astana-view

Кәсіпкерлікті дамытудың ұтымды 10 қадамы

2017 жылғы 09 Қаңтар
141185 просмотров

Үстіміздегі жылдың 9 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Үкімет жұмысындағы басым бағыттардың бірі ретінде жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуді белгіледі.

Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, жекелей алғанда ауыл шаруашылығы кооперациясы және экспорттық әлеуетті әртараптандыру бойынша тапсырмалар берілді.

Елбасы жүктеген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, кәсіпкерлікті дамытуға арналған 10 қадамды ұсынады.

1. ШАҒЫН НЕСИЕЛЕУДІҢ КӨКЖИЕГІН КЕҢЕЙТУ

Қазіргі таңда бизнеске шағын несиелер  «Бизнестің жол картасы-2020» (6% жылдық мөлшерлемемен 10 млн теңгеге дейін), «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» (5% жылдық мөлшерлемемен 3 млн теңгеге дейін) бағдарламалары аясында және «ҚазАгро» холдингі (Шағын несие ұйымдары (ШНҰ) арқылы 9,5/12% жылдық мөлшерлемемен 3 млн теңгеге дейін)  арқылы беріледі.

Бұл бағдарламалардың тиімді қаржыландыру жағдайларына қарамастан, кәсіпкерлер кепілдікті қамтамасыз ету, қажетті құжаттардың көп болуы және жобаға қолдау көрсетудің жоқтығы сынды мәселерге кезігеді.

Мысалы, кәсіпкер «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша шағын несие алу үшін бас-аяғы 13 құжат өткізуі керек.

Жалпы, 2016 жылдың 1 шілдесіндегі дерекке сүйенсек, Қазақстанда 342 ШНҰ белсенді саналуда және бұл тұста шағын несие нарығының тең жартысына жуығын «КМF (КМФ) шағын қаржы ұйымы» ЖШС иеленуде (бастапқыда USAID қорландырса, бүгінде қазақстандық құрылтайшылар сатып алған). 2015 жылы ШНҰ барлығы 120 млрд теңгеге 567 мың шағын несие берген.

Сонымен бірге, ауылдық жерлерді шағын несие қызметтерімен қамту төмен деңгейде қалуда. Ауылдық жерлерде тек 75 ШНҰ белсенді әрекет етуде. Атырау облысында ШНҰ ауылда жұмыс істемесе, Ақтөбе облысында тек 2 ШНҰ белсенді, Маңғыстау облысында – 1 ШНҰ.

Өз кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлердің көбісі үшін жоғары пайыздық көрсеткіштерге байланысты (жылдық орташа есеппен 40%) шағын несие алу мүмкін болмай отыр.

Сол себепті, осы жылдың басында «Атамекен» ҰКП жеке инвестицияларды тарту  және жергілікті бюджет қаражатының есебінен 5 пилотты облыс бойынша шағын несиелеуге кірісті. Олар: Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай және Маңғыстау облыстары.

«Атамекен» ҰКП жүзеге асырып отырған шағын несиелеу тәсілдерінің артықшылығы кепілдік беру бойынша икемділік, кепілдікті қамтамасыз ету, кәсіпкерлерді оқытудан бастап оларды жүзеге асыруға дейін бизнес-жобаларды қолдау, кооперация мүмкіндіктері және тікелей өткізу болып табылады.

Шағын несиелер 15 млн теңгеге дейінгі сомада жылдық мөлшері 6%, салалық шектеулерсіз 5 жылға беріледі. Сондай-ақ шағын несиені алу үшін кәсіпкер бар-жоғы 5-6 құжат тапсыруға міндетті. 

Шағын несиелеу қызметнің кең ауқымды болуын «Атамекен» ҰКП инфрақұрылымының дамығандығы, оның ішінде аудандық деңгейде, қамтамасыз етуде. Бүгінгі таңда облыстық деңгейде 23 Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы (КҚКО) және аудандық деңгейде 188 Кәсіпкерлерді қолдау орталығы (КҚО) жұмыс істеуде – 152-сі аудан орталықтарында, 9-ы шағын қалаларда және 27-сі моноқалаларда.

КҚКО мен КҚО тараптарында кәсіпкерлерді оқытып, Шағын несие ұйымдарынан несие алу үшін бизнес-жоспар жасауға және қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектеседі. Нәтижесінде кәсіпкерлер тегін бухгалтерлік және заңдық қызметтердің игілігін көруде. 

Бүгінгі таңда 5 пилоттық облыстың шағын несиелеу ұйымдарына 1 942 млн теңге көлемінде 365 өтініш келіп түскен. Қазірдің өзінде 852 млн теңге көлемінде 185 жоба қаржыландырылды.

Осылайша, Бизнестің жол картасы-2020, Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020, ҚазАгро құралдары арқылы шағын несиелеудің көлемін кеңейту үшін келесі шаралар ұсынылады:

- сомасы, пайыздық мөлшерлемесі, кепілдік бойынша икемділігі, құжаттарға талаптардың жеңілдетілуі тұрғысынан «Атамекен» ҰКП шағын несиелеу тәжірибесін қолдану;

 - сервистік қызметтер (бухгалтерлік, заңдық және тағы басқа), жобаны сүйемелдеу, бизнес-жоспар жасау, оқыту бойынша мемлекеттік тапсырма түрінде (аудандық КҚО күшейту үшін жыл сайын 3 млрд теңге) «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» барлық мемлекеттік бағдарламалары жөнінен шағын несиелеудің сервистік бөлігіндегі бірыңғай оператор қызметін «Атамекен» ҰКП-ға беру. «ҚазАгро» холдингі құралдары аясындағы сервистік қолдау қызметін табыстау мәселесін аталған холдинг өкілдерімен арнайы жұмыс тобында талқылау ұсынылады.;

 - «Атамекен» ҰКП тәжірибесін ескере отырып, өзінің шағын несиелеу жүйесі арқылы, Мемлекет басшысының нұсқауымен жіберілетін жалпы сома көлемінен 2017 жылы 10 млрд теңгені игеруге дайын.  

2. ХАЛЫҚТЫ ЖАППАЙ КӘСІПКЕРЛІК НЕГІЗДЕРІНЕ ОҚЫТУ

Бүгінгі таңда халықты бизнестің негіздеріне оқытып-үйрету «Бизнес-Кеңесші» және «Бизнес-Өсім» жобалары бойынша «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда.

Осы арада оқыту тақырыбына байланысты «Бизнес-Кеңесші» жобасы бойынша оқыту 2 күн ішінде, ал «Бизнес-Өсім» жобасы бойынша 2-5 күн аралығында жүргізіледі.

Бизнестің қыр-сырына үңілуге дайын емес аудиторияны, әсіресе, ауыл халқын осындай мәнерде оқыту тиімсіз және қасаңдық құрсауынан шыға алмауда.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Үкіметінің қолдауымен  халықты жұмыспен қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды жүзеге асыру, әлеуметтік қысымды азайту, сондай-ақ өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту аясында, Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында «Bastau Бизнес» және «Bastau Кәсіп» атты екі пилоттық жобаны аяқтады.

«Bastau Бизнес» жобасы кәсіпкерлікті ауылда дамытуға бағытталған. Сондай-ақ, ауыл халқының жұмыспен қамтылу деңгейін бизнес-бастамалар мен халықты кәсіпкерлік негіздеріне жан-жақты үйрету арқылы көтеруді мақсат тұтады.

«Bastau Бизнес» жобасы бойынша оқыту ұзақтығы 1 айды құраса, бұл бизнеске оқытудың басқа бағдарламалары ұзақтығынан 6-дан 10 есеге дейін асып түседі.

Жобаны жасау барысында бизнеске оқыту бойынша мемлекеттік бағдарламаның кемшіліктері ескерілді: «келте қайырылуы», дара көзқарастың жоқтығы, қатысушыларды іріктеу жүйесінің жоқтығы, үйде оқыту мүмкіндігі, жобаның өне бойы сүйемелденбеуі, көшпелі кеңестер және т.б. 

«Bastau Бизнес» жобасы 5 кезеңде жүзеге асырылады: 1) халықты жобамен құлақтандыру және таныстыру; 2) тестілеу жүргізу мен қатысушыларды іріктеу; 3) тәжірибелік оқыту; 4) бизнес-жоспарды жан-жақты талқылау, бизнес-жоспар жасау; 5) жобаны микронесиелеу беруді қоса алғанда, алғашқы 12 ай бойы ілгерілету.

«Bastau Кәсіп» жобасының ерекшелігі еңбек нарығының сұранысына бағдарланғандығында болып табылады. Бұл оқыту және жұмыспен қамту қызметтері арқылы жүзеге асырылады (Naimi.kz сервистік базасының мобильді қосымшасы, біртұтас call-орталық, тапсырыстарды онлайн режімде оқыту және іздеу).

«Атамекен Бизнес Академиясы» онлайн-оқыту жобасы жүзеге асырылу үстінде. Сондай-ақ, бизнес-жаттықтырушыларды дайындау үшін әдістемелік орталық құрылады.

Ұзақтығы жөнінен оқытудың қысқа мерзімді мемлекеттік бағдарламасынан 6-10 есе асып түсетін «Bastau Бизнес» жобасының тиімділігін, жобаның икемділігі мен бейімділігін, бизнес-жоспарларды сүйемелдеу сәттері байқалатынын ескере келе, онымен Қазақстан Республикасының барлық өңірлерін кең ауқымды қамту және «Бизнестік жол картасы-2020» бірыңғай бизнесті қолдау мен дамыту бағдарламасы аясында кәсіпкерлікті қаржылық емес қолдау құралдарына қосу ұсынылып отыр.

«Bastau Кәсіп» жобасын толыққанды жүзеге асыру және кеңейту мақсаттарында Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінде оны «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасына ықпалдастыру ұсынылады. Бұл жерде тиісті орталық мемлекеттік органдардың (Білім және ғылым министрлігі, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі) ресурстарын аталған жобаны барынша тиімді жүзеге асыру үшін пайдалану қажеттігі де аңғарылады.

Осыған байланысты кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі аталған мәселелерді «Бизнестің жол картасы-2020» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламаларына енгізу және бейімдеу бойынша тиісті жұмысты жүргізу ұсынылады.

Барлық «Атамекен» ҰКП оқыту бағдарламалары шағын несиелеу жүйесімен байланыстырылатын болады.

Оқыту қорытындысы бойынша бизнесті бастауға арнайы шағын-индустриалды аймақтар мүмкіндік жасай алады. Оның аясында бір сала бойынша (мысал үшін, барлық тігін кәсіпорындары) жасақталған шағын және орта бизнес кәсіпорындары енгізіледі. Бұл жобаның жалпы атауы – «Шеберлер қаласы».

Шағын индустриалды аймақтарда 1-2 га көлеміндегі жерге 20-дан 60-қа дейінгі компаниялар орналастырылады. Шағын индустриалды аймақтар ауқымы, нақты елді мекендердегі тұтынушылар сұранысына және де инженерлік коммуникацияларға жақын жер телімдерінің қолжетімділігіне қарай (оны тарту құнын төмендету үшін) кең көлемде қарастырылатын болады.

Шағын индустриалды аймақ құру үшін мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетігі арқылы бос тұрған өнеркәсіптік ғимараттар мен жайларды қолданған абзал.

Польша, Түркия сынды елдердің тәжірибесі қажетті базалық инфрақұрылымдары бар осындай бизнес-инкубаторлардың шағын өндірістік кәсіпорындар мен бизнесін енді бастаған өндірушілер үшін қолдаудың негізгі нысанына айналғанын көрсетіп отыр. Мұндай құралдар оларға бастапқы кезеңде қалыптасуға және өсуге көмектеседі.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында (Бизнестің жол картасы-2020, Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020) қаржыны еліміздің барлық өңірлерінде инженерлік коммуникацияларын тартқан райда, дайын жылдам тұрғызылатын ғимараттар мен өнеркәсіптік бағыттағы құрылыстар түрінде шағын индустриалды аймақтар құруға бағыттау ұсынылып отыр. Ол жерде жалға алу шарттары бойынша шағын өндірістік кәсіпорындар орналастырылады.

3. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КООПЕРАЦИЯЛАРЫН ДАМЫТУ

Агроөнеркәсіптік кешеннің дамуын тежеп отырған мәселелердің бірі көбінесе өндірістің шағын тауарлық сипаты болып табылады.

 Аталған мәселені шешу үшін 2015 жылдың қазанында Қазақстан Республикасының «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңы қабылданды. Сондай-ақ 10 пилоттық кооператив құру бойынша ҰКП мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің (АШМ) бірлескен жоспары жүзеге асырылып жатыр.

Осымен бірге, Ұлттық палатада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге «200 ауыл шаруашылығы кооперативі» атты бағдарлама жасалып жатыр. Бүгінгі таңда 7 мыңға жуық шаруа/фермерлік қожалықтар мен жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіретін 283-тен астам ауыл шаруашылығы кооперативіне қолдау білдірілді.

Оған қоса, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріккеннен кейін «арзан» ақшаға қолжетімділіктің болмауы сынды мәселелерге ұшырасады.

Қаржыға қол жеткізу проблемасын шешу үшін ауыл шаруашылығы кооперативтеріне мыналар ұсынылады:

- халықтың кооперативтерге біріккен жеке қосалқы шаруашылықтарының микронесиелеу басымдықтарын айқындау;

- «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ институттары арқылы жеңілдікпен несиелеудің жаңа өнімін енгізу.

Өнімнің белгіленген бағасын анықтау сараптамасы, тікелей сату  жүйесінің жоқтығынан бағасы 20-40%-ға қымбаттап жатқындығын көрсетіп отыр.

Сол себепті, желілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері арасында  сауданы дамыту үшін үшсатылы  тәсілді пайдалану ұсынылып отыр:

  1. өндірістің мамандануын және желілермен тікелеу сауданы тереңде отырып, фермерлердің кооперативтерге бірігуі;
  2. фитосанитарлық және ветеринарлық бақылауға жататын ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, орау, сақтау, тасымалдау және сату үшін пилоттық Көтерме-тарату орталығының тұжырымдамасын жүзеге асыру;
  3. көрші мемлекеттердің ұқсас желілеріне ықпалдаса отырып, өнімдерді аймақтар арасында және сыртқы өткізу нарығына экспортқа бөлу үшін Көтерме-тарату орталығының тиімді желісін қалыптастыру.

Бұрынғы қадамдарды жүзеге асыру бойынша жасалған жұмыстарды ескере келгенде, ауыл шаруашылығы кооперацияларын қолдау жүйесі төмендегіше түзілетін болады:

- жергілікті жерлерде ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстарын жүргізу;

- халықты бизнестің негіздеріне, бизнес-жоспар жасауға үйрету;

- микронесиелеу арқылы қаржыландыру немесе «ҚазАгро» ҰБХ арқылы жеңілдікпен қаржыландыру;

- ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуды/қайта өңдеуді ұйымдастыру.

4. БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ БИЗНЕСТІ ҰЗАҚМЕРЗІМДІ МЕМЛЕКЕТТІК ТАПСЫРЫСТАР ЕСЕБІНЕН ҚОЛДАУ

Қалыптасқан экономикалық жағдайда отандық тауар түрлеріне сұранысты ынталандыру маңызды.

Аталған жағдай бойынша маңызды орынға мемлекеттік сатып алулар, квазимемлекеттік секторлар мен жер қойнауын пайдаланушылар бойынша сатып алулар аясында күнделікті және жиі сұранысқа түсетін тауарлар ие болады.

Күнделікті сұранысқа ие тауарлардың (киім, аяқ киім, азы-түлік, жиһаз) жылдық мөлшері 1,9 трлн теңгені құрайды. Сонымен қатар, отандық тауар түрлеріне сұраныс орта есеппен 30%-дан аспай отыр.

Ал мемлекеттік сатып алулардың, квазимемлекеттік секторлардағы сатып алулар мен жер қойнауын пайдаланушылардың жалпы көлемі шамамен алғанда 9,7 трлн теңге болса, отандық деңгейдің үлесі – 57 пайыз.

Сол себепті, бәсекеге қабілеттілікті арттыру бойынша тиісті шараларды қолдану керек. Ол үшін жергілікті қамту үлесін мемлекеттік қолдаулар көрсету мен ұзақмерзімді келісімшарт жасау арқылы арттырған жөн.

Осыған байланысты, Үкіметтік деңгейде ұзақмерзімді келісімшарттар жасау арқылы жергілікті қамту үлесін арттыру комиссиясын құру және өнеркәсіптің өңдеу секторы кәсіпкерлерін мемлекеттік қолдаудың кешенді шараларын қабылдау қажет.

Отандық тауар түрлерін ынталандырудың маңызды тетіктерінің бірі мемлекеттік сатып алулар жүйесін орталықтандыру болып табылады.

Мысалы, АҚШ-та АҚШ мемлекеттік тапсырыс беру кеңсесі (Келісімшарт кеңсесі) бар. Ол жерде барлық сатып алулар ұзақ мерзімді мемлекеттік келісімшарттар бойынша жүргізіледі.

АҚШ Үкіметі тауар өндірушілермен бірге барлық процесті жүзеге асырады. Сонымен қатар, тауарлар мен қызметтерге арналған  мемлекеттік келісімшарт, несие беру мақсатында, кепілдік құжат ретінде америкалық коммерциялық банктермен жүзеге асырылады.

«NADLоC» жергілікті қамтуды дамытудың Ұлттық агентігі» АҚ базасында, АҚШ тәжірибесіне сүйене отырып, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының сенімді басқаруымен, мемлекеттік тапсырыс берудің орталықтандырылған кеңсесін құру ұсынылады.

Мемлекеттік қолдаулардың кешенді шараларын алу және ұзақ мерзімді келісімшартқа отыру үшін (мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулар) кәсіпкерлерді іріктеу түсінікті және нақты талаптар негізінде жүргізілуі тиіс. Оларға  индустриалды сертификат пен кәсіпорынның болашағы жоспарланған стратегиялардың болуы және 2-5 жылдың ішінде ЕАЭО, Қытай, Иран елдеріне экспортқа шығу үшін алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу жатады.

Сонымен қатар, кәсіпкерлерге қойылатын талаптардың бірі, бірыңғай біліктілік орталығында міндетті оқудан өту болады. Онда, беделді халықаралық компаниялар ауқымындағы алдыңғы қатарлы тәжірибені қосқанда, жоғары және орта буын менеджерлері үшін барлық іс жүзіндегі оқу бағдарламаларын біріктіру жүргізілмек («Аға сеньорлар», басқа да бағдарламалар).  

Осылайша, ішкі сұраныс есебінен кәсіпкерлерді қолдау, экспортты дамыту бағдарламасымен байланыстырылмақ.

5. ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ЭКСПОРТҚА БАҒДАРЛАНУЫ – ЭКОНОМИКА ӨСІМІНІҢ НЕГІЗГІ ДРАЙВЕРІ

Мемлекеттің экономикалық дамуының  бәсеңдеуі, бізді  дамуға жетелейтін жаңа күштерді іздеуге итермелейді. Егер ондаған жылдар бойы ел экономикасы ірі компанияларға тәуелді болып келсе, бүгінгі күні біз ол жағдайды өзгертіп, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуымыз керек. Әсіресе, экспортқа бағытталған кәсіпорындарға назар аударғанымыз жөн. Олар өз кезегінде тауарларын Қытай, Ресей, Иран сынды елдердің үлкен нарығына шығара алатын еді.

Шағын және орта кәсіпкерлік секторының да ішкі проблемалары баршылық. Мысалы, дамыған елдерде шағын және орта кәсіпкерліктің экспорттағы үлесі қазақстандық көрсеткіштерден он есе жоғары – 25 пен 50 пайыз арасында болып отыр. Бұл ел кәсіпкерлерінің айтарлықтай бөлігі сауда секторында екендігімен, ал өзге озық елдерде керісінше өндіруші болып отырғандығымен түсіндіріледі. Мәселен, Польшада шағын және орта кәсіпкерліктің 93% кәсіпорындары экспорттық қызметпен шұғылдануда.

Бүгінде Қазақстанда экспортты қолдаудың жалпыға мойындалған барлық мемлекеттік қолдау шаралары бар, олар түрлі мемлекеттік мекемелер арасында «шашырап кеткен». Бұл шаралардың келісілмеуіне, экспортты қолдау жөніндегі ұйымдардың арасында бірдей функциялар жүктеуге әкелуде. Органдар арасындағы осы түсініспеушіліктердің бәрінен кәсіпкерлеріміз жапа шегіп отыр.

Сондықтан, экспорттаушыларды қолдау жан-жақты тетік болып саналатындығын және түрлі құралдарды пайдалануды қажет ететінін ескере отырып, барлық шараны бірыңғай әрі жүйелі үдеріске байланыстыру қажет. Бұл үшін Экспортты ілгерілетудің ортақ стратегиясын әзірлеп, қандай компаниялардың экспортқа шығуға әлеуеті бар екенін анықтаудан бастап, өзге елдерде түрлі көрмелер мен алаңдар ұйымдастыруға дейінгінің бәрін қамту керек.

Түпкі мақсат осы кәсіпорындарды табу және экспорттық нарықтарға ілгерілету болып табылады. Егер олар жеткіліксіз болса, онда олардың қатарын өсіру үшін қалыптасу кезеңінде мемлекеттік тапсырысты ұзақмерзімді негізде (3 жылға келісімшарт) алуы үшін басымдықтар беруге дейінгі түрлі қолдауларды қамтамасыз еткен жөн.

Осыған байланысты экспортты қолдаудың барлық шарасын бір терезе қағидатындағы оператормен бірге шағын және орта кәсіпкерліктің экспортқа бағдарлануы мәселесіне шоғырландыра отырып, Экспортты ілгерілетудің жаңа стратегиясын әзірлеу ұсынылады.

Аудан орталықтарына дейін өңірлік  инфрақұрылымы қалыптасқанын, орта және ірі кәсіпорындардың сандық негіздегі базасы, шетелдердің сауда-өнеркәсіп палаталарымен жолға қойылған байланысы бар екенін ескерсек, экспорт саласындағы бірыңғай операторды «Атамекен» ҰКП  басқара алар еді.

6. КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУДЫҢ ӨҢІРЛІК КАРТАСЫ ИНДУСТРИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ШЕШІМДЕР ҚАБЫЛДАУҒА НЕГІЗ БОЛАДЫ

Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы – бұл бизнес-навигаторды білдіретін электронды портал. Ол жерде кәсіпкерлер, инвесторлар мен бизнеске қызуғушылық танытқан басқа да қатысушылар үшін маңызды ақпараттар топтастырылған.

Бизнес-навигатор мемлекеттік қолдау шаралары және кәсіпкерліктің дамуы, еліміздің барлық өңірлері бойынша жүргізілген талдаулар туралы (әлеуметтік-экономикалық дамыдың негізгі көрсеткіштері) ақпараттарды ұсынады.

Сондай-ақ порталда бизнес-субъектілер туралы маңызды байланыстар және басқа да керекті ақпараттар берілген еліміздегі Кәсіпкерлердің бірыңғай реестрі орналасқан.

Өңірлік карта индустриалдық және инвестициялық шешім шығарудың негізі бола алады.

Қазіргі таңда өңірлік картада 105 инвестициялық жоба белгіленген. 103-тен астам мемлекет өкілдері  қызығушылық танытып, қазірдің өзінде  порталға кіріп жатыр.

Сонмен бірге, кәсіпкерлер болашақта инвесторларды тарту үшін, бизнес-идеяларының инвестициялық жоба деңгейіне жетпей қалу мәселелеріне кезігіп отыр. Ал кәсіпкер ұсынған инвестициялық жобалар инвесторлардың талаптарына сәйкес келе бермейді.

Осыған орай, ұсынылады:

 - жобаны Индустрияландыру картасына енгізу туралы шешім қабылдар кезде Өңірлік үйлестіру кеңесін  Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасындағы мәліметтерді ескеруге міндеттеу;

 - «Бизнестің жол картасы-2020» бірыңғай бағдарламасына кәсіпкерлердің Техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) жасау кезіндегі шығыстарын өтеу жөніндегі мемлекеттік қолдау шарасын қосу. Осы орайда ТЭН жасау қызметін көрсету бойынша компанияларға талаптарды бекіту;

 - өңірлік карта базасындағы нарық туралы негізгі деректер арқылы аумақтық нарықтағы оңтайлы бос орынды іздеудің құралы ретінде «бизнес-конструктор» қағидаты бойынша кіші жүйе құру.

7. «ҮКІМЕТ БИЗНЕС ҮШІН» СЕРВИСІН ҚҰРУ

Соңғы жылдары мемлекет бизнесті қолдау шараларының инфрақұрылымына бастамашылық етіп, оны жүзеге асырды, қажетті бағдарламалар мен институттарды құрды. Бүгінде осы қолдау шараларын шоғырландыратын, кәсіпкерлерді қолдауды «Азаматтарға арналған Үкімет» сияқты «бір терезе» арқылы ұсына отырып, оларды ыңғайлы әрі тиімді ететін кез келді.

Осы орайдағы, «Үкімет бизнес үшін» жобасы қолдау шараларын «бір терезеге» шоғырландырудан синергиялық әсер тудыруға, кәсіпкерлерге арналған қолдау шараларының қолжетімділігі мен ауқымын ұлғайтуға, қолдау шараларын алу үдерісінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Аудандық деңгейге дейін инфрақұрылымдары мен кәсіпкерлікке сервистік қызмет көрсету тәжірибесі бар екенін ескерсек, Үкімет тарапынан үйлестіре отырып, операторлықты «Атамекен» ҰКП-ға жүктеу ұсынылады.

Үкімет бизнес үшін дегеніміз, бұл – даму институттары көрсететін субсидиялаудан, грант беруден, сертификаттаудан бастап, факторингке, сауда алаңына, арнайы экономикалық аймақтарға, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға дейінгі барлық шараларды бизнес үшін біріктіре отырып, кәсіпкерге кеңес беретін, қызмет пен сервисті бірыңғай стандарт пен форматта көрсететін бір терезе.

8. МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ БАҚЫЛАУ-ҚАДАҒАЛАУ ФУНКЦИЯЛАРЫН ҚАЙТА РЕТТЕУ

Жалпы республика бойынша бақылау және қадағалау функцияларын 61 ведомство жүзеге асырады (соның 45-і орталық мемлекеттік органдардыкі, 16-сы өңірлердегі жергілікті атқарушы органдардан).

Мемлекеттік функцияларға жасалған талдау аталған ведомстволар түрлі салада 512 бақылау функциясына ие екенін, бұл тотальді мемлекеттік бақылауды білдіретінін көрсетті. Бұл ретте кәсіпкерлерге қатысты тексеру парағында 18 мыңнан астам талап бар екен (ең көбі өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында – 10 мыңнан астам). Сонымен бірге, тексеру парағынан тыс санитарлық нормалар мен ережелердің 8 мыңнан астам талабы бар. Бұлар да мемлекет тарапынан бақыланады.

Мемлекеттік бақылаудың негізгі міндеті өнім (жұмыс, қызмет)  қауіпсіздігін қамтамасыз ету болуы тиіс. Сапа мәселесі нарықтың өзі арқылы реттелуі қажет, өйткені нарықтың басты діттегені – іскерлік бедел, тұтынушыны тарту және тұтынушыға стратегиялық бағдарлану. Бұл – бәсекелі нарықта істейтін әрбір ұйымға және әрбір кәсіпорынға аса маңызды.

Алайда, елде сапа мәселесі (стандарттар, құрылыс нормалары мен ережелері, гигиеналық нормативтер, типтік қағидалар) мемлекеттік органдар арқылы  тексеріледі және көп жағдайда сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызады.

Осыған байланысты мынадай ұсыныстар бар.

1) тексеру жүргізу кезінде бизнес субьектілерінен талап етілетін талаптарды қысқарту жұмыстарын атқару;

2)  тауардың (жұмыс, қызмет)  қауіпсіздігін бақылау мен тауар (жұмыс, қызмет) сапасын бақылауға қатысты мемлекеттік бақылаудың ара-жігін ажырату;

3) ұсынылатын тауар, жұмыс және қызмет сапасы бойынша бақылау функцияларын бәсекелі ортаға (өзін өзі реттей ұйымдарға – ӨРҰ)  беру, бұл ретте кәсіпкерлік субьектісін тауар (жұмыс, қызмет) сапасы талаптарына сәйкестікке мониторингтеу қорытындысы бойынша ӨРҰ ақпараты  Тауекелдер басқару жүйесінде ӨРҰ-да ескерілетін болады, сол арқылы адал кәсіпкерлерге қатысты қауіпсіздік талаптарына сәйкестікті тексеру санын азайтады;

4) мемлекеттік бақылауды біртіндеп кәсіпкерлердің тұтынушы алдындағы жауапкершілігін міндетті сақтандырумен алмастыру;

5) Кәсіпкерлік кодексіндегі тексерулер жүргізудің жалпы тәртібінен ерекшеліктер санын қысқарту. 

Жалпы алғанда, мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларына ревизия жүргізу қажет.

9. ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖӘНЕ ӘКІМШІЛІК ЗАҢНАМАНЫ ОДАН ӘРІ ІЗГІЛЕНДІРУ

1) Жаңа Қылмыстық кодексте экономикалық қылмыстар бойынша айтарлықтай жеңілдеу байқалмайды. Олардың кейбіріне қатысты жаза кісі өлтіру жазасымен бара-бар. Мысалы, жалған шот-фактура үзіндісі үшін, салықтан жалтарғаны үшін, жалған кәсіпкерлік үшін он жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Жазалаушы шаралардан алдын алу тәжірибесіне біртіндеп келу саясаты жүргізіліп отырғанын ескерсек, экономика саласындағы қылмыстық құқықбұзушылыққа экономикалық жауапкершілік шараларын қолданған жөн.

Жалған кәсіпкерлік жөніндегі қылмыстық процесс барысында обьективтілік және зерттеудің толыққандылығына қатысты заңнама талаптары сақталмайды. «Жалған кәсіпкерлік» құрамының өзі қылмыстың өзге құрамдарын қайталайды (іс жүзінде бұл салық төлеуден, банк несиесін төлеуден жалтарудың, алаяқтықтың бір амалы).

Заңды тұлғаларды (жалған кәсіпорындарды) тіркеуді болдырмаудың кесірлі тәжірибесі қалыптасты. Олардың контрагенттермен арадағы барлық мәмілелері жарамсыз деп танылады. Нәтижесінде, соңғыларына қосымша салық сомалары мен айыппұлдар жазылады.

Қылмыстық қудалау сондай-ақ «жоспардан тыс» тексеру үшін қолданылады және әлі күнге дейін бизнеске қысым жасаудың құралы болып қалып отыр. Егер әдеттегі тексеру үшін мемлекеттік орган бұл әрекетінің негізділігін прокуратурада дәлелдеуі тиіс болса, қылмыстық қудалауды бастау үшін мұндай кедергілер жоқ.

2) «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» жаңа кодекстің таяуда қабылданғанына қарамастан, онда шешуді қажет ететін бірқатар мәселелер қалып отыр.

Бүгінде кодексте жалпы 608 құқық бұзу құрамы көрсетілген, соның 400-ден астамы кәсіпкерлік қызмет субьектілеріне қатысты қолданылады. Кәсіпкерлерге қатысты осы 400 қылмыстық құрамның тек 14 бабы ғана «ескерту» түріндегі жазаны қарастырады.

Сондықтан Кодексте үлкен қоғамдық қатер төндірмейтін қылмыстық құрамдар бойынша ескерту, алдын алу институтын кеңінен қолдану қажет.

Осы мақсатта ұсынылады:

1) Бас прокуратурамен бірлесіп, бизнес-қоғамдастықты қатыстыра отырып, Қылмыстық кодекстің шамадан тыс репрессиялық сипатын жою, жазалаудан гөрі, алдын алу  шараларына қарай өту тұрғысынан жұмыстар жүргізу керек.

2) Әкімшілік кодекс аясындағы ескерту институтын кеңейту жұмыстарын жүргізіп, айыппұлдың бизнес көлеміне байланысты болуын жою, сондай-ақ бизнестің барлық санаты бойынша айыппұлдың ең жоғарғы шегін белгілеу қажет.

10. БАРЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР МЕН ЖЕРГІЛІКТІ АТҚАРУ ОРГАНДАРДЫҢ ВЕДОМСТВОЛЫҚ ЖӘНЕ ЕНШІЛЕС ҚҰРЫЛЫМДАРЫНДА НАРЫҚ ҚАҒИДАТТАРЫНЫҢ САҚТАЛУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ РЕВИЗИЯ ЖАСАУ

Үкіметтің 2016 жылдың 9 қыркүйектегі кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы министрліктердің ведомстволық бағынышты ұйымдары мен ведомстволарға оларды бәсекелес ортаға беру немесе жергілікті қамту деңгейіне қайталап инвентаризация жүргізу керектігін атап өтті.

Қазіргі таңда квазимемлекеттік сектордың экономикаға ықпалы шамадан тыс жоғары болып отыр. Мемлекеттің бақылауындағы ұйымдар активтерінің үлесі ІЖӨ-нің 60 пайызына жетеді.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне қарасты Мемлекеттік мүлік реестрі (www.gosreestr.kz) жекеленген мемлекеттік компаниялар үлестестіктің 9-шы деңгейіне дейінгі ұйымдық құрылымдарға иелік етіп отырғанына қарамастан, еншілес және бағынышты ұйымдардағы үлестестіктің 5-ші деңгейіне дейін ғана көрсетеді, сол себепті де мемлекеттік компаниялардың нақты саны туралы дерек жоқ.

Қалыптасқан күрделі жағдайды еңсеру үшін Мемлекет басшысының  Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің тәжірибесі бойынша мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін ІЖӨ-нің 15 пайызына дейін азайту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асырумен бірге үкіметтік деңгейде арнайы жұмыс тобын (Үкіметтік штаб) құру ұсынылып отыр. Мемлекеттік қатысумен ұйымдар жұмыс істейтін бәсекелестік орта жағдайын талдау мен бағалау, олардың одан әрі қызмет етуінің қисындылығы жөнінде ұсыныстар енгізу қажет. 

Осыған байланысты бизнес-қауымдастықтың өкілдерімен бірге мемлекеттік органдардың еншілес және қарамағындағы ұйымдарының қызметіне толыққанды зерттеулер және ЭЫДҰ стандарттары мен нарық ұстанымдарының бұзылуына талдаулар жүргізу ұсынылады.

Жүргізілген талдау негізінде, жоғарыда келтірілген ұстанымдар мен міндеттерге сай келмейтін, субъектілер мен ұйымдарды жекешелендіру немесе жою туралы үкім шығарылады.

Жоғарыда айтылған шаралар Мемлекет басшысы белгілеген және жалпы Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарынау  кіру стратегиясына, ЭЫДҰ стандарттарын енгізу ісіне толық сәйкеседі деп есептейміз. Осыған байланысты аталған шараларды Үкіметтің Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жөніндегі жоспарына енгізуді ұсынамыз.

«Атамекен» ҰКП алдағы уақытта мемлекеттік органдармен бірге ұсыныстарды талқылау және жетілдіруге атсалысуға, сондай-ақ егжей-тегжейлі тетіктерді, қажетті есептеулерді, нормативтік-құқықтық актілерді өзгерту жөніндегі ұсыныстарды ұсынуға дайын.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер