astana-view

«Бастау» түлектерінде жүзеге асыратын идея көп

2018 жылғы 16 Тамыз
- Павлодар облысы
6378 просмотров

Павлодар облысы Успен ауданында «Бастау» жобасының 3-легі аяқталды

«Үшінші лекте 16 азамат білім алды, барлығы да бизнес-жобаларын қорғады. Оның басым көпшілігі ірі қара малын көбейтуге арналған. Мұнымен қоса, түлектер ауыл шаруашылығына арналған бизнес түрлерін таныстырды», ­ дейді бизнес-тренер Асылбек Әріпов.

Жоба түлегі Данира Жанқарина «Еңбек» бағдарламасы аясында Успенка ауылында сұлулық салонын ашу жобасымен мемлекеттік грант алу байқауына қатысуды жоспарлап отыр. Грант қаржысына құрал-жабдықтар мен салонға қажетті заттар алуға ниетті. Бизнес-идеясы жүзеге асыруға тәжірибесі де, білімі де жеткілікті. Данира осы салада еңбек еткен.

«Бастау» жобасына қатысушылардың бірі Наран Халиқанқызы құрақ көрпе тігу бизнесімен айналысқысы келеді. Ұлттық өнердің осы түрімен бала кезінен айналысады. Отбасына, туыстарына, достарына арнап тіккен. Енді кәсіпкерлік негіздерінен білім алғаннан кейін, сүйікті ісін жеке табыс көзіне айналдырып, отбасылық бюджетке кіріс келтіруді қалайды. Қазір осы кәсіп түрімен айналысушылардың көптігіне қарамастан, Наран өз ісіне сұраныс болатынына сенімді.

«Бүгінде үйлерін ұлттық нақышта әрлеуді қалайтындар  көп. Көрпеден бөлек, орындыққа қаптама, автокөлік тысын, жамылғыларды да ұлттық нақышта тігуді қалаймын», ­- дейді Наран.

Бұл ойын жүзеге асыру үшін ол да «Еңбек» бағдарламасы арқылы грант алу байқауына қатысады.

«Оқу барысында бастапқы идеяларын өзгерткендер де болды. Айталық Ергеш Салханов былтыр оңтүстік Қазақстаннан көшіп келген, бақша шаруашылығымен айналысуды қалады. Алайда «Бизнес-идея таңдау. Нарықты зерттеу», «Маркетинг негіздері» модулінен кейін өз идеясының артық-кемшін тұсын зерделеп, ауданның мамандану картасымен танысып, мемлекеттік қолдау шаралары туралы білгеннен кейін ірі қара малын көбейтумен айналысуды таңдады», - деп атап өтті Асылбек Әріпов.

Оқуға қатысушылардың бірі жақында бизнес бастауды қаласа, енді бірі кейінірек жоспарлаған, енді бірі отбасылық бизнесті ілгерілетуді ойға алған.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер