astana-view

«БЖК-2020»: Сервистік қолдау 7,6 мың жаңа жобаны ашуға көмектесті

2018 жылғы 14 Тамыз
9920 просмотров

Осы жылдың алты айында 37 мың кәсіпкерге қызмет көрсетілді. «Атамекен» сервистік қолдауды онлайн-форматқа көшіреді.

Бүгін ҚР Үкіметі отырысында «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті дамыту және қолдаудың мемлекеттік бағдарламасының орындалуы мен өзектілігі туралы мәселе қаралды. Онда  ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарама Төрағасы Абылай Мырзахметов  осы кезге дейін атқарылған  шаруалардың ретімен жан-жақты түсіндірді.

Ол өз сөзінде «Бизнестің  жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасының нәтижелері, еліміздегі кәсіпкерлікке ден қойып жатқан азаматтардың санының өскендігі,  қаржыландыру механизмдерінің жұмыс барысы, кәсіп бастаған немесе іс басындағы кәсіпкерлердің біліктілігін жетілдіруді ары қарай жалғаса беретіндігін мәлімдей келе:

«2014 жылдан бастап «Атамекен» ҰКП  «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 4-ші бағытының  операторы болып мемлекеттік тапсырыс арқылы тағайындалды. 4 жылдың ішінде 200 мыңнан астам жаңадан жұмысын бастап жатқан және іс басындағы кәсіпкер тыс қалмай қызмет алды»-деп нақты атап өтті.

Жыл басынан бері тегін сервистік қызметті 37 мың кәсіпкер пайдаланды. 12 мың адам  «Іскерлік байланыс»  және «Бизнес-мектеп» жобасы бойынша білім алды. 11  шетелдік эксперт  өндіріс ошақтарында тікелей консультациялар жүргізді.

«Нақты айтсақ, 7600 жаңа кәсіпорын ашылды. 11 мыңға жуық жобаның аяққа тұруына осы 4-ші бағдарлама арқылы қолдау көрсетілді. Осы жылдың алты айында 37 мың кәсіпкерге қызмет көрсетілді. Бұл жылдық жоспар еді, оны орындадық. Әрине бұл бағдарламаның кәсіпкерлерге керектігін, оның потенциялының қуаттылығын көрсетеді. Тағы 8 бағытта қызметтерге келсек оның 4-і кәсіпкерлердің өтініш-талаптарына дөп келіп отыр. Негізгілері- бизнес жоспар дайындау, маркетинг, салық, құқықтық саладағы қолдау көрсету. Оның ішінде 8 бағытта 61 тегін қызмет көрсетіледі»-деді А.Мырзахметов.

2018 жылдан бастап Ұлттық палата Atameken Services  онлайн-платформасы арқылы мемлекеттік қолдау шараларын, бизнес-процесті оңтайландыруды қолға алған. Онлайн-платформа іске қосылған сәттен бастап 1000  нан астам кәсіпкер қызмет түрлерін үйден немесе офистен шықпай-ақ көріп отыр.

«15 маусымнан бастап Астана толықтай автоматтандырылып, онлайнға көшті. Сонымен қатар біз аймақтарда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды ескеріп, кәсіпкерлердің өтініші бойынша автоматтандыруды онлайн түрінде, интернет желісінде, келіп алу мүмкіндіктерін қарастырдық. Оның үстіне жоғарыда айтылған 8 бағыттың үшеуін келіп алса, бесеуін онлайн жүйесінде ала алады. Қазір барлық облыстар тізім бойынша интернетпен қамтамасыз етіліп жатқандықтан алдағы 1-қыркүйекте облыс орталықтарындағы кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталықтары онлайнға көшеді, 1 қаңтардан бастап аудан орталықтары мен моноқалалардағы 189 кәсіпкерлікті қолдау орталықтарымен интернет арқылы байланыс орнатылады. «Бизнестің жол картасы -2020» мемлекеттік бағдарламасы нәтижелігін көрсетіп отыр. Еліміздегі 12 мыңға жуық кәсіпкер әсіресе өндіріс, өндіру саласындағы кәсіпкер осы бағдарлама арқылы  қамтылған»,- деді ол.

Сонымен қатар, Басқарма Төрағасы бағдарламаның жүзеге асуына қолбайлау болып отырған тақырыптарды да қамтып өтті.

«Кәсіпкерлерді қолдау мәселесіндегі несиелендіру жүйесі туралы Елбасымыз айтқан болатын. 2017 жылдан бастап  қаражат бөлу 3 жылдық жоба аясында қарастырылады. Көптеген облыстарда сұраныстың көптігінен қаржы тапшылығы байқалып отыр. 14 облыстың 11-і жергілікті мәслихаттар арқылы мәселені реттеп, кәсіпкерлерге қолдау білдіріп отыр. Ал Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола облыстарында бұл мәселе кешеуілдеп келеді. Осыған облыс әкімдері көңіл бөлсе»- деді.   

Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев  "БЖК-2020" бағдарламасы бойынша жергілікті атқару органдарымен ҚР «Атамекен» ҰКП-мен алдағы уақытта жұмыстар атқарылатынын  хабарлады.

Мәселені қорытындылай келе, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бүгінгі таңда «Бизнестік жол картасы-2020» бағдарламасы республикамыздағы кәсіпкерлікті қолдаудың маңызды құралына айналғанын атап өтті.

«Елбасы атап көрсеткендей бұл бағдарлама - мемлекеттік дәреже алды және жүзеге асырылуы бойынша жаңа деңгейге көтерілді.»-деді Бақытжан Сағынтаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер