astana-view

Аграрлық жерлердің тиімді пайдалануы талқыланды

2019 жылғы 15 Ақпан
3244 просмотров

«Атамекен» ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерді жерді тиімді пайдалануға оқытуды ұсынды

Бұл бастаманы ҚР Парламенті Мәжілісінде осы тақырыпта өткен дөңгелек үстел барысында «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов көтерді.

 ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлық жер учаскілерін ғарыштан  бақылау арқылы мониторинг жүргізудің басталатын жайында хабарлаған болатын. Бұл мониторинг қажетті деңгейде пайдаланылмай отырған жерді мемлекетке қайтаруға негіз болмақ. 

 Алайда, Абылай Мырзахметовтың пікірінше,  түсірілімдер шынайы жағдайды толықтай бере алмайды, демек,  бұл сұрақта жалғыз критерий бола алмайды.

 «Спутниктік түсірілімге қарсы емеспіз. Бірақ, ақпарат шынайы әрі ашық қолданыста болғанын қалаймыз. Егер түсірілімдерде қандай да бір кемшіліктер болса, онда арты сот дауларына ұласуы мүмкін, бұл дегеніміз нақты адамдардың тағдыры! Мәселені шешуде жетекші халықаралық тәжірибені қолданған жөн. Пилоттық режимде бір ауданда жүргізіп, қорытынды жасау арқылы ортақ шешім шығарайық», – деп ұсынды Абылай Мырзахметов.

 Шын мәнінде  жерді пайдаланбай немесе тиімсіз пайдаланып жатқан фермерлер бар екенін тәжірибе көрсетіп отыр. Абылай Мырзахметовтың айтуынша, бұл мәселені  кешенді түрде, оқыту арқылы шешкен абзал.

 «Атамекен»   Біліктілік орталықтары арқылы фермерлерді оқытуға дайын, осы жұмысты бастай аламыз... Егер кәсіпкерлер өз тиімділігін жоғарылатып, өнімділікті арттырғысы келсе, онда көмектесуіміз керек. Алайда, егер  жерді тиімсіз пайдалануды жалғастыра берсе, онда жерді қайтарып алу мәселесін көтеруге болады», – деп қорытындылады Абылай Мырзахметов.

Жерді үшінші тұлғаларға жалға беру құқығын сату мәселесі де кездесу барысында көтерілді. «Атамекен» Басқарма Төрағасының пікірінше, бұл жағдайда алып-сатарлық тәуекелдер бар және кейбір  ісін адал жүргізбейтіндер жерді тиімсіз пайдалану, жерді үлестес тұлғаларға өткізу жауапкершілігінен жалтаруы мүмкін.

 Абылай Мырзахметов ауыл шаруашылығы саласында салықтық саясатты жетілдіру қажеттігін жекелей атап өтті.

 «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы салықтың барлық түрлерін бірыңғай аграрлық салыққа біріктіруді қолдайды. «Атамекен» мұндай салықтың мөлшерлемесін жердің өнімділігі, оның типі, топырақтың бонитет баллы, суармалы жерлердің болуы және елдімекенге  жақын орналасуын ескере отырып 1 гектарға есептеуді ұсынады», – деп мәлімдеді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер