astana-view

Бизнеске бастайтын ашық есік күні

2018 жылғы 12 Қыркүйек
- Ақтөбе облысы
8176 просмотров

Кәсіпкерлер палатасында жер қойнауын пайдаланушы компаниялар мен жергілікті тауар өндірушілерге арналған ашық есік күні өтті

Іс-шара Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен ЖАО өкілдерінің, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтың қатысуымен тауар өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы B2B кездесу түрінде жүргізілді. Кездесуге, сондай-ақ, азық-түлік, ауыз су, арнайы киім, металл бұйымдары мен тазалағыш құралдарын шығаратын жергілікті тауар өндірушілер қатысты. Жиында жергілікті өндіріс басшыларының «Восход Oriel» ЖШС және «АltynEx Company»АҚ секілді өңірдегі ірі жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен өзара әріптестік қарым-қатынас орнату және сатып алулардағы отандық құрам үлесін арттыру мәселелері  талқыланды. «Восход Oriel» ЖШС мен «АltynEx Company» АҚ өңірдегі көмір және тау-кен өнеркәсібімен айналысатын ірі компаниялар. «Восход Oriel» ЖШС кен, хром және минералдар  өндіреді. «АltynEx Company» АҚ - Қазақстандағы алтын өндіретін жетекші команиялардың бірі. Негізгі активі  Ақтөбе облысының Алтынды ауылында орналасқан «Юбелейное» кен орны болып табылады.

«Восход ориел» мен «AltynEx Company» жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың  сатып алуларға байланысты жылдық жоспарына жүргізілген анализдер бойынша олардағы отандық үлес 30% сәл асатыны анықталды.  Олардың өзге жақтан алатын кейбір тауарлары мен қызмет көрсетулерін алмастыруға біздің жергілікті өндіруші компаниялардың әлеуеті жетеді. Мәселен, Восход-Oriel компаниясы  бойынша тоқыма ілмек, жарылғыш заттар, полиэтилен құбырлар, ауыз су, дизельді отын, суытқыш сұықтықтар, фильтрлер, қолғаптар, арнайы киімдер, тазалағыш құралдар, қиыршық тастар, және тағы басқа жалпы сомасы 600 миллион теңгені құрайтын позицияларды анықтадық. Altynex Company компаниясы бойынша ауыз су, ЖЖМ, жиһаз, металл конструкциялары, қапшықтар, арнайы киім, сүт, қолғаптар, рельстер, құрылыс материалдары, химиялық заттар мен тазалағыш құралдар, және басқа да 200 миллион теңгенің тауарларын жергілікті өнімдермен алмастыруға болады», –деп атап өтті «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аймақтық директоры Нұрлыбек Мұқанов.

Сондай-ақ, ол палатаның талдау нәтижесінде жасалған өндіріс орындарындағы импорттық өнімдердің қай түрін жергілікті өніммен алмастыруға болатыны жөніндегі тізімдерін кәсіпкерлерге ұсынатындарын жеткізді. 

 Кәсіпкерлер палатасының жергілікті билік өкілдерімен бірлескен жұмыстарының нәтижесінде мемлекеттік органдар мен ірі тапсырыс беруші компаниялар өткізетін сатып алулардағы отандық үлесті бақылау бойынша Комиссия жасақталып, жан-жақты талдау жүргізілуде. Өңірлік палата 2419 шығарылатын өнім атауы бойынша  270 жергілікті тауар өндірушінің тізімін жасады. Соның ішінде, импорт алмастыру және өңіраралық кооперацияны жүзеге асыру мақсатында бірегей тауар өндірушілердің атауларын жинақтады.

«Бүгінгі күні біз Өңірлік кәсіпкерлік палатасымен және біздің сараптау тобымызбен бірге өткізіп жатқан елдік скриниг жұмыстарының одан әрі жалғасып жатқанына куә болып отырмыз. Мұнда шынайы көрініс анықталады. Мемлекеттік қолдау саласы арқылы құрылған әлеуеті бар компаниялардың нарыққа шығуларына қолдау көрсету -негізгі міндетіміз. Біз қазіргі кезде ірі компанияларға сатып алуларды жыл сайын өткізбей-ақ, жергілікті кәсіпкерлермен 5 жылдық ұзақ мерзімді келісім – шарттарға отыру туралы мәселеге назар аударуды ұсынамыз. Қазіргі кезде мұндай тәжірибе «Самұрық-қазына» холдингі базасында жүргізіледі. Осыны жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкерлер ескерсе дейміз. Бұл сіздер үшін де, тауар өндірушілер үшін де жеңіл болар еді», – деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

Шара барысында жергілікті тауар өндірушілер тұтынушы компанияларға өз өнімдерінің таныстырылымын көрсетуге мүмкіндік алды. Жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың өкілдері кәсіпкерлердің белсенділігі аз, олардың көбі өз өнімдерін насихаттауы кемшін деген уәждерін айтысты.

Ашық есік күнінің нәтижесінде ұзақ мерзімді келісім-шарт жасау рәсімдерін қайта қарау, тұтынушы компанияларға қажетті тауарларды алдын ала толық сипаттамасы мен көлемін көрсетіп, ӨКП мен ИИДБ ұсыну қажеттігі және болашақта тендерлерді екі кезең бойынша, яғни алғашқы кезеңінде отандық тауар өндірушілерді ғана қамтып, талапқа сай болмағанда шетелдік компанияларды қатыстыру туралы ұсыныстар жасалды. Сонымен қатар,  дәл осындай кездесулер болашақта сатып алу жұмыстарына тікелей қатысатын мердігерлік компаниялармен ұйымдастырылатын болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер