astana-view

«Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары-2016»: дамудың жаңа мүмкіндіктері

2016 жылғы 31 Мамыр
7665 просмотров

Қазақстанда ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының үміткерлері мен республикалық «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысушыларды оқытатын семинарлар басталып кетті

Алғашқы семинар Астана қаласында өтті.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында бизнес өкілдеріне байқаулардың өткізілу тәртібі мен қатысу талаптары түсіндіріліп, ұйым қыметін өзіндік бағалау әдістемесі таныстырылды.

«Биыл байқау рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етіп, қос байқаудың негізгі идеясын кеңінен жариялап, оны әйгілендіру үшін Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған сараптау комиссиясының құрамына қаладағы танымал блогерлер енгізілді. Олар комиссияның барлық жиналыстарына қатысып, байқаудың соңғы жаңалықтарын әлеуметтік желілер арқылы жариялап отырады», – деді елордалық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Алмат Жүнісов.

«Атамекен» ҰКП жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі департамент директорының орынбасары Салтанат Әбдікәрімова «Алтын сапа» сыйлығына үміткерлерді іріктеу үш кезеңнен тұратындығын айтты. Бірінші кезең –Өңірлік кәсіпкерлер палатасы деңгейінде өтініштерді қабылдап, іріктеу.

«Сараптау комиссиясы тәуелсіз сарапшы-аудиторлардан, жергілікті деңгейдегі мемлекеттік органдар мен ӨКП өкілдерінен жасақталған. Олар ұсынылған материалдардың түгелдігін тексереді. Одан кейін өтінімдер «Атамекен» ҰКП деңгейінде құралған сараптау комиссиясына ұсынылады. Екінші іріктеу кезеңінен өткен қатысушылардың өтініштері ҚР Президенті әкімшілігінің жанынан құрылған әрі министрліктер мен республикалық қауымдастықтардың бірінші басшыларынан жасақталған сараптау комиссиясының қарауына жіберіледі», – деп мәлімдеді С.Әбдікәрімова.

Әр кезеңде қатысушыларға балл қойылады. Көбірек балл жинаған компания жеңімпаз атанбақ.

«Ел Президентінің Қазақстандағы ең үздік компания деген жоғары бағасынан бөлек, жеңімпаздар өзін жарнамалау мақсатында 4 жыл қатарынан «Алтын сапа» эмблемасын пайдалана алады. Ұйымдастырушы – «Атамекен» ҰКП бір жыл бойы жеңімпаз кәсіпорындарға ақпараттық демеу көрсетуді өз міндетіне алады. Одан бөлек, кәсіпорынның бизнес процесстері үлгі боларлық деп танылып, тираждау ұсынылады. Жеңімпазға Қазақстанның өзге де кәсіпорындары арасында өзінің жетекші тәжірибесін таратуға ұсыныс жасалады», – деді семинар қатысушыларына «Атамекен» ҰКП өкілі.

Атап өтерлігі, байқауда алғаш рет өз күшін сынап көруді жөн көрген әлеуетті қатысушылардың қатарында өткен жылдарда жеңімпаз атанғандар да болды. Мәселен, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің арасында «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымы бойынша 2011 жылғы жеңімпаз – «AmitechAstana» ЖШС.

«Алтын сапа» байқауына екінші мәрте қатысуға тілек білдірудегі мақсатымыз – компанияның сапа менеджментін жақсарту. Байқау осы аралықта атқарған қызметтерімізді жақсартудағы өз-өзімізді бағалау жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Байқауға тұңғыш қатысушыларға айтар кеңесім: өз-өздеріңізді қатты сынға алмаңыздар, өз жетістіктеріңізді төмендетпей, өздеріңізді объективті түрде бағалаңыздар. Өйткені, өткен жолы біз өзімізді тым қатал бағалаған едік, сарапшылар жоғары бағаламағанда, біз жеңімпаз атанбас едік», – деп өз ойымен бөлісті «AmitechAstana» ЖШС сату жөніндегі менеджері Абзал Сәдуақасов.

Естеріңізге сала кетсек, компания сумен жабдықтау және кәріз жүйесіне арналған әйнекті-пластикалық құбырлар шығарумен айналысады. Компания экспортқа бағытталған және өз өнімдерін Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей және Қырғызстан сияқты жақын шет елдерге шығаруда.

Салтанат Әбдікәрімова ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын табыстауға кәсіпорындар қатысса, республикалық «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауында тауарлар бағаланатындығын тағы бір мәрте ескертіп өтті. Байқауға қатысуға өтініштер осы жылдың 1 шілдесіне дейін қабылданады.

Осыған ұқсас оқыту семинарлары Қазақстанның өзге де өңірлерінде ұйымдастырылады. Ол семинарлардың өткізілу кестесін мына сайттан қарауға болады www.altynsapa.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер