astana-view

2015 жылғы «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты: «Байқаудан кейінгі алғашқы қадамдардың маңызы зор»

2016 жылғы 16 Ақпан
9652 просмотров

«Атамекен» палатасында «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларына құжат қабылдаудың басталуына байланысты брифинг болып өтті

2015 жылғы «Алтын сапа» сыйлығының «Тұрғындарға арналған тауар өндіретін үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша лауреаты «Алтын Орда» ЖШС бас директоры Ырза Тұрсынзада байқаудағы жеңістен соң кәсіпорынның жұмысы қалай өзгергені туралы айтып берді. «Алтын сапаны» алғаннан кейінгі алғашқы қадамдар салмақты. Біз осыны сезіндік. Маған бүгін: «Сіздің суретіңіз қаланың бұрыш-бұрышында ілулі тұр»,– дегенді айтты. – Бұл да осы жеңістің арқасы, артынша біз «Халық қалаулысының» жеңімпазы атандық».

Тұрсынзаданың айтуынша, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Алтын сапа» сыйлығымен марапаттаған соң компания қызметі бұдан да тиімді бола түсті. «Біз еліміздің дамуына жұмыс жасаймыз және Президент үмітін ақтайтын боламыз. Бұл қажет пе, бұл мүмкін бе деп дал болып жүрген кәсіпорындарға айтарымыз: сөзіме сеніңіздер, бұл қажет әрі мүмкін»,– деді ол.

Былтыр «Алтын сапа» сыйлығының «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша лауреаты атанған «BI Holding» ЖШС басшысы Амангелді Омаров бұған дейін компания көптеген жеке компаниялар ұйымдастырған байқауларға қатысқанын айтты. «Олардың барлығы да ақылы түрде жүзеге асатын. Ал соңғы жылдары мыңдаған үлескерлерді алдап кеткен құрылыс компаниялардың бірі жылдың үздік компаниясы деп танылған соң, біз ақылы байқауларға қатысудан бас тарттық. Сондықтан, біз осы байқауға қатысуды жөн көрдік. Себебі, бұл Президент өзі табыстайтын сыйлық. Бұл байқаудың қорытындылары ең жоғары деңгейде анықталатынына сенімдіміз»,– деді ол.

Брифинг барысында Ұлттық палатаның Әлеуметтік-еңбек қатынастары департаментінің директоры Салатанат Әбдікәрімова «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларына қатысу өтінімдерін қабылдау ресми түрде ашық деп жариялады. «Байқауларға қатысуға ниет білдірушілер 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін ресімдеу, таныстыру және байқауға қатысушылардың материалдарын алдын ала бағалау ережелеріне сай ресімделген өтінімдер мен материалдарды өткізуі қажет. Материалдарды ресімдеу ережелері altynsapa.kz сайтында бар»,– деп хабарлады ол.

Сондай-ақ, ҰКП өкілі Палатаның жыл сайын байқауларды ұйымдастыру тәртібі, қойылатын талаптар, құжаттарды ресімдеу және т.б. қатысты үйрету семинарларын өткізіп отыратынын айтты. «Биыл бір күндік семинарлар елдің әр өңірінде сәуір-мамыр айларында өткізілмек. Семинарларды өткізу кестесі байқау сайтында жарияланатын болады»,– деді ол.

«Сапа саласындағы байқаулар жеңімпаздарға көшбасшы имиджін, жоғары сапалы бәсекеге қабілетті өнімдер мен қызметтер ұсынатын сенімді өндіруші беделін жақсартуға, жаңа серіктестер мен тапсырыс берушілерді тартуға, қолда бар нарықтағы үлесті сақтау мен арттыруға, кіріс мөлшерінің өсуіне септігін тигізеді. Тиісінше жаңа іскерлік мүмкіндіктер тудырады. Құрметті кәсіпкерлер, қоғам алдында өз кәсіпорныңыз ең үздік екенін, ал сіз өндіретін өнім сапалы әрі қауіпсіз екенін дәлелдеу мүмкіндігін жіберіп алмаңыздар!»,–деді  ол қорытынды сөзінде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер