astana-view

Кәсіптік-техникалық білім беруге өзгерістер керек

2019 жылғы 29 Қаңтар
- Шығыс Қазақстан облысы
3842 просмотров

Колледждерде ұзақ уақыт оқуды кәсіпорындар жанынан құрылған оқу орталықтарында қысқа мерзімді тиімді дайындықпен алмастыру және мемлекеттік тапсырыспен оқыған колледж студенттері үшін кәсіпорындарда екі жылдан кем емес практиканы енгізу – Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының 2018 жылдағы бастамаларының бірі.

Жалпы өңірде 86 колледж жұмыс істейді, оның 52-сі мемлекеттік. Колледждердегі 35 519 студенттің 18 799-ы – мемлекет тапсырысымен грантта оқиды. 2018 жылы мемлекет тапсырыспен 10 869 түлек ішінде 6 025 адам оқыды. Түлектерді жұмысқа орналастыру 10 110 адамды құрады (93%), мемлекет тапсырысы бойынша 4 774 (79,2%) адам.

Былтыр облыстың техникалық және кәсіптік білім беру саласында жүргізілген скрининг колледж қызметінде бірқатар кемшіліктерді анықтады. 71 колледж ішінде толық жобалық қуаттылықта небәрі 9 колледж жұмыс істейтіні анықталды. Ал 43 колледждің материалдық базасы жобалық қуаттылықтан 17-30%-ға пайдаланылып отыр. Мәселен, аталған көрсеткіш бойынша ең төмен деңгейді «Күршім колледжі» ККМ байқатқан. «Зырянов ауыл шаруашылығы колледжі» ККМ, «Бородулиха колледжі» ККМ сынды оқу орындарында жұмысқа орналастыру деңгейі соңғы екі жылда 50%-дан аспаған, яғни колледж түлектерінің жартысынан көбі жұмыс таппай, жұмыссыздар қатарын өсіріп отыр.

 Бұл мәселені шешу, соның ішінде жұмыс берушілерді қажетті кадрлармен қамту мақсатында ШҚО ӨКП өңірдегі 9 колледжді шоғырландыруды ұсынды. Демек бір салада білім беретін оқу орындарын біріктіру арқылы ірілендіру ұсынылды. Сонымен қатар ұзақ мерзімді оқытуды, кәсіпорындарда практикалық машықтарды игеру арқылы қысқа мерзімді дайындыққа алмастыру қажеттігі айтылды.

 «Бұл шара жұмыс берушілер үшін маңызды. Колледждердегі оқыту үш жыл жүреді, ал оқу орталығында небәрі 3 ай. Әрине жұмыс беруші өзіне қажетті кадрларды барынша жылдам алғысы келеді. Сондықтан біз ұзақ мерзімде оқуды, тиімді дайындықпен алмастыруды ұсынып отырмыз. Атап айтқанда жұмысшы біліктіліктер бойынша бұл трансформация әбден мүмкін. Осы ретте мемлекетік бюджеттің де шығындары азаяды. Егер колледжде бір маманды дайындауға 1 млн 652 теңге кетсе, үш айлық дайындық курсына 165 мың теңге жұмсалады. Айырмашылық жер мен көктей», – деді Шығыс Қазақстан облысы  кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий.

 ШҚО ӨКП деректері бойынша 2018 жылы техникалық және кәсіптік мамандарды дайындауға  9 987,9 млн теңге бөлінген.

Сонымен қатар мемлекеттің тапсырыс бойынша колледжді аяқтаған түлектерді өңірдегі ұйымдарда мамандықтар бойынша кемі 1 жыл жұмыс істеуін міндеттеу – кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі жұмысының тиімділігін арттырады және түлектер болашақ мамандықты саналы түрде таңдауына септігін тигізеді.

 Айта кетелік, ШҚО ӨКП және филиалдарының  қолдауымен 2018 жылы кәсіпорындар жанынан мамандарды дайындау, қайта дайындау және біліктілігін арттыру бойынша 11 оқу орталығы ашылды. Былтыр оқу орталықтарында 417 адам оқып, оның ішінде 351 адам жұмыспен қамтылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер