astana-view

Алғадағы «Бастаудың» алғы бастамасы нәтижелі

2018 жылғы 02 Тамыз
- Ақтөбе облысы
5368 просмотров

Жұмыссыз азаматтар «Бастау» жобасы арқылы кәсіпкерге айналып жатыр. Аз уақыттың ішінде Алға ауданында екі жоба аз қаражатпен-ақ толықтай іске қосылды. Сол жобаның бірі – ағылшын тілі курсы. Қытайдан келген қазақ Тілеухан Әліп ашып отыр

Тілеухан Әліп 36 жаста. 2006 жылы атажұртқа қоныс аударғалы кәсіпсіз отырмаған. Ағылшын және қытай тілдерін меңгергендігінің септігі тиген. Шетелдік компанияларда жұмыс істеген. Тілеухан Қытайдағы аграрлық колледжде білім алған, тіл курстарын өткендігі туралы бірнеше сертификаты да бар.

Жеке тіл орталығын ашу орындалмас арманның бірі болғанын жасырмайды. Бірақ бұл идея «Бастау» арқылы бір айлық курстан кейін іске асты.

«Қайтадан партаға отырдым. Бизнес-тренер Жайық Низамутдиновтің дәрісі мен кеңесінің арқасында идеяны іске асырдым. Аз қаражатпен жеке кәсіп ашуға болады деп ойламаған едім. Менің есебім өте жоғары болады. Несиені қайдан аламын, оны қайтаруға шамам келе ме деп көп ойланатынмын. «Бастау» бар қорқынышты сейілтті. Тіпті несие де алмадым, жеке қаражатыма аштым. Бар болғаны 120 мың теңге. Мұның барлығы да сауатты бизнес-жоспардың негізінде бизнес-тренермен бірге атқарылған жұмыстың нәтижесі», ­­- дейді Тілеухан Әліп.

Бастапқы кезеңге кәсіпкер кабинетке қажет жиһаз бен оқу материалдарын сатып алған. Орынжайды жалға алып бастаған еді, кейіннен «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы мен жерігілікті әкімдік қолдау көрсетіп, тегін кабинет бөлді. Кәсіп бастаған үш айдың ішінде әлеуметті жауапкершілігі мол кәсіпкер ретінде танытқан Тілеухан Әліп белгілі бір санаттағы балаларға жеңілдікпен оқуға ммүкіндік жасады.

«Менің атамекенге деген құрметім мен сүйіспеншілігім қайнап жатыр. Қазақстанның өскелең ұрпағын тәрбиелеуге үлес қосқым келеді. Ал «Атамекен» осы мүмкіндікті сыйлады. Қазір 50-ге жуық бала білім алып жатыр. Күніне 3 топты оқытамын. Кешкі уақытта ересектер келеді. Келесі жылы мүмкін несие алып, кәсіпті ұлғайтамын деп ойлаймын. Болашақта қытай тілінің курсын да ашқым келеді. Осылайша толық тіл орталығы ретінде жұмысты қалыптастыруға болады», - дейді кәсіпкер.

Тілеухан Алға ауданында бірінші рет іске асырылған «Бастау» жобасының алғашқы легінде білім алды.

«Алға ауданы бойынша 295 адамды оқыту жоспарланған, екі лекте 90 тыңдаушы білім алды. Оның 16-сы жобаларын сәтті қорғады. Жобалар негізінен ауыл шаруашылығына қатысты. Қазіргі таңда 3-лек өтіп жатыр, онда 48 адам білім алуда. Жалпы үй шаруасымен айналысатын әйелдер мен орта және жоғары білімі бар жұмыссыз жастар оқуға ниет білдірген», - дейді Кәсіпкерлер палатасы Алға аудандық филиалының директоры Айболат Манепов

Ал Эльмира Бауыржанқызы үш жыл бойы бала күтімімен үйде отырғандықтан кәсіби мамандығынан қалыс қалды. Алматыда туып-өскен әрі жұмыс істеген оның тігінші, үлгілеуші, тігін ісі бойынша маркетолог мамандығын иегерген 3 білім бар. Алматыда шағын шеберханада тігінші болып бастаған ол бірте-бірте мансап жолымен өсіп, «Еркенұр» кәсіпорынында, «Толстушка» журналында жұмыс істеп, тігіншілерді дайындау сабақтарында қосымша дәріс те оқыған. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша жұмыссыз азаматтарға тігін тігу, пішуді үйреткен. Осындай тәжірибесімен Ақтөбе облысы Алға қаласына отбасылық жағдайына байланысты қоныс аударған.

«Қолымның икемі жоғалмады, тапсырыс та болды. Бірақ баламен отырып тігінмен айналысу қиын. Ал тігін шеберханасын ашуға қаражат жағы қысады. Курс жайлы білген соң бірден оқуға жазылдым. Аз уақыттың ішінде қаражат та алдым ­– 500 мың теңге. Аз болса да бизнес тренерлер аз қаражатпен бастауға кеңес береді. Ашылғанына 2 ай болса да тұрақты клиенттер қалыптаса бастады», - дейді тігін цехының иесі Эльмира Бауыржанқызы.

«Бастау» түлегі қажетті жабдықтарды алып, істі бастап кетті. Әзірге өзі пішуші, өзі тігуші, барлығын да бір өзі атқарады. Арнайы киімге де тапсырыс түсіп жатыр. Ұлттық киім тігу тәжірибесі де бар.

«Тері, тонмен жұмыс істемеймін. Оған арнайы машина керек. Несиені жапқан соң, көбірек сома алып, жеке орынжай мен қажетті құралдарды алғым келеді. Өз брендімді шығарсам, электронды дизайн жасауды іске қоссам деген ой да бар. Жеке кәсіпкерлікті тігін өндірісіне дейін көтеруді, тігінге үйретуді армандаймын», - дейді кәсіпкер.

«МЭП» жеке кәсіпкерлігін тіркеуге Алға аудандық филиалының мамандары көмектескен. Сондай-ақ бухгалтерлік, заңгерлік сүймелдеу жұмыстарын да көрсетеді.

Бүгінде Алға ауданында 1871 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, оның 90% белсенді жұмыс істейді.

«Ауданда 611 шаруа және фермерлік қожалық бар, 530 мың гектар жерде жұмыс істейді. Кәсіпкерлер мал және өсімдік шаруашылығымен айналысады. Сонымен қатар «Актеп» ЖШС, «Парижская коммуна» ЖШС, «Ақ құс» фабрикасы сынды ірі кәсіпорындарды да атауға болады. Ауданның әлеуеті жоғары. Биылғы «Бастау» жобасының нәтижесі жақсы болады деген үміттемін», - дейді Алға аудандық филиалының директоры Айболат Манепов.

Ақтөбе облысында «Бастау» бойынша 2231 адамды оқыту жоспарланған. Кемінде 446 тыңдаушының жобасы сүймелденеді. Қазіргі таңда облыстағы 12 ауданда оқытудың 2 легі аяқталды. 797 адам оқытылып, 287-сі жобаларын қорғады. Жалпы 171 млн теңге сомасындағы қаражатты 61 адам алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер