astana-view

Батыс Қазақстанда жер учаскелері аукциондары электронды форматта жүргізілді

2019 жылғы 09 Қаңтар
4424 просмотров

Алғашқы электронды форматта жер сатылымдары өткен жылдың қазан айында zem.kz порталында жүргізілді

Жүйе «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде әзірленген, осы мүмкіндік арқылы уақыт үнемделіп, бизнесті жүргізуге арналған жер учаскесін беру тәртібін жеңілдейді. Онлайн-сатылым аукциондар мен байқаулар түрінде жүргізіледі.

Аукциондар 4 ауданда өткізілді. Осыған дейін 103 жер учаскесі жалға беру құқығымен сатылды. 18 аукционның 33%-ы  электронды форматта өткен, яғни бизнес субъектілері аукциондарға үйден шықпай-ақ қатысқан.

«Біз дүкен ашуға жер учаскесін сұрағанымызда, жерді шалғай, ешкім тұрмайтын жерден бөліп берді, наразылық білдірдік. Өтінім жазып, бас тарттық. Ал қазір бәрі оңай. Сайтқа кіріп, жердің орналасқанын көре аламыз, ұнаса, аукционға қатысамыз», – деді кәсіпкер Насима Ишқұлова.

 Түрлі коммерциялық мақсаттарға жер учаскесін алам деушілер zem.kz порталына кіруі керек. Онда нұсқаулық роликті қарап, тіркелген жөн. Электронды сатылымдарға қатысу үшін электронды цифрлық қолтаңба керек. Ары қарай дәстүрлі аукциондардағы тәртіппен сатылым жүргізіледі. Үміткерлер ставкаларды көтеру арқылы саудаласады, ең жоғары баға ұсынған сатып алушы жеңімпаз атанады», – деді БҚО Жер қатынастары басқармасы жетекшісінің орынбасары Жұматай Әшікбаев.  

 Ауыл шаруашылығын жүргізуге арналған жер учаскелері байқау арқылы беріледі. Байқаулар жалпы ауданы 194 гектар 296 жер учаскесі бойынша жүргізілді. Онлайн-сатылымға барлық байқаулардың 15%-ы тиесілі. Ауыл шаруашылығы жерлері Бөрілі, Қазталов және Тасқала аудандарындағы шаруалар алды.

 «Заңға сәйкес жерді байқауға бермес бұрын жергілікті атқарушы орган жерді ретке келтіру жұмыстарын жүргізеді. Содан кейін нақты ауданы және бағалық құны белгіленген учаске байқауға беріледі. Үміткерлерден құжаттар электронды түрде алынады, яғни өтінім беруші жергілікті атқарушы органға бармайды. Осы құжаттарды қабылдаған комиссия мүшелері бәрін қарайды. Байқау нәтижесінде шешім қабылдайды», – деді БҚО жер қатынастары басқармасы жетекшісінің орынбасары Жұматай Әшікбаев.

 Мамандардың айтуынша, онлайн-сатылымдар – оңай процедура. Нұсқаушы роликті жақсылап қарап алу керек, әр қадам түсінікті болады.

«Жер учаскесін бөлу процедурасының қолжетімдігі – бизнес субъектілері үшін өзекті мәселе. Бұл бағытта БҚО кәсіпкерлер палатасы Облыстық жер қатынастары басқармасымен етеңе жұмыс істеуде. Электронды сатылымдар жер учаскелерін алу процедурасын оңтайландырады, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қатерлерін төмендетеді деп ойлаймын», – деді БҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Ербол Иденов.

 Енді республика бойынша барлық жер учаскелері туралы ақпарат беретін Ұлттық геоақпараттық жүйені құру жоспарланған. Облыстық жер қатынастары басқармасы картографиялық деректер базасын құру мақсатында БҚО-ның геопорталын дамыту бойынша жұмыстарды бастамақ. Мұнда бос жер учаскілерінің географиялық орналасуы, ауданы мен мақсатты пайдалануы көрсетілетін болады.

 Айта кетелік, осы айда электронды сатылымдар Ақжайық, Теректі, Зеленов аудандары мен Орал қаласында өтеді. Акциондарды электронды форматта жүргізуге Алматы қаласы, Маңғыстау облысы және басқа да өңірлер қызығушылық танытты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер