«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Біз туралы
Қаз

«Бизнес үш күнде» жобасы көп балалы аналарды жігерлендірді

10 Сәуір 2019 - Маңғыстау облысы
159 просмотров

 Маңғыстау облысында жергілікті әкімдіктердің бастамасымен, қайырымды кәсіпкерлердің демеушілігімен «Бизнес 3 күнде» жобасы іске асып жатыр

 Жоба мақсаты – көп балалы және әлеуметтік жағдайы нашар отбасылар мен жалғыз басты аналарға көмек көрсету. Олардың қабілет-қарымына қарай, қажетті техникаларын демеушілер есебінен алып беріп, кәсібін дөңгелетуге, табыс тауып, отбасын асырауға қолайлы жағдай туғызу. Осы жоба аясында Ақтау қаласы бойынша 100-ге жуық отбасын тиісті құрал-жабдықпен қамту жоспарлануда. «К7 групп» компаниясының демеушілігімен бір күн ішінде алғашқы 10 отбасына көмек көрсетілді.

 Шадырақ Ермекбайұлы, «К7 групп» компаниясының жетекшісі:

«Бизнес үш күнде» жобасы аясында мұқтаж жандарға қажет дүниелерін алып беруді Ақтауда алғаш болып біз қолға алып отырмыз. Тәттілер пісіретін үлкен пештер мен техникалардан өзге ұн, сүт сияқты азық-түліктерге дейін әкеліп бердік. Енді аналар осы кәсіпті әрі қарай дамытып, табыстан табыс құрап, бизнесті дамыта түсуі керек. Өнімдер шығарып, жағдайлары түзеліп, отбасын алға сүйрейді деген сенімдеміз.

 Қайырымдылық көрсетілген отбасылардың көбі жарымжан балаларды бағып отыр. Оларға үйде отырып, баласын көзінен таса қылмай әрі сүйікті кәсібімен айналысуға мүмкіндік туды. Аналардың қуанышында шек жоқ.

«Біз сияқты мұқтаж аналарға қол ұшын созған жомарт жандарға алғысымды айтамын. Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязовқа, «К7 групп» компаниясы басшылығына ризамыз. Қыста тырнақ әрлеуші курсын оқып алып, ісімді бастай алмай отыр едім. Енді жеке кәсібімді ашамын. Армандар орындалады екен. Қажет заттардың тізімін жазып бергенде, тіпті жылдам әкеледі деген ойымызға кіріп те шыққан жоқ. Осыншама үлкен жүкті арқалап жүрген «Ақжүніс» аналар қорына алғыстан басқа айтарым жоқ»,- дейді жалғыз басты ана Гүлданай Досымова.   

Әкімдік, кәсіпкер мен аналардың арасында делдал, мәселенің оң әрі жылдам шешілуіне мұрындық  болып жүрген Маңғыстау облысындағы «Ақжүніс» аналар қорының өкілі Арайлым Шамшадинованың айтуынша, аналардың үлкен армандарының орындалуына ең бірінші үн қосқан жомарт кәсіпкер Шадырақ Ермекбайұлы болды. Қайырымды шараға үлес қосқан жандарға рахмет. Бизнесте жүрген азаматтарды осындай сауапты іс жасауға шақырамыз.

 «Жақсылыққа - қайырымдылықпен, мейірімділікке - ізгілікпен, достыққа - адалдықпен жауап беру керек» деген нақыл сөз бар. Кәсіп ашуға мол мүмкіндік жасалған аналар бір қолымен бесігін тербесе, екінші қолымен кәсібінен нәсіп тауып, тағдыр тауқыметінен серпіледі деген сенім бар.

Қиын әлеуметтік жағдайға тап болдыңыз ба немесе мұқтаж жандарға көмек бергіңіз келе ме? Онда  «Менің Атамекенім» жобасына қатысуға шақырамыз.  «Менің Атамекенім» жобасы әлеуметтік жобаларды жүйелі шешуге бағытталған. atamekenim.kz порталында көмекке мұқтаж жандар «Маған көмек керек» бөлімінде өтінім қалдыра алады, ал көмек қолын созуға дайын адамдар «Көмек беру» бөліміне өтіп, қолдау көрсете алады. Порталда қолданушылардың ыңғайлылығына арнап, WhatsAp нөмірі: +77763337766 қосылған. Қосымша сұрақ болса, байланыс қызметіне хабарласуға болады:  1432.

Пікір қалдыру:

Пікірлер:

Серіктестер