astana-view

Кәсіпкердің мүлкіне зиян келтірілмеуі қажет

2018 жылғы 08 Қараша
- Қызылорда облысы
1877 просмотров

Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңесінің кезекті отырысында кәсіпкерлердің қалалық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің әрекетіне қатысты шағымы қаралды.

Мәселеге арқау болған елді мекендерде сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін орналастыру заңдылығына қатысты кәсіпкерлік субъектілерінен Палатаға түскен көптеген жазбаша және ауызша түрдегі шағымдар.

Мәселе мынада, жергілікті атқарушы орган, яғни Қызылорда қалалық  сәулет және қалақұрылысы бөлімінің мамандары қала аумағындағы кәсіпкерлік нысандарын (сауда орталықтары, шағын маркеттер мен дүкендер)  аралап, кәсіпкерлік субъектілеріне  «Жарнама туралы» Заңының сақталуына рейдтік шаралар ұйымдастырған.

Рейдтік шара барысында, лауазымды тұлғалармен кәсіпкерлердің нысандарында орналастырылған жайма сөрелер (витрины) мен терезелерді, ішкі безендірілуі үшін арналған тауарлық өнімнің үлгілері, жеке құралдары көрсетілген  билбордттар «заңсыз орналасқан жарнама объектілері»,– деген желеумен алынған.  

Бұл туралы Кеңесте Палатаның Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің бастығы Салават Құлмахан:

«Жарнама туралы» Заңның 11- бабына сәйкес  маңдайша, жұмыс режимі туралы ақпарат, қызмет көрсетудің техникалық құралдары мен көлік құралдарын дараландыру,  жайма сөрелер мен терезелерді сырттан көзбен көру үшін  тауарлық өнімнің үлгілері, жеке дараландыру құралдары декоративтік және мерекелік безендіру сипатындағы сыртқы немесе ішкі безендірулер  сыртқы (көрнекi) жарнама объектiлерiне жатпайды делінген. Алайда, жергілікті атқарушы органдар тарапынан кәсіпкерлік нысандарында орналастырылған аталған сипаттағы плакаттар, стенділер, билбордтар жұлынып алынып тасталған», - дейді.

  Бөлім бастығының айтуынша, бұл жағдайда мемлекеттік органдардың іс-әрекетінде «Жарнама туралы» Заңның нормаларын бұзумен қатар, «Кәсіпкерлік кодексінің»  бақылау-қадағалау жүргізу тәртібі де бұзылған.

Атап айтқанда,  Кәсіпкерлік кодексіне (137-бабынан) сәйкес профилактикалық бақылау мен қадағалау кәсіпкерлік субъектісіне бару арқылы және кәсіпкерлік субъектісіне бармай профилактикалық бақылау мен қадағалау жүргізу болып екіге бөлінеді екен.

Бақылау және қадағалау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау мен қадағалауды жүргізу үшін  мемлекеттік органдар бақылау және қадағалау субъектілерін іріктеу үшін тәуекел дәрежесін бағалау өлшем-шарттарына, тексеру парақтарына қатысты актілерді әзірлейді және кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп бекітеді, олар реттеуші мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында орналастырылады. 

  Бұған қоса, кәсіпкерлік субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау мен қадағалауды жүргізудің жартыжылдық тізімін  жергілікті атқарушы органның бірінші басшысы бекітуі тиіс. Аталған тізімді Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы айқындайды және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының интернет-ресурсында  орналастырады.

 Өзге жағдайда, кәсіпкерлік нысанына бару арқылы профилактикалық бақылау мен қадағалауды жүргізуге тиым салынады және «Кәсіпкерлік кодексіне» сәйкес  кәсіпкерлік субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау мен қадағалауды жүргізу туралы шешімді негізсіз қабылдағаны үшін бақылау және қадағалау органының бірінші басшысы жауаптылыққа тартылады.

  Кеңес отырысында Салават Құлмахан жергілікті атқарушы органмен аталған заң нормалары сақталмай өрескел бұзылғандығын, заңсыз кәсіпкерлік нысандарына бару арқылы профилактикалық тексеру жүргізілгендігін және кәсіпкерлердің мүлкіне зиян келтірілгендігін айтты.

  Аталмыш проблемаға қатысты Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов:

«Нормативтік құжаттарда «рейд» деген ұғым жоқ. Егер түсіндіру шаралары болса мұндай «кардинально» шараларға қабылданбауы қажет, «Жарнама туралы» Заңның талаптарын ұсына отырып, түсіндірулері қажет. Ал кәсіпкердің мүлкіне заңсыз қол салып, шара қабылдауын «тексеру» деп қабылдаймыз. Ал мемлекеттік орган тарапынан жүргізілетін кез келген тексеру бірінші тіркелу қажет. Бұл «рейдтердің» бірде біреуі тіркелмеген де. Міне, осыдан келіп кәсіпкерлер бізге шағымданып, біз мәселені кеңеске шығарып отырмыз.    Тұрған қаламыздың келбетінің көрікті болғаны бізге де жақсы. Дегенмен, «шаш ал десе, бас алуға» қарсымыз. Сондықтан қалалық бөлім тарапынан жасалып жатқан шараларға құқықтық баға беру үшін мәселені прокуратура органдарына жолдаудамыз. Одан кейін тиісті қорытынды шығаратын боламыз», – деп пікір білдірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер