰКП басшысы Тимур Құлыбаев шағын және орта бизнеске несие беру жүйесін қайта қосу шаралары жайлы баяндады. Шағын және орта бизнеске несие бөлінбесе, кәсіпкерліктің алдағы дамуы мүмкін емес.

«Ірі банктерге сауықтыру жүргіздік, оған шамамен 3 трлн теңге салынды, бірақ несиелеу мәселесі әзірге ашық күйінде қалып отыр, себебі банктер тарапынан ұзақ мерзімге қаржыландыру қарастырылмаған, оларда мұндай мүмкіндік жоқ, тек қысқа өтімділік бар. Шетелдік несиелеуді әлдеқашан қолданбаймыз. Ұзақ мерзімге қаржы алудың екі жолы бар. Бірі – халықтың депозиті, бірақ мәселе депозиттердің жартысы доллармен сақталғанында және мұнда біз ұлттық валютаға деген сенімді арттыруымыз керек. Екіншісі – заңды тұлғалардың – квазимемлекеттік сектордың депозиті. Бұл депозит шамамен 6 трлн теңге, олардың барлығы да қысқа мерзімді және экономиканы модернизациялаудың негізгі қор жинақтауына айнала алмайды», ­– деді Тимур Құлыбаев.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы депозиттердің пайызынан да пайда тауып отырған квазимемлекеттік сектордағы қаржы саясатының тиімділігіне күмән тудырды. Ұлттық палата басшысы әрдайым қаржы қоры бар квазимемлекеттік сектордың қаржылық жағдайын тексеруді ұсынды. Мұнымен қоса, бұл компаниялар ең басында экономиканы әртараптандыруға арналған даму институттары ретінде құрылғанын еске салды.

Тимур Құлыбаев квазимемлекеттік компаниялардың депозиттерін ұзақ мерзімді өтемділік ретінде қолдану мүмкіндігін зерттеуді ұсынды. Бұл Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражатына да қатысты, себебі әуел баста бұл ұйымды қор нарығы үшін ұзақ мерзімді қаржы көзіне айналдыру жоспарланған.

«Қор нарығы тоқтап тұр, ол да жоқ, қор нарығы үшін ресурстар да жоқ», – деп нақтылады Тимур Құлыбаев.

Сонымен қатар «Атамекен» Төрағасы Ұлттық палата мен «Самұрық-Қазына» қорының ҚР Үкіметінің жанынан «жобалық кеңсе» құру мүмкіндігі туралы бірлескен жоспары жайында хабар берді. Бұл кеңсе экономиканы модернизациялаудың жүйелі мәселелерімен айналысатын болады. Ұзақ мерзімді ақша осы үшін қарастырылған және Қазақстанның даму банкі, «ҚазАгро», «Даму» секілді қаржы институттарында бар. Олардың қызметтері ұқсас болғандықтан, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы барлығын «бір терезеге» біріктіруді ұсынды.

«Қазір жұмысты үйлестіргіміз келеді, Үкіметке осындай ұсыныс береміз. Қызметтері ұқсас, оның үстіне, мысалы «ҚазАгроның» еншілес 5 компаниясы бар, олар бір ғана қызметті атқарады», – деп атап өтті Тимур Құлыбаев.

Мұнымен қоса, осы жердегі ақшаны агроөнеркәсіп кешеніне несие беруге бағыттауға болады. Коммерциялық банктер агроөнеркәсіп кешені үшін несиені амалсыздан беріп келеді.

«Әрине ірі ауыл шаруашылығы құралымдары бар, бірақ қазір ауыл шаруашылығы өнімдерінің жартысынан көбі қосалқы шаруашылықта өндіріледі. Мұны ескермеу мүмкін емес, себебі халықтың 43%-ы ауылда тұрады. Шынымен де халықты, ауыл жастарын жұмыспен қамту үшін, оларға сол жерде жақсы өмір сүруге және жұмыс істеуге жағдай жасау үшін шағын несиелеу жүйесін кеңейтуді жалғастыру керек – ол бізде бар. Біз кәсіпкерлікке қажетті оқыту, маман таңдап алу, бизнес-жоспардың техникалық-экономикалық негіздемесін дайындаудан бастап, шағын несие алуға, одан кейін сүйемелдеуге дейінгі қажетті қызметті ауылда да алу мүмкіндігін жасауды қалаймыз», ­– деді «Атамекен» ҰКП басшысы.

Оның айтуынша, ұсынылатын шаралардың тиімділігі «Бастау» жобасын жүзеге асыру нәтижесімен дәлелденеді. Бұл жоба арқылы жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жеке кәсіптерін аша алды. Тимур Құлыбаев ауылда кәсіпкерлікті дамытудың тиімді жолы жеке қосалқы шаруашылықтардың кооперациясы екенін атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер