astana-view

Қолөнер шебері білгенін өзгелерге үйреткісі келеді

2019 жылғы 28 Қаңтар
- Ақтөбе облысы
10793 просмотров

Шебер көне қолөнер түрін сақтап қалып, бірінші кезекте мүгедектерді қолданбалы өнерге үйретуді көздейді. Осылайша мүмкіндігі шектеулі жандар кәсіп ашып, табыс таба алады.  

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мамандары Гүлнұр Асқарованың бастамасын қолдап қана қоймай, жеке кәсіпкерлік ретінде тіркелуге көмектесті.  

 Ертеректе киіз басумен әр ауылда айналысатын, ал қазір Гүлнұр Асқарова сынды шеберлерді саусақпен санауға болады.

 Шебер келіншек қазақтың ұлттық-қолтаңбалы өнерін жандандырып келеді. Гүлнұр шикізатты өзі өңдеуді: жүнді кірден тазалайды, жуады, сабайды, табиғи бояуларды қолданады. Көне техникамен киіз басады, түрлі қөлөнер бұйымдарын жасайды, ою-өрнекпен әрлейді.

Қолөнер шебері киіз басуда аппликация арқылы ою-өрнекті тігу техникасын игерген. Сонымен қатар киіз басудағы ең қиын әдіс – көктеуді меңгерген. Көктеу арқылы басылған ою сапалы шығады әрі тозуға төзімді келеді.

 Қолөнер шебері киізден панно, қоржын, акссесуарлар дайындайды. Сонымен қатар құрақ құрауға да ерекше мән береді.

 Гүлнұр Асқарова киіз басудың алғышарттарын анасынан үйренген, қалған машықтар мен технологияларды өзі зерттеу бастады.

 Бағалы ақпаратты Гүлнұр ақбұрымды апа-әжелерден алады. Әжелер – көненің көзі, сырмақ пен текеметтердің, алаша мен тұскиіздердің жөні мен қадір-қасиетін, әр ою-өнерктің тарихын, қазақ салт-дәстүріндегі орнын, қолдануын біледі.

Айта кетелік, Гүлнұр түрлі фестивальдар мен көрмелерге қатысу арқылы тәжірибе алмасуды ұмытпайды. ЭКСПО-2017 көрмесіне орай ұйымдастырылған Этноауылға қатысу арқылы шебердің өзіне деген сенімі, тәжірибелігі артты, көп әріптес тапты.

 «Жергілікті тұрғындар киізден жасалған бұйымдарды бағаламайды. Мұндай табиғи өнімге шетеледіктердің қызығушылығы үлкен. Фетрмен жұмыс істеп көрдім, бірақ ол тез тозады, күнделікті қолданыста оңып кетеді. Ал киіз экологиялық, эстетикалық тұрғыдан мінсіз шикізат, тозуға төзімді келеді. Материалдың өзі қымбат, 100 грамы 600 теңгеден басталады. Қолөнер дүкендерінен сатып аламын, туыс-туғандардан жинаймын. Қолөнершілікті 1995 жылдан қолға алдым. Бірінші жұмыстарым тез сатылып кететін. Одан кейін тігін машинасын алып, оюлап тігетін болдым», – дейді шебер.

 Гүлнұрдың идеялары көп, ол киізден әйелдерге арналған сәнді бұйымдар мен әшекейлер, гаджеттерге арнап қаптар, сумкалар мен бас киімдерді әзірлейді.

 «Фасон, түс, оюды тапсырыс берушімен ақылдасып таңдаймыз. Мен эскиз ұсынамын, ары қарай клиентпен бірге отырып талқылаймыз», – дейді шебер.

 Гүлнұр Асқарованың арманы – сүйкті істі табысқа айналдыру, жеке бизнесті құру және хаықты дәстүрлі өнерге үйрету. Шебердің тәжірибесі мол, оның біліктілігін Қазақстан қолөнер шеберлігі одағының кәсіби мамандары да растап отыр.

 «Облыстық Өнер мұражайымен тығыз байланыстамын. Жеке көрмемді ұйымдастырсам деген ой бар. Мектеп оқушыларына арнап бірнеше шеберлік сабағын өткіздім. Қазір мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап сабақ өткізгім келеді. Бұл қолөнер түрі оларға да табыс көзіне айналуы мүмкін», – деді Гүлнұр Асқарова.

 Қолөнер шебері ұлттық киіз басу өнерін әр ауылда жандандыруға болатынын айтады. Әзірге шебер жергілікті жоғары оқу орнында дәріс беріп, хоббиімен айналысып отыр.

 Өңірлік кәсіпкерлер палатасы қолдаңбалы өнер иесін қолдады. ӨКП Іскер әйелдері кеңес мен Адами капиталды дамыту бөлімі  идеяны жүзеге асыруға сүйемелдеу көрсетпек.

 «Палата қызметінің бір бағыты – өңірдің туристік саласын дамытуда қолөнер шеберлерін қолдау. Ақтөбе қаласының туристік компанияларының және Колөнершілерінің қауымдастығы арқылы Іскер әйелдер кеңесі қолдауымен біз Гүлнурға оқыту семинарларын өткізуге көмектесуге дайынбыз. Ең бастысы, өз бизнесін заңды тұрғыда ұйымдастыруына атсалысамыз», – деді «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Айнұр Баймұратова.

 Бірінші шеберлік сабағы «Киіз бұйымдарын дайындау мен құрақ тігу» жалпы атаумен өтеді. Қатысуға ынта танытқандар мына телефон арқылы жазыла алады: 7 (7132) 744-610 (ішкі: 1527).

Шебердің бұйымдарын сатып алу үшін мына телефон арқылы хабараласу керек: +7701 782 5754, +7771 186 2162.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер