astana-view

«Атамекен» Дүниежүзілік Сапа күніне орай халықаралық байқауға қатысушыларды анықтады

2018 жылғы 08 Қараша
4892 просмотров

Отандық кәсіпкерлер «Quality Innovation of the Year» –  «Жылдың сапалы инновациялары» халықаралық беделді байқауға алғаш рет қатыспақ.

Бұл байқауда елімізді инновациялық медицианлық өнімдер, құрғақ топырақты ылғалдандыруға арналған материалдар, өңделген қалдықтардан шығарылған киім-кешек, вакуумды қаптамадағы ет деликатестерді шығаратын кәсіпкерлер таныстырады. Барлығы – 6 үміткер.

 Қатысушылар өз жобаларын «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Дүниежүзілік Сапа күніне арналған онлай-конференциясы барысында таныстырды. Биыл аталған мереке 8 қарашаға белгіленген.

«Бүгінде бизнес бәсекеге қабілеттіліктің негізгі құралы – сапа екенін түсінеді. Шығарылатын өнімнің сапасын үнемі жақсартып отырмаса, ішкі нарықты бірінші қажеттіліктегі тауарлармен молықтыру және экспортқа шығу мүмкін емес болып барады», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы хатшылығының басшысы Лаззат Рамазанова.

 «Экофарм» ЖШС – байқауға қатысатын отандық компанияның бірі. Бұл қан жинау және сақтауға арналған бір реттік, стерильді вакуумды түтік шығаратын  Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын. Өнімнің басты артықшылығы – медицина қызметкері науқаспен тікелей байланысын болдыртпайды, демек, қауіпсіздік барынша сақталады.

 «Компаниямыз шығаратын өнімді Қазақстанның барлық дерлік ауруханалары, емханалары мен зертханалары пайдаланады», –  деді «ЭкоФарм» ЖШС зерттеу және әзірлеу бөлімінің бастығы.

Майя Сүйіншалиева «Сән индустриясындағы инновациялар» жобасын таныстырды. Бизнес ханым қолданыстан шыққан пластик картридждерді қайта өңдеп, оларды киім-кешек өндірісіне пайдаланбақ.  Мұндай киімге креативті суреттер салынып, көпшіліктің назарын «жасыл экономика» мәселелеріне тартатын болады.

 Алматылық Қадыржан Мақанғали ет деликатестері өндірісін мықтап жолға қойған. Кәсіпкер аталған бренд шетелде Қазақстанның өнімі ретінде танылғанын қалайды.

 «Италиялық пицца, неміс сосискалары, чехиялық шұжықтар туралы білеміз. Тура осылай әлем бізді «қазақ қазысымен» тануы керек. Ұлттық тағамның дәмділік сапасы жақсарттық, оны вакуумды қаптамада шығарып жатырмыз.  Сақтау мерзімі деликатестерді шетелге экспорттап, қонақтарға ауыз тигізуге жалпы брендті алға жылжытуға мүмкіндік беріп отыр», – деді  Қадыржан Мақанғали.

Атамекен» отандық тауарлар мен қызметтердің сапасын жақсартуға белсенді ықпал етуде. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Президентінің «Алтын Сапа» Сыйлығын алу байқауы мен «Қазақстанның үздік тауары» рсепубликалық көрме-байқауын төртінші жыл қатарынан ұйымдастырып келеді. Сондай-ақ, Палата сапа саласында жетістіктері үшін берілетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының сыйлығын алу байқауында қатысушы кәсіпорындарды ерікті түрде сүйемелдеп келеді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Ұлы Дала елі» ортақ брендін пайдалану құқығын беру байқауын биыл үшінші рет өткізеді. Бұл сыйлық Қазақстан брендін халықаралық нарықтарда алға жылжытып жүрген үздік тауар өндірушілерге беріледі.  

 «Былтыр бірден үш отандық компания сапа саласындағы жетістіктері үшін берілетін ТМД сыйлығының лауреаттары атанды. Биыл «Алтын Сапа» қатысушылары өз мүмкіндіктерін халықаралық деңгейде сынап, «Жылдың сапалы инновациялары» қатысып жатыр. Бұл байқау Финляндиядан бастау алып, 2007 жылдан бері өткізіліп келеді. Әрине, қатысушыларымызға ішкі және халықаралық байқауларда сүйемелдеп, қолдау көрсететін боламыз», – деді Лаззат Рамазанова.

Қазақстандық сапа ұйымының төрағасы Азат Абдрахмановтың айтуынша, байқауда жеңіске жеткен барлық жұмыстар егжей-тегжейлі іріктеуден, жоғары критерийлерге негізделген бағалаудан өтеді. Оның ішінде – инновацияның құндылығы мен өзектілігі, оның тиімділігі, пайдаланудағы ыңғайлығы, клиент пен қоғамға бағдарлануы есепке алынған.

 «Үздік инновацияларды еуропалық елдердің тәуелсіз сарапшылары қатысуымен халықаралық қазылар алқасы қатаң бағалайды... Біздің ұйым 2014 жылдан бері ұйымдастырушы комитеттің құрамында, биыл ғана – бизнес өкілдері өз әзірлемелерін таныстыра алады. «Атамекеннің» қолдауымен сапаға қатысты мәселелердің өзектілігі жаңа деңгейге көтеріліп отыр», – деді Азат Абдрахманов.

Республикалық кезеңнің жеңімпаздарына дипломдар берілді, ал финалистерге құрмет көрсету салтанаты келесі жылдың ақпан айына жоспарланған.

 Анықтама үшін:  «Жылдың үздік инновациялары» байқауының басты мақсаты – өнімділікті арттыру, адамдардың өмір сапасын жақсарту мақсатында әлемде инновациялар саны мен сапасын арттыру. Алғашқы байқау Финляндияда 2007 жылы ұйымдастырылған. Іс-шара алғашқыда ұлттық байқау ретінде қалыптасқан, алайда тез арада әлемге танылып, сапа саласындағы мамандар арасында беделге ие болды. Бүгінде «Жылдың үздік инновациялары» байқауы көп мемлекеттің үздік компанияларын біріктіретін халықаралық маңызы бар оқиғаға айналған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер