astana-view

Алматыдан «Алтын сапа» байқауына 25 кәсіпорын қатысады

2016 жылғы 01 Қыркүйек
- Алматы қаласы
8348 просмотров

Сарапшы комиссия өңірлерден лайықты үміткерлерді іріктеуге кірісті

Алматыда  Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына үміткер кәсіпорындарды конкурстық іріктеу кезеңі қызу жүріп жатыр. Сарапшы комиссия құрамында – Алматы Кәсіпкерлер палатасының басшылығы, Алматы қаласының Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы, Техникалық реттеу және метрология комитетінің департаменті, салалық қауымдастықтардың өкілдері, тәуелсіз бақылаушылар бар.

«Алтын сапа» сыйлығына үміткерлерді іріктеу үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – бұл өтінімдерді қабылдау және оларды «Атамекен» ҰКП Өңірлік кәсіпкерлер палаталары деңгейінде іріктеу. Бұл кезең қазір жүргізіліп жатыр. Екінші кезеңде – өтініштер «Атамекен» ҰКП деңгейінде құрылған Сарапшы комиссияға жіберіледі. Әрі қарай ҚР Президенті Әкімшілігі жанындағы сарапшы комиссия министрліктердің бірінші басшыларының және республикалық қауымдастықтардың  қатысуымен өтініштерді қарап шығады. Әр кезең сайын қатысушыларға ұпайлар қосылып отырады. Соған сай, ең соңында жеңімпаздар жинаған ұпайларына байланысты анықталады», – деді Алматы Кәсіпкерлер палатасының маманы Любовь Алексеева.

Алексееваның мәліметінше, биыл «Алтын сапа» байқауына қатысуға алматылық 36 компания өтініш білдірген. Оның 25-і бірінші кезеңнен сүрінбей өткен. 5 кәсіпорын байқауға бірінші рет қатысып отыр екен. Биік марапатқа үміткерлердің бірі – «Темірбетон» ЖШС. Зауыт темірбетон құрылымын өндіруші үздік бестіктің қатарына енеді. Өндіру қуаты – жылына 120 мың шаршы метр бетон.

«Кәсіпорында 437 адам еңбек етеді (73-і басшылық, қалғандары – жұмыскерлер, оның ішінде әйелдер де бар). Нарықтағы үлесі – 17 %. Жеткізу аумағы – Алматы және Қазақстанның өңірлері (теміржол арқылы). Кәсіпорын мемлекеттік стандарттар бойынша жұмыс топтарына, стандарттауға қатысады. Өзіміздің жеке зертханамыз бар. Елімізде алғашқылардың бірі болып бетон өндірісінде нафталиннің орнына поликарбоксилат қолдануды бастағанымызды мақтан тұтамыз. Біз бұл тәжірибені Еуропаның алдыңғы қатарлы кәсіпорындарынан алдық. Қоспа беріктігін арттыруға, өнімнің ұзақ сақталуына мүмкіндік береді. Өзімізді осы саланың үздігіміз деп санаймыз», – дейді «Темірбетон» ЖШС атқарушы директоры Асқар Бискультанов.

«Асфальтобетон» ЖШС да бәсекелесі сияқты жарты ғасырдан астам уақыт кеңестік кәсіпорындар базасында жұмыс істейді. Компанияда 730-ға жуық жұмыс орны құрылған. Өзінің жеке демалыс орны, асхана, медициналық орталық, кір жуатын орын, ателье сынды барлық әлеуметтік жағдайлары жасалған.

«Біздің құрал-жабдықтармыз өте сапалы. 2 ресейлік және 2 италияндық – 4 асфальт зауыты жұмыс істейді. Есесіне шикізат көзі таза қазақстандық. Гудронды Шымкенттен сатып аламыз. Оларды тотықтырып, асфальт пен асфальтобетон өндіру үшін битум аламыз. Жыл сайын 830 мың тонна асфальт бетон өндіреміз. Өнімді оңтүстік өңірлерге жеткізгеннен тыс, өз қаламызды қамтамасыз етеміз. Алматыдағы нарық үлесі 60%-ға жетеді. Біздің асфальтпен Шығыс айналма автожолы, барлық көлік жолайрықтары, қала көшелері, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жобасы бойынша Алматы-Талдықорған жолы салынды. Өніміміз шудың аздығымен (ұсақ қиыршық тастар пайдаланылады), төзімділігімен, ұзақ сақталуымен (10 жылға кепілдік), үнемділігімен ерекшеленеді. Қысқасы, біз байқауда оңай беріле салатын қарсылас емеспіз», – деп әзілдей ескертеді «Асфальтобетон» ЖШС техникалық директоры Кәміл Супиев.

Президенттің жоғары бағасы мен Қазақстанның үздік компаниясы атағынан бөлек, жеңімпаздар 4 жыл бойы «Алтын сапа» таным таңбасын жарнамалық мақсатта пайдалана алады. Жыл бойы ұйымдастырушы – «Атамекен» ҰКП – жеңімпаз кәсіпорынға ақпараттық қолдау көрсетуге міндеттеледі. Кәсіпорын бизнесінің ары қарай дамуына жол ашылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер