«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Біз туралы
Қаз

Отандық өндірушілер үшін сатып алуларға тікелей жол ашылады

18 Маусым 2018
3307 просмотров

Қазақстанда өндіруші-компаниялар мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың сатып алулары арқылы ұзақмерзімді келісімшартты еш кедергісіз жасай алады

Бұл «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының V Съезі қарсаңында өткен «Отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігі» атты форумның негізгі тақырыбына айналды.

Форум жұмысына «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов, ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, мемлекеттік органдар, бизнес қауымдастықтар мен кәсіпорындардың басшылары қатысты. Барлығы 300 адам өңдеу өнеркәсібі мәселелерін талқыға салды.

Ахметжан Есімов Форум қатысушыларына «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуларда жергілікті қамту үлесін дамыту бойынша атқарып жатқан жұмысы мен жоспарын таныстырып, Қор мен Ұлттық палата арасындағы өзара қарым-қатынас деңгейі жоғары екенін атап өтті.

Қор холдинг ішіндегі кооперация аясында, яғни бәсекелестік ортадан тыс жүргізілетін сатып алулар позициялары тізімін оңтайландырды. Осындай позициялардың жалпы көлемі 2017 жылғы 4,5 мың позициядан бүгінде 424 позицияға қысқарды. Сонымен қатар жеткізушілерді біліктілігі бойынша алдын ала іріктеу жүйесіне түзетулер енгізілді: сауалнама саны екі есеге қысқарды, Ұлттық палата басшылығының қатысуымен апелляциялық комиссия құрылды, іріктеуден өту мерзімі 2,5 есеге қысқарды.

Форум аясында «Атамекен» ҚР ҰКП мен «Самұрық-Қазына» Қоры арасында өзара қарым-қатынас туралы Келісім және «Атамекен» ҚР ҰКП, «Самұрық-Қазына» Қоры және ҚР Инвестициялар және даму министрлігі арасында жобалық кеңсе құру туралы Келісім жасалды.

Ахметжан Есімов «Самұрық-Қазына» қоры мен Ұлттық палата арасындағы Келісімнің негізгі ережелері жайында ақпарат берді. Атап айтқанда, келісімге сәйкес Импортты алмастыру бойынша ұзақмерзімді бағдарламаны әзірлеу қарастырылған. Бұл Бағдарлама Қор компанияларымен сатып алынатын импорттық тауарлардың тізіміне енгізілетін Қазақстандағы өндірісті ұйымдастыру негізінде құрылады. Сондай-ақ Қор алдағы 2 жылда холдингішілік кооперациядан жалпы сомасы 700 млрд теңге көлеміндегі сатып алуларды шығаруды жоспарлап отыр. Бұған қоса, Қор Ұлттық кәсіпкерлер палатасына Жеткізушілер біліктілігін алдын ала іріктеу жүйесі аясында көшпелі аудит жүргізу бойынша өкілеттілікті беріп отыр.

«Келісімдер отандық тауар өндірушілерге «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу жүйесіне артық кедергісіз түсуге нақты мүмкіндік береді. Осындай ұзақмерзімді келісімшарттарда өндірістерді жаңғырту көзделгені маңызды. Сонымен қатар біз валюталық қатерлерді және қызметтің басқа да аспектілерін сақтандыруды үйренуіміз керек, өйткені шарттар ұзақ мерзімге жасалды. Осы ретте жобалық кеңсе арқылы бізде бизнеспен тұрақты түрде байланыс болады, сол жерде шарттарды жасауда орын алған қиындықтарды бақылайтын боламыз. Сатып алулар бойынша тура осындай жұмыс өңірлік әкімдіктерде де қарастырылған. Бұған қоса өндірушілердің жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларына белсенді қатысуын қамтамасыз ету мақсатында ҚР Инвестициялар жән даму министрлігі, ҚР Ұлттық экономика министрлігі қолдауын пайдаланбақпыз. Осылайша, өндірістерді жаңғырту және кеңейту мақсатында жер қойнауын пайдаланушылар, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың сатып алулары арқылы отандық тауар, жұмыс және  қызмет түрлерін орындап отырған барлық өндірушілерге ұзақ мерзімді келісімшартқа қол жеткізуді қамтамасыз етеміз, – деді Тимур Құлыбаев.

«Атамекен» ҚР ҰКП, «Самұрық-Қазына» Қоры және ҚР Инвестициялар және даму министрлігі арасындағы үшжақты Келісім импортты алмастыру бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Жобалық кеңсені құруды көздейді. Жобалық кеңсенің басты міндеті – отандық тауар өндірушілерді ұзақмерзімді тапсырыстармен, оның ішінде offtake-шарттармен қамтамасыз ету, жүзеге асыру үшін жобаларды іріктеу және мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну, қолда бар ең жақсы әдістер мен технологиялар негізінде өндірістерді ұйымдастыруға көмектесу.

Пікір қалдыру:

Пікірлер:

Серіктестер