Палата тарихы

ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2013 жылдың 9 қыркүйегінде ҚР Үкіметі және «Атамекен» Одағы» ҚҰЭП-ның бірлескен шешімімен құрылған. 2015 жылдың 27 наурызында Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы болып ресми түрде қайта тіркелді (2015 жылғы 27 қаңтардағы ҚР ҰКП-ның кезектен тыс ІІ Съезінің шешіміне сәйкес).

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасын құруда бизнес-қоғамдастықтарды ұйымдастырудың континенталді моделі негізге алынды. Палатаның кәсіпкерлердің жалпыға бірдей мүшелігі моделі континенталді (еуропалық) моделіне негізделген. Бұл модель Франция және Германияда әзірленіп, еуропаның жетекші елдерінде сәтті жүзеге асып жатыр.

Бүгінде Еуропалық Одақтың 19 миллион кәсіпорны ішінен 15,5 миллион кәсіпорын жалпыға бірдей міндетті мүшелік бизнес-ортасында жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш 90%-ға тең. Германия, Франция, Италия, Испания, Нидерланды, Греция, Австралияда; Еуропалық одақтан тысқары Түркияда кәсіпкерлерді біріктіру үдерісінде мүшелік кәсіппен айналысатын әр тұлғаға міндетті. Осы модель нәтижесінде бұл мемлекеттер экономика дамуында қарқынды көрсеткіштерге қол жеткізген.

Міндетті мүшеліктің континенталді моделі 6 бағытпен мінезделеді:

  • Арнайы заңнама палаталар қызметін реттейді (қоғамдық құқық мәртебесі);

  • Заң міндетті мүшелікті бекітеді;

  • Палаталар Үкімет жанынан ресми консультативті мәртебеге ие болады;

  • Әр палатаның өзінің жұмыс істеу территориясы белгіленеді;

  • Палаталар өздеріне артылған міндетті орындауға міндеттеледі, олар мемлекеттік бақылауға жатады.

Басты мақсаты – кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдайлар жасау, бизнес пен билік арасында тиімді серіктестік орнату. ҰКП құрылымында: Съезд, Төралқа, Басқарма, Тексеру комиссиясы, өңірлік палаталар және кәсіпкерлер кеңестері секілді өкілдік етуші және атқарушы органдар бар. ҚР Үкіметі Съезд шешімін болдырмауға құқылы.

ҰКП Төралқасын Тимур Құлыбаев басқарады. «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы – Абылай Мырзахметов. Басқарма Төрағасының жеті орынбасары – Нұржан Әлтаев, Эльдар Жұмағазиев, Дана Жүнісова, Рүстем Жүрсінов, Елдос Рамазанов, Төлеміс Шотанов және Юлия Якупбаева әртүрлі мәселелерге жетекшілік етеді.  «Атамекенде» 126 қауымдастық (одақ) аккредиттелген. Қазіргі уақытта 116 қауымдастыққа (одаққа) аккредитация туралы куәлік даярлау және беру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мүшелері кімдер?

  • Қазақстанда ресми тіркелген коммерциялық заңды тұлғалар (шаруашылық серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, өндірістік кооперативтер, оның ішінде банктер, банктік мекемелер, өндірістік, ауыл шаруашылық, қаржы секторы салалары бойынша ұлттық холдингтердің құрамына кіретін ұлттық компаниялар мен ұйымдар);

  • жеке кәсіпкерлер;

  • жеке шаруа (фермерлік) қожалықтары (ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші, қайта өңдеуші және таратушы жеке кәсіпкерлік бірлестіктері).

 

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына мүше болмайды:

  • шетелдік ұйымдардың өкілдіктері мен филиалдары;

  • аудиторлық және бағалау қызметімен айналысатын кәсіпкерлік субъектілері;

  • мемлекеттік мекемелер;

  • коммерциялық емес заңды тұлғалар.

ҚР ҰКП-ның бірінші Съезі 2014 жылдың 25 маусымында өтті. Онда атқарылған жұмыстарға баға берілді және таяу жылдарға арналған Палатаның даму стратегиясы бекітілді. Съезд шеңберінде үкіметтік деңгейде шешілуі қажет болған өңірлік бизнестің анағұрлым өзекті мәселелері талқыланған болатын.

ҰКП-ның екінші Съезі 2015 жылдың 27 қаңтарында өтті. Съезде қаралған басты мәселелердің бірі – бизнес субъектілері үшін міндетті мүшелік жарналар (ММЖ) көлемі мен оны төлеу тәртібінің өзгеруі болды. Делегаттар ММЖ төлеушілердің бірінші санатына алты санатшаны бекіту және екінші санатына 4 санатшаны бекіту нұсқасына дауыс берді.

Сонымен бірге, Палатаның бизнесті қолдау жөніндегі дағдарысқа қарсы шаралары бойынша ұсыныстары да делегаттардың қарауына ұсынылды. ҚР Үкіметі ҰКП-мен бірлесе отырып, 2015 жылға арналған өндірістік кәсіпорындарды қолдау шаралары жоспарын жасады. Олардың қатарында темір жол және электр энергиясы тарифтерін төмендету немесе сақтау, сонымен бірге өндіріс көлемін мемлекеттік келісімдермен және қаржы ресурстарымен қамтамасыз ету арқылы сақтау да бар. Сонымен бірге, делегаттар ҚР ҰКП-ның атын "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы" деп өзгерту туралы ұсынысын да қолдап дауыс берді.

ҰКП-ның үшінші Съезі 2016 жылдың 16 маусымында өтті. «Атамекен» ҚР ҰКП-ның үшінші Съезінде сатып алу, қаржылық ресурстардың қолжетімділігі, шағын несиелеу, мемлекеттік органдардың заңсыз тексерулері, ауылшаруашылық кооперативтерін дамыту мәселелері талқыланды. «Атамекен» ҚР ҰКП жұмыс қорытындысы туралы жыл сайынғы есеп, үш жылдық кезеңге ҚР ҰКП-ның индикативтік ортамерзімдік бюджеті бекітілді.

Сонымен бірге, Ұлттық палата Төралқасының кей мүшелерінің өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, қайта сайлау өтетіні, Басқарма құзыреттілігінің мерзімі бекітіліп, «Атамекен» ҚР ҰКП Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілетіні туралы хабарланды. Қазақстан кәсіпкерлерінің жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Хартиясы қабылданды.

ҰҚП-ның еншілес ұйымдары Инвестицияның рентабельділігін зерттеу жөніндегі агенттігі, Сыртқы сауда палатасы, «Тауардың шығу тегін сертификациялау орталығы» ЖШС, «Нарық мониторингі мен сараптама орталығы» ЖШС, «Төрелік іс жүргізу және арбитраж орталығы» ЖМ болып саналады.

2013 жылдың 8 қазанында 14 облыс орталығы мен Астана, Алматы қалаларында өңірлік Кәсіпкерлер палаталары құрылды.

Өңірлік кәсіпкерлер палаталары міндетіне еліміздің әрбір өңірінде кәсіпкерлік секторды өркендету мен дамыту, кәсіпкерлік саласында мемлекеттік саясатты жүргізу мен іске асыру кезінде бизнесмендердің мүдделерін есептеуге арналған институттық шарттарды қамтамасыз ету, бизнес пен тиісті өңір әкімшілігінің өзара механизмдерін жақсарту кіреді.

Бүгінде «Атамекен» Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесі мен Сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл кеңесі біріктіріліп, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов «Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесін құру туралы бұйрыққа қол қойды. Кеңеске ҰКП Басқарма Төрағасының кеңесшісі Қайырбек Сүлейменов төрағалық ететін болды.    

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан Іскер әйелдер кеңесі құрылған. Оны «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа хатшылығының басшысы Ләззат Рамазанова басқарады. Кеңесті құрудағы басты идея іскерлік ортада өңірдегі әйелдердің белсенділігін арттыру болып саналады.