astana-view

Келісім шартқа «көз жұмып» қол қоюға болмайды:«Атамекенде» бизнес-серіктестер арасындағы даулардың себептері талқыланды

2018 жылғы 14 Қыркүйек
11803 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП алаңында Қайырбек Сүлейменовтің төрағалығымен кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысы өтті.

Былтырғы жылы Алматыда ірі кәсіпкер Евгений Молибогиннен бизнестегі әріптесі ақша талап еткен, қорқытып-үркітіп аяусыз сабаған, соңында қинап өлтірген. Биыл Астанада кәсіпкер Майор Авазов жол бойындағы дәмханасын мемлекеттік орган заңсыз деп танып, жапқан кезде өзіне-өзі мылтық кезеп, атып тастаған. Елімізде биылдың өзінде 3146 өндіріс ошағы банкроттыққа ұшыраған. Бизнес серіктестердің арасындағы қақтығыстар мен даулар кейінгі кездері неліктен өршіп барады? Міне осы өзекті тақырып бүгін «Атамекен» ҚР ҰКП алаңында Қайырбек Сүлейменовтің төрағалығымен өткен кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында талқыланды.

Іс-шараға ҚР Жоғарғы сотының судьясы Ақылтай Қасимов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Кеңес Әбсатиров, Айгүл Соловьева, Павел Казанцев, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов, сонымен қатар бизнес пен мемлекеттік органдар өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде кәсіпкерлердің серіктестермен, мердігерлермен және клиенттермен келісімшарттық қатынастар саласындағы құқықтарын қорғау мәселелері қаралды.

«Қазіргі таңда өндірістік келісімдердің барлық түрлері бойынша келісімшарттық міндеттерде заң бұзушылықтың саны артқаны байқалып отыр. Даулардың басым бөлігі тасымалдау саласында болған, олардың саны 6,1 есе өскен», – деп атап өтті Қайырбек Сүлейменов.

Міндеттерді дұрыс орындамаудың үлкен көлемі тауарды жеткізуде туындап отыр (3,3 есе артқан). Айта кетелік, серіктестер алдында міндетті орындамау кәсіпкерлерге ғана емес, сондай-ақ салықтың және басқа да міндетті төлемдердің бюджетке түспеуі салдарынан мемлекетке де зиян келтіреді. Бұған қоса ҚР ІІМ-мен 26 314 қылмыстық іс қаралды, ал ҚР Экономикалық зерттеулер қызметі алаяқтық әрекеттер бойынша 680 қылмыстық істі қарады. Олардың басым бөлігі бизнес субъектілер арасындағы серіктестікті жүзеге асыру кезінде алаяқтық жолымен кәсіпкерлердің мүлкін ұрлаумен байланысты.

Келісімшарттық қатынастарда туындайтын даулар мен қақтығыстарға түрткі болатын себептер мен жағдайларға талдау жасалды.

«Бизнес әріптестер көп жағдайда келісім шарттарына жауапсыз қарайды. Ал, ең бастысы, сол құжаттың әрбір бөлімі мен тармағы жан-жақты қаралмайды. Негізгі баптар үстірт, жалпылама жазылады. Соның нәтижесінде екеуінің біреуі өз міндетінен жалтарып кетеді. Сотта да оның кінәсін дәлелдеу қиын»,-деді ҚР Жоғарғы сотының судьясы Ақылтай Қасимов.

Оның айтуынша, әлемдік тәжірибеде компаниялардың заң бөлімі келісімнің әрбір тармағын зерттеп, бүге-шүгесіне дейін қарап шығады. Ондай келісім бойынша сотта шешім шығару да жеңіл. Себебі бәрі анық жазылған. Кінәлі жақты анықтап, үкімді шығару жеңіл. Бірақ бұл жерде алаяқтық әрекетті анықтау қиын. Ондай әрекет үшін қылмыстық жаза қарастырылған. Мәселен, бизнесменнің әріптесі ақшасын алып, келісімді орындамай, ол ақшаны басқа жерге жіберсе, онда бұл алаяқтыққа жатады. Дегенмен, оны дәделдеу керек. Ал серіктес ақшаны алғаннан кейін қаржы дағдарысы немесе басқа да жағдайлар болып қалады. Сонда ол алған ақшасын көбейту үшін басқа біреумен келісімге отыруы мүмкін. Осы кезде біріншісі оны сотқа береді. Бірақ ондай істерді азаматтық жолмен қараған дұрыс.

Кәсіпкер мен банк арасындағы дауда сот халық жағына шығады. Алайда кәсіпкер мен кәсіпкердің арасындағы дауларда сот билігі әркез әділ болмай жататын мысалдар да жоқ емес.

«Мен аймақтарда қоғамдық қабылдаулар жиі өткіземін. Басына түскен қиын жағдайларын айтып келетіндердің қатарында кәсіпкерлер көп. Олардың біразында сот билігіне көңілтолмаушылық байқалады. Кәсіпкер ісі жергілікті сотта әділетті қаралғанымен, республикалық сотта шешім мүлдем басқаша шыққан жайттар кездеседі»,-деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты А.Соловьева.

Кәсіпкерлер арасындағы даулар арадағы келісімшарттардың тұрақсыздығын куәландырады. Бұл экономикалық қатынастардың жекелеген салаларында нормативтік құқықтық актілерінің жеткіліксіздігімен байланысты, қолданыстағы нормалар пайдаланылмайды және кәсіпкерлер өздерінің қарым-қатынастарында тәуекелдерді басқарудың корпоративтік стандарттарын енгізбейді.

Мәселен, «Атамекен» құрылған уақыттан бастап ҰКП жүйесіне бизнесті қорғау бойынша  22 431 өтінім түскен, оның ішінде әр бесінші өтінім немесе 20% –  кәсіпкерлер арсындағы дауларға қатысты, олар жер қатынастары (12%), салық салу, әкімшілік кедергілер (9%-дан) және  сатып алулар (8%) саласы бойынша түскен өтінімдерден әлдеқайда жоғары көрсеткіш.

Көбінесе бизнес өкілдері білімсіздігінен қиын жайттарға тап келіп, алаяқтықтың құрбаны болады. ҚР ІІМ өкілі Қайрат Нұрмағамбетов 2018 жылдың басынан бері 4 млрд.теңгеге 19 278 алаяқтық фактісі тіркелгенін атап өтті. Ол бүгінгі күні келісім шартқа көз жұмып қол қоюға болмайды соңы дау-дамайға ұласатынын ескертті.

«Қазір кәсіпкерлердің көпшілігі қызмет көрсету саласында интернеттегі ақпаратқа сүйенуді жөн көреді. Тіпті жарнама берушілердің кім екенін анықтауға ерінеді. Келісім шарт жасалып, жұмыс жүргізіледі. Соңында қызмет көрсеткен мекеменің «құмда ізі қалмайды». Кәсіпкерлердің өздері де контрагентпен жұмыс жасаған кезде өте мұқият қарағаны керек»,-деді ҚР ІІМ өкілі Қайрат Нұрмағанбетов.

Келісімшарттық қатынастарда тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы жүйенің ішкі реттелмеуі квазимемлекеттік сектордағы кәсіпорындардың қызметінде де байқалады. 2017 жылы соттар квазимемлекеттік сектор субъектілері қатысуымен 2 мың азаматтық іс қаралған. Қызылорда облысы және Павлодар облысында олардың саны заңды тұлғалар мен кәсіпкерлік қызметпен айналысатын азаматтар арасындағы барлық соттық даулар көлемінен сәйкесінше 89% және 75%-ды құрап отыр.

«Қаржылық проблемалар-мемлекеттік реттеудің әлсіреуі (бақылау-реттеу функциялары, инфляция, заңнаманың өзгеруі және т.б.) нәтижесінде пайда болатын экономикалық сипаттағы проблемалар, жалдық қатынастар, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, сондай - ақ банк қызметі салаларында заңнамалық реттеудің жеткіліксіздігі және қайшы құқық қолдану шарттық міндеттемелердің орындалмауына әкеп соқтырады», – деп есептейді Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің хатшысы Батыржан Әшитов.

Сонымен бірге, ҚР АК 922-бабы редакциясының жетілдірілмеуіне байланысты заңды дұрыс қолданбау нәтижесінде залал келтіргені үшін мемлекеттік органдардың азаматтық заңнамамен белгіленген жауапкершілігі тәжірибе жүзінде қолданылмайды. Теріс пайдалану, еркін бәсекелестік қағидаттарын бұзу немесе негізсіз баю, сондай-ақ адамдардың шектелмеген тобының құқықтары мен мүдделерін қозғайтын «үлгілік» шарттардың мүдделі органдардың сараптамасынан немесе жария талқылаудан өтпейтіндігіне байланысты.

Спикер атап өткендей, кәсіпкерлік ортадағы келіспеушіліктер мен дау-дамайлардан туындайтын экономикалық шығындарды азайтуға бағытталған, жекелеген заңдармен бекітілген шаралар тәжірибеде әлі де жеткіліксіз қолданылады.

«Кәсіпкерлердің келісімшарт міндеттерін орындай алмауына мемлекеттік органдар да кінәлі. Ақша уақытында аударылмағандықтан кәсіпкерлер қызметкерлеріне қаражат төлей алмай қиналады», - дейді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов.

Кәсіпкерлер арасындағы құқықтық нигилизм салдарынан келісімшарттар дұрыс жасалмайды. Бұл проблема оларды кейін сазға отырғызады. Осы жөнінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев те өз  пікірімен бөлісті.

«Бизнес өз ісіне қалай қамқорлық жасауды білмейді және қаламайды. Кәсіпкерлер Медиация, хартия және «Атамекеннің» кодексі барынан хабарсыз. Шарт жасасудан бұрын сен не нәрсеге бара жатқаныңды анық түсінуің тиіс. Ал еліміздегі әрбір банкте бизнесті нашар білетіндер үшін мемлекеттің механизмдері мен тәуекелдері туралы жаднамалар болуы қажет», - деді Павел Казанцев.

«Атамекен» ҚР ҰКП арнайы веб базаны алдағы аптада іске қосады. «Келісімшарттар конструкторы» сайтында барлық келісімшарттардың үлгісін табуға болады.  

«Шағын және орта бизнестің өкілдері кез келген құжаттың үлгісін тегін жүктей алады. Оған қоса, келісімшартты өз ыңғайыңа қарай жасап алуға мүмкіндік бар, инструкциялары да қосымша беріледі», - деп атап көрсетті «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Р.Жүрсінов.

Рустам Жүрсіновтің айтуынша, мәліметтер базасында 500-ден астам келісімшарттың үлгісі тіркеледі.

Отырысты қорытындылай келе, Қайырбек Сүлейменов «Атамекен» осындай даулардың таралу себептерін анықтап, алдағы уақытта да назарда ұстайтынын айта келе жиында талқыланған барлық материалдарды ҚР Президент Әкімшілігі мен Үкіметке жолдаланатындығын атап өтті.

«Бүгін барлығына жауапты бизнесмен, сол үшін де ол «кінәлі». Шенеуніктер ешнәрсеге жауап бермейді. Біз бұл мәселені Бас прокуратура алаңында өтетін кеңес отырысында қоятын боламыз»,-деді Кеңес төрағасы Қ.Сүлейменов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер