astana-view

Алтын сапа: Телекоммуникация саласындағы табысты кәсіпорын

2016 жылғы 26 Шілде
2874 просмотров

Телекоммуникациялық құрал-жабдық шығаруда алғашқы қазақстандық өндірушілердің бірі саналатын «Элтекс Алатау» ЖШС өткен жылдың соңында Елбасының биік марапатына ие болды.

Алматы қаласында орналасқан аталған кәсіпорын 2015 жылғы «Алтын сапа» сыйлығының «Үздік инновациялық жоба» аталымындағы арнайы жүлдесін еншіледі. Тәуелсіздік Сарайында өткен мерейтойлық оныншы салтанатты рәсімде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өнім мен көрсетілетін қызмет сапасындағы жоғары жетістіктер бойынша үш басты сыйлықты тапсырған еді.

Әлемдегі беделді халықаралық байқаулардың өз алдына ұлттық баламасы болып есептелетін «Алтын сапа» шарасында додада бағын сынаған көшбасшы компаниялар 9 негізгі талап пен қосымша 40 бағалау сипаты тұрғысында сан қырынан таразыланды. Осы орайда «Элтекс Алатау» ЖШС-ны сарапшылар комиссиясы табысты отандық өндіріс ошағы ретінде ұйғарып, жаңа белестерге ынталандыруға шешім қабылдағаны белгілі. Мемлекет басшысының лебізін тыңдап, батасын алу бақыты бұйырған мекеме директоры Нұрлан Жәнібеков бүгінгі таңда да өздеріндегі өнім желісі мен ауқымын кеңейте беретіндеріне сендірді.   

«Алатау» инновациялық технологиялар паркінде 2012 жылы ашылғалы бері, Қазақстандағы бірқатар ірі серіктес компаниялармен жемісті байланыс орнатуға ұмтылдық. Бірден биік межелерді мақсат тұтып, сапаны бақылаудың 3 сатылы жүйесін іске қостық. GРОN құрылғылары, ІРТV медиаорталықтары, wi-fi нүктелері сынды мәселелерге қатысты импорт алмастыру өндірісін қолға алдық», - дейді Нұрлан Жәнібеков.

«Элтекс Алатау» ЖШС серіктес жақтарының бірі «Қазтелесистем» компаниясының өкілдері, бірлескен райда, GРОN технологиясының тұсауын кескендерін айтады.

«Жұмыстарды қысқа мерзімде әрі аз шығынмен еңсердік. «Элтекс Алатаудың» оқу орталығында өрісімізді ұзарттық. Әріптестеріміздің кәсіби шеберлігіне ризалығымызды білдіргіміз келеді», - дейді «Қазтелесистем» ЖШС атқарушы директоры Асылмұрат Құдайбергенов.     

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер