astana-view

«ALTYN OIMAQ» киім дизайнерлерінің ұлттық байқауы Қазақстан Президентіне таныстырылды

2019 жылғы 02 Мамыр
4823 просмотров

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысына келген сапары аясында «ALTYN OIMAQ» киім дизайнерлерінің ұлттық байқауы таныстырылды

 Байқау жас дизайнерлерді қолдау және Қазақстан нарығында жаңа бәсекеге қабілетті брендерді қалыптастыруға серпін беруге бағытталған. Жобаның тұжырымдамасын Мемлекет басшысына «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Лаззат Рамазанова таныстырды.

«Жоба жаңа есімдер мен брендтерді тануға және қолдауға, кәсіпқойлардың жаңа буынын анықтауды көздейді. Осы ретте білікті дизайнерлерге бұл байқау өнімді ілгерілетуге, қолданыстағы бизнесті кеңейтуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Лаззат Рамазанова.

Байқау жарияланғаннан бастап екі ай ішінде ұйымдастырушылар Қазақстанның 13 қаласында  әлеуетті қатысушылармен кездесулер өткізді, жұмыс істеп тұрған 19 өндірістің жұмысымен танысты. Ел ауқымында 600-ден астам дизайнер байқауға қызуғышылық танытты. «ALTYN OIMAQ» жобасының ауыл әйелдеріне бағдарланған алғашқы тренингтері биыл маусым айында Алматы облысы Талдықорған қаласында өтеді.

 «Үлкен әлеуетті байқадық, шығарған өнімі сапалы импорттан кем түспейтін тума талант дизайнерлер, өндірушілерді көрдік. Бүгінде Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі саласында 992 кәсіпорын жұмыс істеп жатыр, осы салада еңбек етіп жатқандардың 90%-ы – әйелдер. Енді біз барлық дизайнерлерді біріктіріп, осы күшті бәсекеге қабілетті текстиль өнімдері мен киім шығаруға бағыттамақпыз», – деді Лаззат Рамазанова.

 Естеріңізге салсақ, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бәсекеге қабілетті отандық брендтерді шығара алатын кәсіпқой дизейнерлердің жаңа буынын анықтауға бағытталған Байқауды жариялады. Байқау, сонымен қатар жеңіл өнеркәсіп саласын ілгерілетуге жағдай жасауға мүдделі тараптардың әлеуетін біріктіретін болады.

 Байқау алты аталым бойынша өтеді:

1. «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген іскерлік киімнің үздік дизайны»;

2. «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген спорт киімнің үздік дизайны»;

 3. «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген балалар киімінің үздік дизайны»; 

4. «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген үйге арналған текстильдің үздік дизайны»;

5.  «Ұлттық әшекейлердің үздік дизайны»;

6.  «Спорт аяқ киімінің үздік кастом-дизайны».

«ALTYN OIMAQ»  байқауы үш кезеңнен тұрады.  «ALTYN OIMAQ» байқауының марапаттау салтанаты 2019 жылдың желтоқсан айында өтеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер