astana-view

Ләззат Рамазанова: Адам капиталы сапасы-мемлекеттің өркендеп дамуының кепілі

2018 жылғы 16 Тамыз
4361 просмотров

«Атамекен» мен  ҚР Білім және ғылым министрлігі  мектепке дейінгі және орта білім беретін жекеменшік мекемелердің мәселелерін ортақ алаңда талқылауды жоспарлап отыр.

Бүгін мұғалімдердің дәстүрлі тамыз конференциясының қарсаңында тұңғыш рет мектепке дейінгі және орта білім беретін жекеменшік мекемелердің «Балалық шаққа инвестиция» атты Астана форумы өтті.

Астанадағы № 77 жалпы білім беретін гимназия алаңына ҚР БҒМ, «Атамекен» ҚР ҰКП, мектепке дейінгі және орта білім беретін мектептердің өкілдері жиналды.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Ләззат Керімқұлқызы Рамазанова еліміздегі мектепке дейінгі және орта білім беретін жекеменшік мекемелер жылдан жылға бәсекелестік деңгейін арттырып келе жатқандығын, соңғы жылдары Қазақстан білім беру саласы бойынша алдыңғы қатарда келе жатқан мемлекеттердің  сапында тұрғандығын, сонымен қатар білім саласындағы әйелдердің саны 80 пайызды құрайтындығын атап өтті.

«Біз  білім категориясы бойынша әлемдік рейтингтегі ТОП-40 елдері ішінде 35 орындамыз. Мемлекетіміздің білім секторы Орталық Азия бойынша үздік танылып отыр. Мемлекеттің болашағы технологиялық ілгерілеу мен экономикалық өсімге ғана емес, сондай-ақ адам капиталының сапасына  тікелей байланысты. Бүгінгі таңда білім беру секторы дамып келеді, оған кәсіпкерлік тың серпін беріп отыр. Сонымен қоса жекеменшік мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердің саны көтеріліп келеді, мемлекет белгілі дәрежеде қолдау жасап отырғандығы жасырын емес. Ендігі мәселе- олардың сапасының артып, бәсекелестік талаптарына сай болуында »-деді «Атамекен» ҚР ҰКП іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Ләззат Рамазанова.

Бұл саладағы шешімін таппай келе жатқан мәселер мәселелер де баршылық. Олар: жан басын қаржыландыру, 2 жастағы бүлдіршіндерді қаржыландыру, сонымен бірге жекеменшік балабақшаларда қызметкерлерге жалақы беру, коммуналдық төлемдер қызметі, жалға алынған ғимараттың қарызын жабу т.б туралы «Атамекен» ҚР ҰКП Адам капиталын дамыту департаментінің басқарушы директоры Олжас Ордабаев айтып берді.

«Білім беру- әлеуметтік жауапкершілікті талап ететін кәсіпкерлік түрі саналады. Кәсіпкерлер балалармен жұмыс істейді, олардың тәрбиесіне жауапты қарайды. Бұл өте маңызды сонымен қатар өте жауапты сала. Біз  бизнестің әлеуметтік жауапкершілік тұрғысындағы қызығушылығын жақтай отырып, дамуын қолдаймыз»-деді.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова:

«Осы форумның өтуіне тікелей қызығушылық танытып, ұйымдастырған «Атамекен» ҚР ҰКП ерекше ықыласымды білдіргім келеді. Шындығында осы күндері жекеменшік білім беру орталықтарының қоғамда белсенділігі күн сайын артып келеді. Сонымен қатар жекекәсіпкерлік секторының дамуына зор үлес қосуда. Еліміздегі білім беру мекемелерінің  60 пайызы жекеменшікте. Өңірлердегі жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырысты орындау мәселесі қарастырылып отыр»-деді.

 

«Атамекен» ҚР ҰКП Әлеуметтік сала және әлеуметтік кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Талғат Доскенов «Атамекен» туындаған мәселелердің тыңғылықты шешімін табуы үшін жүйелі түрде жұмыстар жүргізіп отырғандығын тілге тиек етті. Және бұл ауқымды іс адам капиталы сапасын арттырғанда жүзеге асады.

ҚР БҒМ кәсіпкерлік секторына жекеменшік мектептерді ашуды тапсырды. Бұл мақсатқа жету үшін «Атамекен» 1,5 жылдың ішінде мемлекеттік органдармен бірлесе отырып өзекті проблемаларды айқындады. Ұлттық палата жүргізген статистикаға сәйкес 2017 жылдың 1 қыркүйегінде еліміз бойынша 112 жекеменшік мектеп тіркелген.  

 «Европа елдерінде бұл көрсеткіш 30 пайызды құрайды. Бүгін біздегі орта білім беретін сала қамтылмай отыр. 2013 жылдан бері ҚР БҒМ  пилоттық жобаларды жылжытып келеді. Жекеменшік мектептердің тиімділігін мемлекеттік органдар назарда ұстап отыр. Жан басына шаққандағы қаржыландыруды қолға алғанда көп түйткіл өздігінен жойылады. «Атамекен» мен министрлік бірлескен жұмыс барысында заңнамалық актілерге толықтырулар енгізу керектігін анықтады. Себебі бұл кедергілер білім жүйесінің бар мүмкіндігін ашуға қолбайлау болады»-деді Бибігүл Асылова.

2018 жылдың наурызында заңдық актілерге өзгерістер енгізіліп онда жекенменшік білім орталықтары тұрғын үйлердің 1-2 қабатында орналаса алады деп көрсетілген. Алматы облысының Талғар қаласында жергілікті атқарушы билік 1200 орындық мектеп ашуды сұрайды бірақ жекеменшік мектеп ашу мемлекеттік тапсырысқа кіргізілмеген.

Осы тақылеттес мәселені жиын барысында Ақмола облысының Целиноград ауданындағы Қоянды ауылы  балабақшасының директоры Жанат Ыдырысов көтерді.

«Былтырғы жылы Астанадағы үйімді сатып қаржыны балабақша құрылысына құйған едім. Дәл қазір 20 қызметкерге айлық төлей алмай отырмын. Мен құжаттарымды тапсырдым, талаптарды орындадым. Бірақ бюджетте ақша жоқ деген жауап алдым. Мемлекеттен қолдау болмады. «Балапан» бағдарламасында бұл қарастырылған еді.Балабақша 100 балаға арналған. Енді оны жабуға тура келеді»-деді кәсіпкер.

Жиын қорытындысы бойынша айтылған мәселелер тізімделіп ҚР БҒМ тапсырылатын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер