astana-view

Абылай Мырзахметов шетелдік кәсіпкерлерді қолдаудың тетіктері туралы айтты

2018 жылғы 13 Қыркүйек
5290 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов Анкарада өткен Қазақстан-Түркия инвестиция форумына қатысты.

Форумның негізгі мақсаты – түрік инвесторларын Қазақстан экономикасымен, бизнес әлемінің ахуалымен таныстыру, инвестиция тарту арқылы сауда-экономикалық қатынастарды нығайтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды екі елдің іскер топтарына  түсіндіру, сонымен қатар  екі ел кәсіпкерлеріне болашақта екіжақты тиімді алаң ұсыну.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов форумға қатысушыларға құттықтау сөз сөйледі.

«Ұлттық Кәсіпкерлер палатасын құрған кезде біз  Түркияның тауар биржалары мен Сауда палаталары одағы (ТБСПО) тәжірибелерін негізге алған едік. 5 жыл бұрын Елбасының қолдауымен  жұмысымызды бастағанбыз».

Басқарма Төрағасы «Атамекен» ҚР ҰКП мақсат-міндеттерімен таныстыра келе, түрік инвесторлары мен серіктестер Қазақстанда бизнес ашқан жағдайда қандай мүмкіндіктер беріліп, қандай көмектерге жүгіне алатындықтарын баяндады.

«Кәсіпкерлер палатасының мақсаты- отандық кәсіпкерлер, шетелдік инвесторларға құқықтық, экономикалық, әлеуметтік тұрғыда жағдай жасап, ыңғайлы бизнес ахуал қалыптастыру».

Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірлерінде  16 филиал жұмыс істеп тұр. «Атамекеннің» жанынан 16 салалық, оның ішінде машина құрастыру, жеңіл, өңдеу, тамақ өнеркәсібі және де басқа комитеттер құрылған. Ұлттық палата қызметі бүкіл елді қамтиды және оған қажет инфрақұрылым қалыптасқан. Сонымен қоса Ұлттық палатаның 2-3 еншілес ұйымы бар.

«Оның бірі- Қазақстанның сыртқы сауда палатасы. Бұл мекеме Қазақинвестпен біріге отырып инвесторлармен серіктестік өзара қарым-қатынасты түзу міндетін атқарады»,-деді Абылай Мырзахметов

Баяндамашы Қазақстанда одан басқа 180 аудан, олардың әрқайсысында Палата филиалдары барын айтты. Жергілікті эксперттер кәсіпкерлікке арналған толық қызметтер спектрін ұсынып, барынша қолдау білдіреді.

20 дан астам Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында (КҚКО) құқықтық, салық сонымен қатар маркетингтік және т.б. қызметтер тегін көрсетіледі.

«Atameken Services онлайн сервисін құрдық, оның көмегімен қажетті ақпаратты қазақ, орыс, ағылшын тілерінде алуға болады. Инвесторлардың ақпаратты қашықтан алуына мүмкіндік қарастырылған. Бұл өте ыңғайлы, және бұл жерде біздің мақсаттарымыз түйіскен»,-деп түсіндірді Абылай Мырзахметов.

Ол сонымен қатар, Бизнес навигатор сайты жасалып, инвесторларды тартуға қызмет көрсетіп жатқанын, Аймақтық даму картасы жұмыс жасап және ақпаратпен сәт сайын толықтырылып отыратындығын айтты. 

«Сіздер аймақтар туралы, қандай нарық бар, қайда сатуға болады, нені сатуға болады, импорт, экспорт көрсеткіштеріне қатысты барлық ақпаратты ала аласыздар. Біз бұл сервисті алдағы уақыттарда дамыта береміз», -деп ерекше атап өтті А.Мырзахметов.

Серіктестер табуда ыңғайлы әрі жеңіл болуы үшін ҰКП 8 шикізаттық емес саланың паспортын жасаған.

«Қазақстандық 2105 кәсіпорынның паспорты бар. Ол паспорттарда машина құрастыру, өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, тамақ, химия, құрылыс материалдары, жиһаз жасау салалары, кәсіпорындар, кәсіпкерлер, заводтар, кадрлар құрамы, мүмкіншіліктері туралы толық ақпарат бар»,-деді ҰКП Басқарма Төрағасы.

Ол баяндамасында әр салаға жеке-жеке тоқтап, жан-жақты түсіндірді.

«Ең бастысы- кәсіпкерлерде сұраныс болғаны керек, ал нарық бізде бар. Барлық ақпаратты біздің www.atameken.kz сайтымыздан таба аласыздар», –деп қорытындылады Абылай Мырзахметов.

Айта кетейік, Форумнан соң Түркияның биржалар және Сауда палаталар одағының президенті Рифатом Хисарчиклыоглымен кездесу болды. Тараптар Ортак Палата-Қазақстан-Түркия палатасы және «Атамекен» және ТБСПО атқаратын қызметтерін талқылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер