astana-view

Қостанайда киіз үй жасау отбасылық бизнеске айналған

2018 жылғы 25 Шілде
- Қостанай облысы
9232 просмотров

Ерлі-зайыптылардан неліктен көп күш жұмсалатын бизнестің түрін таңдағандарын сұрағанда, отағасы Дәркенбай Санай бірден «Ата-бабамыз жасағанды істей алуымыз керек» деп жауап береді. Қостанай ауданы Заречный ауылының тұрғындары бұл істе шебер-ақ. Отбасы мүшелері тұтас жұмыла кірісетін кәсіптің нәтижесі жақсы. Қолдан жасалған киіз үй Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарайды.

Дәркенбай Санай 1992 жылы Моңғолиядан Қостанай облысына ата-анасымен бірге қоныс аударған. Осы өңірде өсіп, білім алып, отбасылы болған. Жеке кәсіппен айналысу туралы қарастырғанда бірден киіз үй жасауды қолға алған.

«Біз түп тамырымыздан алшақ кетпеуіміз керек. Жастар дәстүрді, салтты білуі керек. Киіз үй – жай ғана баспана емес, бұл ұлттық мұра. Соңғы уақытта сұраныс артқаны қуантады. Бүгінде тек мерекеде ғана тапсырыс бермейді. Аулаларына қоятындар көп – бұл әдемі әрі ыңғайлы. Сондай-ақ демалыс базаларынан да тапсырыс түсіп жатыр», – дейді кәсіпкер.

Ал жары Ақмарал Молдахметова жолдасын қолдап келеді. Жеке кәссіп бастауға асқан жауапкершілікпен қараған. Отағасы технологияға жауап берсе, жары бизнес-процесті реттеуді қолға алған. Кәсіпкерлік негіздерін игеру мақсатында «Бастау» жобасын таңдаған. Курсты аяқтағаннан кейін Ақмарал Молдахметова жеңілдетілген шартпен 2,5 млн теңге несие алған. Бұл қаражат материал алуға жұмсалған. Кәсіпкердің айтуынша киіз үйдің сапалы әрі ұзақ уақыт пайдаланылуы үшін оның негізгі материалынан аянбау керек.

Ауыр жұмыстың барлығына ер азаматтар жауапты. Ал әйелі мен анасы киіз үйдің безендірілуін, жабдықталуын қамтамасыз етеді. Әбзелдерін ұлттық ою-өрнек салып дайындайды.

Тапсырыс берушілердің қалаулары әртүрлі. Сондықтан 6 қанатты шағын киіз үйден бастап 16 қанатты үлкен үй жасауға дейін меңгерген.

«Тиімділік тұрғысынан қарасақ, бизнес өте ерекше. Киіз үйдің өзіндік құны жоғары әрі дайындалуына да ұзақ уақыт кетеді. Егер екі айда бір киіз үй сатсақ, соның өзі жақсы көрсеткіш. Табысымыз тұрақты, шағымданар жайымыз жоқ», – дейді Дәркенбай Санай.

Кәсіпкер отбасы киіз үйді сатып қана қоймай, жалға да береді. Наурыз мерекесінде киіз үйлерді барлық ауданда табуға болады. Көктемде ғана емес. Жылдың басқа мерімдерінде де сұраныс бар. Корпоративтік кештер, үйлену тойы мен басқа да жиындарға сұрататындар баршылық.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер