astana-view

Қызылордалық студенттерге кәсіпорындарда білікті тәлімгерлер бағыт-бағдар бермек

2018 жылғы 16 Қараша
- Қызылорда облысы
2573 просмотров

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында «Тәлімгерлік мектебі» аясында екі күндік оқыту семинары өтті. Кәсіпорын қызметкерлері қатысқан шараға Астанадан арнайы «Атамекен» ҰКП Адами капиталды дамыту департаменті директорының орынбасары Ләззат Шонаева келіп, тәлімгерлерге бағыт-бағдар берді.

Семинардың мақсат-міндетіне қатысты Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы Жанна Сқакова: «Дуалды оқыту жүйесі» бойынша білім алушы студенттер оқу орындарында теориялық білім алса, кәсіпорындардан тәжірибе жинақтайды. Тәжірибеге барған практикант-студенттерге белгіленген тәлімгерлер көп жағдайда нені, қалай үйрету керек екендігін біле бермейді. Осы ретте, «Атамекен» ҰКП-сы осы жылдан бастап «Тәлімгерлік мектебі» жобасын жүзеге асыруда. Тәлімгерлік институтын қалыптастыру маман даярлауда ерекше маңызға ие. Жаңадан келген маманды ортаға бейімдеп, жұмыстың жай-жапсарын түсіндіру, бағыттау, қызметкердің әлеуетін көтеру жұмыс өнімділігін арттыруға да, кадрды тұрақтандыруға да айтарлықтай септігін тигізері сөзсіз. Біз сол үшін де тәлімгерлердің дайындығына мән беріп отырмыз. Жоба осынысымен де құнды», - дейді.

Екі күндік семинар үш циклдан тұрды, олар нормативті-құқықтық база білімін, теориялық және тәжірибелік машықты нығайтуға негізделген. Оқыту барысында тәімгерлерге жұмыс орнында оқыту үлгісін қалай қалыптастыру керектігі айтылып, оқытуды құрылымдық жоспарлау туралы түсіндірілді, жоспар дайындауға, шиеленісті жағдайда қалай жұмыс істеу керектігі үйретілді.

Ерекше тоқталатын жайт, бизнес өкілдері үшін бұл маңызды шара тегін жүзеге асырылуда. «Тәлімгерлік мектебінің» мультипликаторлары «Атамекен» мен Германдық Трир қолөнер палатасының бірлескен «Жұмыс орнында оқыту» халықаралық жобасы аясында әзірленген.

Аталмыш мектеп аясында оқыған тәлімгерлерге ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сертификаттар берілді. Құжаттың құндылығы сонда - оқытылған кәсіпорын қызметкерлері «Атамекенмен» қалыптастырылған арнайы тізілімге енгізіледі.

Айта кету керек, дуальды оқыту жүйесін енгізуге арналған Жол картасына облыстан 22 колледж енгізілген. Студенттер дуальды оқыту жүйесі аясында экономиканың басым 9 саласы бойынша даярлануда. Бүгінгі таңда кәсіпорындармен 180 келісім шарт жасалды. Нәтижесінде бүгінде Жол картасы аясында 1173 студент оқытылуда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер