astana-view

NARYK.KZ - Экспортқа жауап беретін мекеме құрылуы мүмкін

2016 жылғы 08 Желтоқсан
1365 просмотров

Сыртқы саудаға барынша көңіл бөліп, экспортты күшейту керек, деп хабарлайды palata.kz.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының кеңейтілген отырысында «Баян сұлу» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Тимур Садықов отандық тағам өнімін экспортқа шығаруда кедергілер бар екенін алға тартып, Үкімет мүшелері мен Палата өкілдеріне бірқатар мәселелерді атап өтті.

«Баян сұлу» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы бүгінгі таңда тағам өнеркәсібі өнімі саласында 2 мың кәсіпорын жұмыс істейтіндігін, экпортқа шығарылатын өнімнің жалпы көлемі 2 млрд-тан астам доллар болғаны туралы хабарлап, 2015 жылы тамақ өнеркәсібінің негізгі капиталындағы инвестиция 30 пайызға өсіп, 55 млрд теңгені құрайтындығын жеткізді. Алайда бұл соманың жеткіліксіз екендігін, экпортқа барынша көңіл бөліп, сыртқы сауданы күшейту қажеттілігі жайында да сөз қозғалды. Себебі еліміздің әлеуетті серіктестерінің бірі Қытай экспортының  үлесі 115 млрд доллардан асатынын, ал ел экспортының үлесі оның 10/1 бөлігін де құрамайтынын айтып,  екі елдің экспорт көлемін салыстыруға да болмайтынын  «Баян сұлу» АҚ Басқарма төрағасы жеткізді.

«Жақында «Баян сұлу» кондитерлік фабрикасы жылына 9 тоннаға дейін өнім шығаратын бисквит жасау цехын іске қосты, алайда өндіріс қуаттылығының 80 пайызын ғана қолданатын фабрика өзінің әлеуетін толық пайдаланып отырған жоқ. Осы ретте экспорт көлемін арттыру мәселесі туындап отырғанын айту керек. Қазіргі нарық талабында Қазақстанның географиялық орналасуы отандық тағам өнімдерін экпорттауға қолайлы. Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімшартта белгіленген талаптарға қарамастан, қазақстандық өнім өндірушілер Ресейдің сауда нарығына шығуда көптеген кедергілерге ұшырайды. Қосымша шығындар тауарымыздың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Көршілес елдің сауда желісіне шығуда Ресейдің ерікті сертификаты аясында берілетін қосымша сертификаттарды талап ету, төлемдерді кейінге шегеру, маркетингтік шығындар, қосымша төлемдер секілді кедергілер бар», – деді Тимур Садықов.

Кәсіпкердің айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ мүшелерінің келісімшартында бекітілген талаптар мен техникалық регламенттерге қарамастан, Ресей нарығына шығуда қосымша талаптар қойылып, отандық өндірушілердің сыртқы нарықтағы жұмысын қиындатып жебереді.

«Біздің экпорттық әлеуетімізді арттыруға тиімді болатын салаларды қолға алу мәселесі толық шешімін таппады. Отандық өнім өндірушілерде дәнді-майлы дақылдарды өсіру, кондитерлік өнімдерді дайындау, май шығару, ет өнімдерін жасауға үлкен мүмкіндік бар. Бірақ оларды өткізу, сату мәселесі де маңызды. Тауарды экпорттауды реттейтін мемлекеттік өкілетті органның болмауынан отандық кәсіпкерлерге заңнамалық талаптар мен экпортқа шығу тәртібін білместен тауарды өткізу көздерін өздеріне іздеуге тура келіп отыр. Тіл білмегеннен, нарықты толық зерттей алмағандықтан, визалық қолдаудың болмауынан қандайда бір нәтижеге қол жеткізіліп отырған жоқ», – деген Тимур Садықов экпорт көлемін арттыруды қиындатып отырған бірқатар мәселелерге баса назар аударды.

Кәсіпкер нарықты сараптайтын, сұранысты анықтайтын, экпортты үйлестіретін арнайы органды ұйымдастыру қажет деп есептейді. Қазіргі таңда Ресейде арнайы экпорттық орталық жұмыс істейді. Бұл мекеме экпорттаушыларға мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеуге, экпортқа шығуға көптеген қызмет түрлерін көрсетеді. Сол секілді бізде де отандық өндірушілердің сыртқы нарыққа шығуына қолдау мен көмек көрсетілу керек деген ол Елбасының экпортты дамыту мәселесін көтеріп, министрлік құру туралы бастамасын толық қолдайтындығын айтты.

«Сыртқы істер министрлігінің жанынан сапалы экпорттық жеткізілімді қамтамасыз ететін, Қытай, Өзбекстан, Иран, Түркіменстан сынды елдерге жеткізуге мүмкіндік беретін ұлттық экпорттық органның құрылғанын қалаймыз», – деді Тимур Садықов. Сондай-ақ кәсіпкер кедендік бос қоймалардың болғанына, арнайы жеңілдіктердің сақталуына қолдау білдірігені үшін алғысын білдіріп, маңызы айрықша Заңнаманың қабылданғанын күтетінін де жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер