astana-view

Шаруаларға субсидия неге бөлінбей отыр?

2018 жылғы 31 Шілде
- Ақтөбе облысы
6824 просмотров

Ақтөбе облысындағы 600 шақты шаруа қожалығы қолданыстағы ережеге сәйкес мал басы көбеюіне мемлекет тарапынан берілетін субсидияны ала алмай отыр.

Бұл мәселе Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес барысында талқыланды. Асыл тұқымды мал шаруашылығына арналған субсидиялау бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдау шараларының қол жетімсіздігіне қатысты түйткілді мәселені Өңірлік кәсіпкерлер палатасының заңгерлері көтерді.

Осыған дейін ӨКП сарапшыларына субсидия ала алмай жүрген өңір шаруалары өтінім жасаған. Жем-шөп бойынша субсидияны 5-6 шаруа және фермерлік қожалықтар алса, ал асыл тұқымды мал шаруашылығын жүргізіп отырған 600-ге жуық шаруа қожалық мал басы көбеюіне арналған көмек қаражатты ала алмай отыр. Субсидияның жалпы сомасы 504 млн теңгеге тең.

 Субсидияға өтінімдерді шаруалар электронды портал арқылы биыл көктемде берген.

«Фермерлерге субсидия «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау»  бағдарламасына аясында бағытталған қаражаттың болмауы себепті берілмеген. Осы ретте аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдері де осы бағыт бойынша өтінімдерді тіпті қабылдамай отыр. Негізінде аудандық бөлімдері  мұндай өтінімдерді қабылдап, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жөнелтулері қажет болған. Ал облыстық басқарма осындай құжаттарды жинап, бюджеттік комиссия қарауына аталған бағдарлама бойынша қосымша қаражат бөлу туралы ұсыныс жасауға тиіс, өйткені, бағдарлама қазіргі таңда өз күшін жойған жоқ. Шаруаларға субсидия бөлінуі керек, біздің өңірде мал шаруашылығы басымдыққа ие сала болып отыр. Сондықтан асыл тұқымды мал басын көбейтіп отырған шаруалар осы субсидияға үміт артқан, күткен. Бұл мәселе бюджеттік қаражатты жауапсыз бөлуден орын алып отыр», – деді ӨКП бөлім бастығы Нұрлан Махамбетов.

   Белгілі болғандай, Ауыл шаруашылығы басқармасы биылғы жылдың сәуір айында 18.01.2018 жылдағы №19 «Ақтөбе облысында мал шаруашылығын дамытуды мемлекеттік қолдау туралы» «Ақтөбе облысы әкімдігінің Қаулысына өзгертулер енгізу туралы» қаулы қабылдаған. Осы құжат аясында бағыттар бойынша қаражаттар қайта бөлінген, яғни келесі бағыттар бойынша қаржыландыру азайтылды: тауарлық жануар бойынша етті бағытта асыл тұқымды және селекциялық мал басын өсіруді жүргізу; асыл тұқымдыққа етті бағытта асыл тұқымды және селекциялық мал басын өсіруді жүргізу; асыл тұқымдыққа сүтті, етті-сүтті бағытта асыл тұқымды және селекциялық мал басын өсіруді жүргізу; 400-450 килограмға дейінгі бастан бастап тірі салмақтағы бұқашықтарды бордақылау шығындарын арзандату.

Осылайша 2017 жылы қосымша субсидиялауды жалпы көлемі 307,4 млн теңге қаражатқа 607 шаруа қожалығы субсидия алды.

 Әкімдіктің қабылдаған қаулысы кезеңінде (2018, сәуір) ірі қара мал төлдеуі аяқталмаған болатын, демек субсидия алуға өтінімдерді шаруалар бере алмаған. Кеңес отырысында Ауыл шаруашылығы облыстық басқармасынан келген өкілдің айтуынша қаражатты қайта бөлу, субсидиялардың кейбір салаларында қаржыландырудың төмендетілуі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан  мал шаруашылығын субсидиялауға арналған «жаңа» ережелерді шығаруын күтумен түсіндіріледі, жаңа ережелерде асыл тұқымды мал өсіру жұмысы мен жем-шөпке субсидиялар толығымен алынып тасталады. Осындай жағдай орын алғандықтан ауыл шаруашылығы басқармасы жергілікті бюджеттен бұл бағытқа қосымша қаражат сұратпаған.

 Талқылау қорытындысы бойынша Ауыл шаруашылығы басқармасына, бағдарлама әкімшісіне асыл тұқымды мал өсіру мен селекциялық жұмысты жүргізуге бақытталған субсидияларды алу үшін жергілікті бюджетке қосымша қаржы бөлу туралы өтінім жасау ұсынылды.

 Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Панабек Бимуратов субсидиялауға осыған дейін өтінім берген шаруалар бағдарлама аясында көмек-қаражатсыз қалмайтыны жайында хабарлады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер