astana-view

Алтынсарин ауданындағы 15 кәсіпкерге жер телімінен айырылу қаупі төнді

2018 жылғы 12 Маусым
- Қостанай облысы
6637 просмотров

Алтынсарин ауданында «Обаған Құс» ЖШС директоры Сам Малышев асыл тұқымды мал өсіретін репродуктордың құрылысына 800 млн теңге қаржы салған. Алайда жер учаскесін беру туралы келісімшарттың бұзылатындығы туралы хабарлама алған, бұл оның бизнесіне тұтастай қауіп төндіріп тұр.

Осындай жағдайға Алтынсарин ауданындағы тағы 14 кәсіпкер ұшырап отыр. Қостанай облысы кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі осы мәселеге қатысты Силантьевка ауылында көшпелі отырыс ұйымдастырды.

«Прокуратура органдары әкімдіктердің жер қатынастары саласындағы заңнаманың талаптарын орындауына тексеру жүргізгені анықталды, – деді Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Самат Сәдуақасов. – тексеру қорытындысы бойынша заң бұзушылықты, оның ішінде елдімекен аумағында нысан құрылысын жүргізуге аукционсыз жер беруді жою туралы ұйғарым шығарылған. Осыған байланысты жер қатынастары бөлімдері бизнес субъектілеріне жер учаскесін беру туралы келісімшартты бұзу шараларын қабылдаған. Алтынсарин ауданы бойынша 15 кәсіпкердің мүддесі қозғалса, Қостанай қаласы бойынша – 63».

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының ұстанымы – аукцион жер учаскесін берудің бір формасы ғана, міндетті шарт емес. ҚР Жер кодексінің 48-бабы 4-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы орган жер учаскесін сатушы ретінде болады, қандай жер учаскесін аукционға шығару керектігін, ал қайсысын ҚР Жер кодексінің 44-1 бабына сәйкес беретінін өзі анықтайды. Бұл келісімшартты бұзудың негізі жоқ екенін білдіреді.

Дегенменен ұйғарым бар, кәсіпкерлер алаңдап отыр.

«Бізге құрылыс жүргізуге заңмен рұқсат етілді. Барлық процедурадан өттік. Мал шаруашылығын дамытуға арналған үлкен жобаны қолға алдық, пішен ектік, ауылда жаңа жұмыс орнын аштық. Миллиондаған қаржы құйылды. Енді аяқ астынан жерді қайтару деген түсініксіз. Жер учаскесі заңнамаға сай берілді деп есептейміз», – дейді «Агролидер и К» ЖШС заңгері Фарида Башпаева.

«Обаған Құс» ЖШС жерге қатысты жұмысқа 160 млн теңгеден астам қаржы құйған. Бұл сомаға жабдыққа кеткен қаражат қосылмайды. Мұнымен қоса кәсіпкер асыл тұқымды репродуктор қаржысын инвестициялауға дайын Ресей және Нидерланды компанияларымен келіссөз жүргізіп қойған.

«Осы жауапкершілігі шектеулі серіктестер төлейтін салықтың есебінен ауыл күн көріп отыр, – дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облыстық департаменті басшысының орынбасары Асхат Ескендіров. – Облыс әкімі мен облыстық прокуратураға жүгіну керек деп есептеймін. Егер мәселе қазір шешілмесе, мұндай жағдай өзге өңірлерде де орын алады».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер