astana-view

Алматыда ұлттық дәмхана ашылды

2016 жылғы 12 Ақпан
8497 просмотров

Бүгін Алматы қаласында «Қуырдақтың көкесі» атты ұлттық дәмханалар желісінің жаңа нүктесі ашылды. Мұнда қуырдақтың 15 түрі әзірленіп, ас мәзірінде тек қана ұлттық тағамдар  мен сусындар ұсынылады.

Ұлттық тағамдарды насихаттайтын «Қуырдақтың көкесі» ресторандар желісінің екінші нүктесінің ашылу салтанатында халықтық әндер шырқалып, ауылдың алты ауызы айтылды. Тойбастар да берілді. Белгілі  дәстүрлі әншілер Ерлан Төлеутай, Рамазан Стамғазиев дәмхананы әнмен әуеледі. Ал дастархан бетіне түгелдей ұлттық тағамдар: бауырсақ, құрт, балқаймақ, май, қымыз-шұбат толтырылған. Ас мәзірінен жылқы, қой, сиыр етінен жасалған тағамдар тізімін ғана көруге болады. Қызметкерлері де қазақы киімдер киіп, ұлттық этикеттің ерекшелігін танытып жүрді. Дәмхананың қонағы белгілі дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиев: «Ұлттық дәмхана ашу толғағы жеткен шаруа болатын. Біз әлемді аралай жүріп, әр ұлттың тағамын татып көрдік. Ал өз елімізде отырып, ұлттық тағамдарымызды насихаттай алмай келеміз. Шетелден қонақ келсе де, ұлттық дәстүріміз деп көрсететін жер жоқ. Сондықтан бүгінгідей ұлттық тағамдар дәмханасының ашылуы қуанарлық жағдай», – деп  қуанышын жеткізді.

Дәмхана қожайындарының бірі Еркебұлан Мәкенов: «Біз «Қуырдақтың көкесі» атты дәмханалар желісін ашқанымызға бір айдан астам уақыт өтті. Қазірге дейін бір дәмханамыз жұмыс істеп келген. Әзірге бұл кәсібіміз өзін-өзі түгелдей ақтап отыр. Келушілер де аз емес. Қонақтарымыз  риза болып, батасын беріп кетеді. Әрине, бұл бизнесті бір күнде бастап кеткен жоқпыз. Бастапқыда бірқатар мәселелер туындады. Оған екі ай көлемінде дайындалып, бизнес-жоспар жасадық. Сондықтан, қандай да бір кедергілер болды деп айта алмаймын. Әзірге бәрін өз күшімізбен жасап жатырмыз. Ал болашақта мемлекет тарапынан қандай да бір көмектер көрсетілсе, қуанар едік. Себебі, аймақтарға франшиза ретінде ашу жоспарымызда бар. Және бұл аймақтардан қолдауды қажет етеді. Қаражат жағынан болса да, ақпараттық жағынан болса да көмек қажет», – дейді.

Сонымен қатар, болашақта «Қуардықтың көкесі» дәмханасын қазақ тағамдарының брендіне айналдыру көзделуде. Бұл туралы дәмхана директоры: «Біздің дәмханамыздың ашылғанына айдан астам уақыт өтсе де біз қазақ тағамдарын зерттеп,  көпшілік біле бермейтін түрлерін қайта жаңғыртуға күш салып жатырмыз. Қазірдің өзінде қуырдақтың 15-ке тарта түрін әзірлейміз. Және осы түрлерін халықтың санасын сіңіруге барынша жұмыс жасап жатырмыз. Бірінші кезекте, тағамдардың сапасы мен дәмі назарға алынуда. Бренд уақыт өте ұзақ еңбектің нәтижесінде қалыптасады деп ойлаймын», – дейді.

Дәмхананың тағы бір ерекшелігі, мұнда арнайы «Ата-әжелер клубы» ұйымдастырылған. Яғни, әр жексенбі күндері қариялар келіп, замандастарымен шүйіркелесіп, әңгіме-дүкен құрады. Бұл үшін арнайы жеңілдіктер де қарастырылған.  Қарт адамдар үшін ас мәзірінің барлығына 40% жеңілдік бар. Осылайша, бұл дәмхана тек ұлттық тағамдарды ғана насихаттап қоймай, көнекөз қарияларымызға да көңіл бөлмек.

Айта кетейік, ұлттық дәмхананы белгілі кәсіпкер Ахметбек  Нұрсиланың бастамасымен құрылған «Бизнес бастау» кәсіпкерлік мектебінің түлектері  ашып отыр. Алматы қаласында жыл соңына дейін тағы 10 нүкте ашу жоспарлануда.  

Жания Әбдібек


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер