astana-view

Мектеп формасы - оқушы көркі

2019 жылғы 18 Сәуір
1800 просмотров

Бүгін Нұр-сұлтан қаласы, Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайында мектеп формалары көрмесі өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жеңіл өнеркәсіппен айналысушы 15 кәсіпорын өз киімдерін ата-аналар мен оқушылар назарына ұсынды.

«Angel cher», «Алтын адам»,  «Казлегпром-Алматы» сынды жоғары технологиялық өндірістік кәсіпорындармен иық тіресе алатын бәсекелестердің бар екеніне көз жеткізіп қайттық.

Мәселен, Петропавл қаласынан келген «Sens Fashion» өз аймақтарынан бөлек Ақмола облысының кей мектептерінен тапсырыс алады екен. Өздерінің айтуынша, ұзын саны 300-ге жуық мектепппен жұмыс жасайды. Классикалық жаттанды үлгіден бөлек, сыдырма ілгекті спорттық үлгіге жақын кеудешелері де бар екен. Бағасы да көңілге қонымды. Небары 7 000 теңге. «Дәп осы нұсқаға сұраныс артуда»,- дейді компания өкілі.

Орташа бағаға шағып қарар болсақ, бір балаға шамамен 20-25 мың көлеміндегі ақша жұмсайсыз. Тап осы жерде «Казлегпром-Алматы» басқалардан озып тұр дегіміз келеді. Себебі, бұл компания 9 мың теңгеге отандық туфлилерді де ұсынып отыр.

Халықтың қалтасына баға жағынан ыңғайлы формаларды  шымкенттік «Гауһар» тігін фабрикасы ұсынуда. Бұл жерде 9000 теңгеден басталған киімдер 13 000 теңгемен аяқталады. Әрине, сапасы жағынан бір саты төмен дүние алатыныңызды өзіңіз де сезіп тұрған боларсыз.

Жалпылама айтар болсақ  өндірістік кәсіпорындардың барлығы ұлттық стандартқа сай формалар ұсынуда және  көбінде көп балалы  отбасыларға арналған жеңілдіктер  бар екен. Тағы бір айта кетерлік ерекшеліктері аталмыш компаниялардың баға саясаты барлық қалаларда бірдей екен. Яғни, тұтынушыларды сен астаналықсың, сен алматылықсың дегп санаттарға бөлмейді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер