astana-view

Тимур Құлыбаев: Туризм саласында шағын және орта бизнестің әлеуетін қолдануға болады әрі қолдану керек

2019 жылғы 17 Сәуір
4519 просмотров

«Атамекен» ҰКП басшысы Тимур Құлыбаев, Туристік сала комитетінің басшысы П. Казанцев, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов жұмыс барысындағы кездесуде елімізде туристік саланы дамыту мен 2019-2025 жылдарға салалық мемлекеттік бағдарламаны енгізу мәселелерін сөз етті

Тимур Құлыбаев «Атамекен» ҰКП туристік саланы дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Туризм индустриясы – шағын және орта бизнес пен қызметтер көрсету саласының толыққанды қанат жаюы үшін нағыз мүмкіндік, себебі кәсіпкерлік ресурсты тартуға әлеуеті жетеді, қомақты қаржы салуды қажет етпейді әрі жұмыс орындарын құруда жетекші орын алады.

«Туризм – қарапайым заттар экономикасының нақты мысалы. Туристік саланың әлеуеті инфрақұрылымды жақсарту, өңірлерді дамыту және халықты жұмыспен қамту сияқты әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Бұл – шағын және орта бизнестің әлеуетін қолдануға болатын әрі қолданылуы тиіс сала», – деді «Атамекен» басшысы.

 Кездесу барысында бизнес өкілдерінің пікірі ескерілген туризмді дамыту мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу штабының жұмысына қатысты Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Мәдениет және спорт министрлігінің тығыз қарым-қатынасы да айтылды.  Алайда, Тимур Құлыбаев әр бағытты іске асыруда нақты мерзім қажет екендігін еске салды. Әлеуетті туристер үшін елімізді тартымды бағыт ретінде кеңінен жарнамаламай тұрып, жыл сайынғы саны 900 000-нан аспайтын шетелдіктерге bed tax сияқты жаңашылдықтарды (отельдерде орналастыру салығы) енгізбес бұрын, соған сәйкес инфрақұрылым мен сапалы туристік өнімдерді жасап алуымыз керектігін баса айтты. Оған Біріккен Араб Әмірліктерін мысал ретінде келтірді. Олардың тәжірибесі бойынша Дубайға келген турист саны 12 млн-нан асқаннан кейін ғана, яғни 2014 жылы аталған алымды енгізген. Испания болса саяхаттап келгендер саны 40 млн болғанда енгізген. Соған қарамастан әлі күнге дейін электронды виза алу мәселесін шеше алмай келеді.    

 «Е-визаның іске қосылуы жақсы әрине, алайда жүйенің істен шығуын болдырмау керек. Визаны беруге жауапты құрылымдар жүйенің қалыпты жұмысының нақты мерзімін айтулары тиіс», – деп санайды «Атамекен» ҰКП басшысы.      

Сонымен қатар көрші елдерден біршама артта қалып қойғанымызға да назар аударды. Мысалы, Әзербайжан, Грузия мен Өзбекстан елдері инфрақұрылымдарын Қазақстанға қарағанда жандандырып, кеңейтуде. ҰКП басшысы Бұқара, Хиуа мен Самарқанд қалаларының ширақ жаңарып жатқанын айтты. 

Ол Өзбекстанға ағылып жатқан туристерге тарихи-археологиялық және мәдени мұраларға бай Түркістанға да баруына мүмкіндік туғызуды ұсынды. Осылайша, Ұлы Жібек жолының ежелгі шығыс қалаларымен және ЮНЕСКО дүниежүзілік мұра объектілерімен танысуға ниет білдірген саяхатшылар турдан үлкен әсер ала алады.

Мәдениет және спорт вице-министрінің дерегі бойынша бүгінде туристендірудің бірыңғай картасы жасалуда. Бұл барлық өңірде саланың басымдығын анықтауға, инфрақұрылым объектілерін қаржыландырудың ашық схемасы мен саланы жоспарлауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ әкімдер рейтингісінің өлшемшарттарын бекітуге мүмкіндік береді.

Тимур Құлыбаев өңірлік карталарға еңбек демалысын, демалыс күндерін және оқушылардың жазғы демалысын өткізуге арналған орындарды енгізу маңыздылығына көңіл бөлді. Еліміздің үш мегаполисінің және облыс орталықтарының нашар сервисі мен инфрақұрылымының жоқтығына назар аударды.

«Туризм – өскелең ұрпақты отансүйгіштікке әрі жеке тұлғаны тәрбиелеудегі ең үздік әдістерінің бірі екенін есте сақтау керек. Туған елдің көрікті жерлеріне отбасымен немесе мектебімен бірге саяхат жасаудан алған әсер көбінесе отанға деген сүйіспеншілікті оятады, патриотизмді қалыптастырады. Біз өз азаматтарымызды сапалы әрі қолжетімді туристік қызметтермен қамтамасыз етуге тиіспіз», – деді Тимур Құлыбаев.

Туристік сала комитетінің басшысы Павел Казанцев Қазақстан бұрын таулы аймақ ретінде танымал болғанын еске салды. Елімізде таудың түрі көп. Әлемдік деңгейдегі альпинистер бұрын да болды, қазір де бар. Қазақстан бүгінде осы мәртебені қалпына келтіруде. Тауға деген қызығушылық жаңарады, оянады, жанданады.

Алматыда және Алматы облысында туристік саланы жандандыруды талқылау кезінде ҰКП басшысы бар инфрақұрылымды: Шымбұлак –   Медеу – Бутаковка – Лесная сказка – Алматауды бір тау кластеріне жаяу маршруттармен және арқан жолымен біріктіруді, осылайша қыдыру, серуендеу, демалу циклын түрлендіруді ұсынды. Алма-Арасан шатқалы мен Үлкен Алматы көлінде өте жақсы демалуға болады, мұнда жаппай демалу үшін инфрақұрылымды дамыту қажет.

Павел Казанцев туризмді дамыту саласында МЖӘ тәжірибесін тиімді қолдануға болады және осы жағдайда жергілікті қоғамдастықтар облыс орталықтарында 5-жұлдызды отель емес, қазақстандықтарға бағасы қолжетімді, орта деңгейдегі объектілерді сала алады деп есептейді. Бұл ретте көліктік (жолдар, автотұрақтар, «жабайы» туристер мен керуеншілерді орналастыру орындары) және инженерлік (сумен жабдықтау және су бұру, электрмен жабдықтау және т.б.) инфрақұрылымды кешенді дамыту қажет. Қызмет көрсетудің заманауи деңгейдегі әрі сападағы, сауда, қолөнерді дамыту мүмкіндіктерімен, БАҚ пен әлеуметтік желілерде ғана емес, туристер келетін орындарда да мықты ақпараттық қолдауы бар әртүрлі туристік өнімдерді әзірлеу керектігіне тоқталды.

«Атамекен» басшысы атап өткендей, қазір шағын және орта бизнестен түскен табыс жергілікті жерлерде қалады, әкімдіктер туризмді дамытуға мүдделі, ол аймақ экономикасына тікелей және жанама әсер етеді.

«Бүгін Баянауылға дейінгі жол жөнделді. Жері әдемі, бірақ көл шағын, экологиясы нәзік. Туристерді орналастыратын орын жеткіліксіз, туристік-рекреациялық аймақта инфрақұрылым, кәріз жоқ. Егер туристер көп баратын болса, экологияға кері әсерін тигізеді. Қазірдің өзінде әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі жоғары демалыс аймақтарын құру қажет. Әрбір бағыт бойынша нақты жоспарлар, жобалар мен іске асыру күндері қажет», – деді Тимур Құлыбаев.

Бұдан басқа, кешенді әдіс-тәсіл ретінде авто, әуе, теміржол жолдарының ойластырылған логистикасы мен аумақтарды дамыту әлеуеті ескерілген «жеңіл» инфрақұрылымдар түсініледі. Тұрақты және тұрақсыз өтетін пассажир автокөлігіне арналған жеке жолды міндетті түрде бөлу арқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өтуге рұқсат етілетін автожолдар реконструкциясы мәселесін шешу, сондай-ақ мемлекеттік шекарадан жайлы өту үшін сервистік инфрақұрылым құру маңызды.   

Министрліктің есебі бойынша балалар авиабилетін 7,6 млрд теңгеге субсидиялауды енгізу кезінде, қазақстандықтардың елімізде демалуына 36 млрд теңге кетуі мүмкін. Жыл сайынғы сыртқы туризм келу туризміне қарағанда 1,5 есе көп. Ұлттық валютамыздың сыртқа кетуі орташа эквивалентте 2,7 млрд АҚШ долларын құрайды. Егер ішкі туризмді дамыту үшін дұрыс тәсілдер мен кешенді шараларды қолдансақ, елімізде 1 млрд-тай АҚШ доллары қалуы мүмкін.

Кездесу қорытындысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен жүргізіліп жатқан жұмысты мысал ретінде ала отырып, «Атамекен» ҰКП алаңында  жобалық офис құру туралы шешім қабылданды. Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтің айтуынша, барлық қатысушы тартылатын аталған құрылымды ұйымдастыру – бизнес-кейстерді жасау және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудағы түйткілді мәселелерді шешудің тиімді тетігі. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер