astana-view

Кәсіпкерлік пәні сүт зауытында өтті

2018 жылғы 13 Желтоқсан
- Ақтөбе облысы
2136 просмотров

«Кәсіпкерлік негіздері» пәнінің кезекті сабағы аймақтағы сүт өнімдерін шығаратын «Айс» компаниясында өтті.

Бұл пән Ақтөбе қаласындағы №20 мектепте пилоттық режимде былтырдан бері жүргізіліп келеді. Оқушылар сабақ барысында кәсіп жүргізудің бастапқы дағдыларын үйренеді, сонымен қатар табысты бизнес иелерінің тәжірибесімен танысады. Сондай-ақ, пәнді өндіріс орындарына барып, өткізу көзделген. Бүгін оқушылар өңірдегі ірі сүт өндіру кластері – «Айс» компаниясында болды.

Зауыт жұмысын бастаған 20 жылдан бері нарықтан өз орнын таба білді. «Айс» тауар белгісімен шығарылатын сүт өнімдерін Ақтөбе тұрғындарымен қатар, Ақтау, Орал, Атырау қалаларында және Ресей елінің көршілес облыстарында тұтынады.

«Біздің зауытымыз 2016 жылы қайта жаңғыртудан өтіп, толық автоматтандырылды. Бұл өнімдеріміздің сапасын жақсартып, көлемін арттыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, кәсіпорын  «фермадан сөреге дейін» жабық циклінде жұмыс істейді», – дейді зауыттың өндіріс бастығы Гүлмира Аргатюк.

Балалар зауытты аралап, сүттің айранға, сүзбе мен балмұздаққа қалай айналатынын тамашалады. Бір ерекшелігі, фермадан әкелінетін сүтке адам қолы тимейді, сүтті мұздату, ұйыту, ыдыстарға құю секілді процесстерді арнайы машиналар атқарады. Бірақ әрбір қондырғының мүлтіксіз жұмыс істеуін мамандар жіті бақылап тұрады. Компанияның өз саласында үздік атануының сыры неде деген оқушылардың сұрағына өндіріс басшысы «табиғи өнім мен жоғары сапа» деп жауап берді.

«Мұндай кездесулер біздің тұлға ретінде дамуымызға әсер етпей қоймайды. Бүгінгі сабағымыз өте қызықты өтті. Сүт өндірісін осындай жоғары деңгейге қалай көтеруге болатынын білдік. Жалпы, «Кәсіпкерлік негіздері» пәні бизнесті жүргізу ғана емес, адамдармен қарым-қатынас жасау, жан-жақты болу, үнемдеу секілді қасиеттерге де үйретеді. Мұның өмірде пайдасы тиетіні анық», – дейді №20 мектептің 10-сынып оқушысы Инара Шалманова.

«Кәсіпкерлік негіздері пәнін» мектеп бағдарламасына енгізу туралы ұсынысты ең алғаш «Атамекен» ҰКП 2014 жылы жариялаған болатын. Сол уақыттан бері арнайы бағдарлама ойластырылып, оқулықтар дайындау бойынша жұмыстар жүрді. Бүгінгі күні аталған пәнді респубилка бойынша 150 мыңға жуық оқушы бітіріп шығып, «Кәсіпкерлік негіздері» оқулығы бойынша білім алды. Жоба нәтижелі болса, кәсіпкерлік пәнін келер оқу жылында еліміздегі барлық 10 және 11 сынып оқушыларының оқу бағдарламасына енгізу жоспарланған.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер