astana-view

Әкімдік кәсіпкерге негізсіз айып таққан

2019 жылғы 22 Шілде
- Жамбыл облысы
1927 просмотров

Мойынқұм ауданы әкімдігінің Сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі 1 285 714 теңге қаражатты негізсіз пайдаланып, оны өтеуге кәсіпкерден талап еткен.

Бұл мәселе Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасына «Тараз Гео проект Люкс» ЖШС директоры Шалабай Байдильдаевтан келіп түскен арыз негізінде анықталды. Серіктестік 2019 жылы 29 мамыр күні Жамбыл облыстық экономикалық сотынан «Мойынқұм ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің» арыз-талабы бойынша сотқа шақыру қағазын алады. Арызда талапкер мен ЖШС арасында «Жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы» жасалған келісімшартқа қатысты қарама-қайшылық мәселесі көтерілген.

Талапкердің арызында көрсетілген дәлелдемелермен келіспеген серіктестіктің құқығын сотта Кәсіпкерлер палатасының өкілдері қорғап шықты. Келісімшартқа сәйкес, шарттың  жалпы сомасы 1 млн (бір миллион)  теңге және 11 млн (он бір миллион) теңге қосымша құн салығынсыз деп көрсетілген. Ал екінші келісімшарттың жалпы сомасы 12 млн (он екі миллион) теңгені құрайды.

«Келісімшарттарда көзделген міндеттемелер бойынша «Тараз Гео проект Люкс» компаниясы тиісті түрде жұмысты орындаған, бұл туралы  Талапкердің тарапынан қандай да бір ескертулердің, хабарламалардың немесе талаптардың жоқтығы растайды және де екі жақты қол қойылған жұмыстардың орындалғаны туралы  актісі іске тіркелген», – дейді кәсіпкерлердің құқын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Индира Молдабекова.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттiк сатып алу туралы» заңының 5-бап, 2-тармағына сәйкес Тапсырыс беруші тиісті бюджет  немесе жеке қаржыландыру жоспары негізінде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен және нысанда мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын әзірлейді және бекітеді. Аталған тармақтың 2.2-тармақшасына сәйкес Мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында анықтамалыққа сәйкес тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің номенклатурасы, оған қоса мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін бөлінген, қосылған құн салығы есепке алынбайды.  

2019 жылы сәуірде Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментімен Мойынқұм ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы ұйғарым шығарылған болатын. Ұйғарымда көрсетілгендей, әкімдіктегі жауапты тұлғалардың салғырттығынан «Мемлекеттiк сатып алу туралы» заңының «Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі» есеп комитетінің нормативтік қаулысы қатаң бұзылған.

Тараз қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасымы ресми жауабында  ЖШС қосымша құн салығын төлеуші емес екені туралы мәлімдеген болатын. Сондай-ақ, аталған заң бұзушылық жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан емес, жауапты тұлғаларының жіберген кемшіліктері салдарынан болғанын айтты. Десек те, Мойынқұм аудандық құрылыс бөлімінің мамандары заңнаманың және келісім шарттың жағдайларын бұза отырып, қосымша құн салығын қайтаруды әлі де талап етуді жалғастырған.

Қорытындылай келе, соттың шешімі бойынша  «Мойынқұм ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің талап-арызы қанағаттандырусыз қалдырылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер