astana-view

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері марапатталды

2019 жылғы 11 Қаңтар
- Маңғыстау облысы
5642 просмотров

 Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың марапатына өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаев, қаржылық емес қолдау бөлімінің басшысы Үміт Меңдалиева, микроқаржы ұйымының директоры Ботагөз Сынабаева мен Қарақия аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Аманат Махмутов ие болды

Олар ел экономикасының артуына септігін тигізіп отырған білікті мамандар деп танылды. Кәсіпкерлік саласының бірқатар өкілін арнайы қабылдаған әкім өткен жылдың қорытындысы бойынша көңіл қуантарлық нәтижеге қол жеткізілгенін атап өтті.

Статистикаға көз жүгіртсек, 2018 жылы кәсіпкерлік нысандар мен кәсіпкерлердің жалпы саны артқан. Орта және шағын кәсіпкерлік субъектілер саны 51 мыңға жетті. Оларда 120 мың адам жұмыспен қамтылған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 110% артқанын көрсетеді.

«27 млрд теңге шағын және орта бизнес дамуына жұмсалды. Шағын несиелер, «Нұр капитал», «Даму» қоры арқылы берілген қомақты қаражатты құрайды. Тек 2,2 млрд теңге шағын несиелерге бөлінген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге артқанын көрсетеді. Бұл үлкен мүмкіндік», – дейді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Елбасы тапсырмасына орай, кәсіпкерлер қатарын көбейту және олардың құқықтарын қорғау тиісті деңгейде атқарылып жатыр. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020», «2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағытында өңірлік кәсіпкерлер палатасының қосқан үлесі зор. Бүгінгі таңда осының көмегімен өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер қалалық жерлерде ғана емес, ауылда да көбейді.

«Жергілікті бюджеттен бөлінген 37 млн теңге ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке оқытуға арналған «Бастау» жобасына жұмсалды. Іскерлер білім алып, өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік алды. Бұл талап бойынша тиісті деңгейден 30%-дан асып отыр. Сөйтіп, республика бойынша 4-деңгейге тұрақтадық. Бұл облыс әкімі мен жергілікті әкімдікпен бірігіп атқарған жұмыстар нәтижесі», – деді өңірлі кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаев.

Облыс әкімі кәсіпкерлік салада кездесетін мәселелерді шешуге дайын екенін атап өтті. Ендігі меже-жаңа жобаларды бірлесіп жүзеге асыру.   


Еншілес ұйымдар

Серіктестер