astana-view

Кәсіпкерлер палатасы құрылысшыларға құрмет көрсетті

2018 жылғы 10 Тамыз
- Ақтөбе облысы
5728 просмотров

Бүгін Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасында өңіріміздің құрылыс саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтауға арналған салтанатты жиын өтті. Шара барысында Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасының басшылығы осы салаға қосқан үлесі және белсенді ынтымақтастық үшін өңірдің 40-қа жуық құрылыс компанияларының, кәсіпорындар мен салалық ұйымдарының өкілдерін алғыс хаттармен және «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен марапаттады.

«Қоғамымызға қажетті баспана, балабақша, мектеп пен ауруханаларды салатын –құрылысшылар. Көпшілік үшін баспана мәселесі әлі де өзекті. Сондықтан құрылысшы – әлеуметтік маңызды мамандық. Қаламызда күн сайын жаңа әсем ғимараттар сіздердің қолдарыңызбен бой көтеруде. Сіздердің осы ерен еңбектеріңіз үшін алғыс білдіреміз», – деді Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов құттықтау сөзінде.

«Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен құрылыс саласына елеулі үлес қосқан, халықаралық, республикалық бағдарламаларды жүзеге асырған, құрылыс саласына жаңа буын даярлаған немесе халықаралық қатынастарды орната білген жоғары білікті мамандар марапатталады. ҚР Инвестиция және даму министрлігінің шешімімен Ақтөбе облысы бойынша биыл осындай құрметке «СК Ақтөбе» ЖШС бөлім бастығы Серік Мейірбеков және «СНПС – Ақтөбемұнайгаз» АҚ құрылыс басқармасының бас инженері Асылбек Маханов лайық деп танылды.  

Серік Мейірбеков – өмірін құрылыс саласына арнаған тәжірибелі маман.  Қаламыздағы көптеген ғимараттарда Серік Мұқышұлының алақанының табы бар. Сонымен қатар, ол «Нұрсити», «Батыс-2» аудандарындағы тұрғын үйлерді салуға атсалысқан. Қазіргі кезде ол құрылыс саласына жаңадан келген жастарға қиын да қызықты мамандықтың қыр-сырын үйретуде.

«Құрылысшының өз еңбегінің нәтижесін көру бір бақыт. Сондықтан, жас мамандардың бұл салаға келуге қорықпауы керек. Бүгінде құрылыс салу ісі айтарлықтай жеңілдеді, жұмыс барысы толықтай автоматтандырылған. Жақсы құрылысшы болу үшін ерінбей еңбек ету керек»,-дейді кәнігі құрылысшы. 

Қазақстандағы құрылысшылардың кәсіби мерекесі Ел Президентінің жарлығымен бекітілген. Бізбен бірге бұл мерекені тамыздың екінші жексенбісінде Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан және Украина елдерінде атап өтеді. Биыл қазақстандықтар Құрылысшылар күнін 12 тамыз күні тойлайды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер