astana-view

Ақтөбе дизайнерлері мен тігіншілерін «ALTYN OIMAQ» ұлттық байқауына қатысуға шақырады

2019 жылғы 29 Наурыз
- Ақтөбе облысы
6413 просмотров

Өңірлік кәсіпкерлер палатасында Ақтөбе облысының дизайнерлері, тігіншілер мен қолөнер шеберлері қауымдастығының мүшелеріне байқау талаптары түсіндірілді

 «ALTYN OIMAQ»  ұлттық байқауын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қоры» ҚҚ бірігіп ұйымдастырған.

Байқау ұлттық киімдер мен әшекей брендтерінің танымалдығын арттыруға, осы салада жаңа есімдерді шығаруға, сонымен қатар, жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бағытталған.

«Байқауға қатысу өте оңай. Ол үшін әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қорының сайтына кіріп, байқау парақшасына өту керек. Онда көрсетілген ұлттық ою-өрнек элементі бар іскерлік киім, спорттық киім, үй тоқымасы, әшекейлер, спорттық аяқ киім, балалар киімі  дизайны атты 6 аталым бойынша байқауға қатысуға болады. Бар болғаны өзіңіз туралы мәліметтерді көрсетіп, өтінімді толтырып, өз шығармашылығыңыз туралы шағын бейне жазба сілтемесін белгілейсіз, сонымен қатар, дайын өнімдердің сызбалары мен фотосуреттері қажет»,-дейді ӨКП Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Дамила Құнанова.

Байқау үш кезеңде өтеді: өтінімдерді қабылдау, онлайн дауыс-беру, және Гран-при лауреатын анықтау. Өтінімдер 4 наурыздан мамырға дейін, сондай-ақ, маусымнан қыркүйеккке дейін қабылданады. Байқауға қатысу үшін келесі шарттарды орындау қажет: жұмыстың аталым тақырыбына сай болуы, дизайнның ыңғайлы әрі біргейлігі, коммерциялық келешегінің болуы. Байқауға өтінімді www.fundwomen.kz сайтына жіберуге болады. Қоғамдық онлайн дауыс беру қараша айында осы интернет ресурсында өтеді. Онда ең көп дауыс жинаған алты жеңімпаз-лауреаттар анықталады. Алғашқы үміткерлердің есімдері Жеңіл өнеркәсіп форумында жарияланады. Форум ел астанасында биылғы маусымда өтеді. Жеңімпаздарды салтанатты марапаттау 25 желтоқсанға жоспарланған.

 «Атамекен» ҰКП мәліметтері бойынша, Қазақстанда 992, олардың ішінде 13 ірі, 27 орта, қалғандары ұсақ тоқыма өнеркәсібі жұмыс істейді. 7-8 маусым күндері елордадағы «Көрме» орталығында Ұлттық байқау аясында Жеңіл өнеркәсіп форумы өтеді. Шара жаңадан бастаған кәсіпкерлерге ғана емес, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер мен дизайнерлерге арналған кәсіби алаң болмақ.

 «Форум алаңында идеясы бар жандар инвестерлар мен кәсіпорындарды тауып, өз брендін таныстырады және жаңа технологияларды меңгеруге мүмкіндік алады деп күтілуде. Сондықтан біз ақтөбелік дизайнерлер, тігіншілер мен қолөнер шеберлерін өздерін көрсетіп, Ұлттық байқауға өтінім беруге шақырамыз», – дейді «Атамекеннің» өкілі.

Көрме-форум бағдарламасы бойынша кілем, аяқ киім, тоқыма, әшекейлер санаттарындағы отандық өнім тауарлары  қойылатын «Барлығы отбасы мен үйге арналған» көрмесі,  сонымен қатар, отандық киім брендтерінің, «ALTYN OIMAQ» қазақстандық киім дизайнерлерінің сән көрсетілімін өткізу жоспарланған.

Сондай-ақ, жеңіл өнеркәсіп форумында кәсіпкерлерге, компания басшылары мен қызметкерлеріне және өз бизнесін ашқысы келетіндерге әртүрлі тақырыптағы тренингтер, шеберлік сабақтары, әлеуетті инвесторлармен, қаржы институттарымен В2В кездесулер өткізіледі. Спикер ретінде ірі әлемдік брендтер, сауда нүктелерінің өкілдері, киім дизайнерлері мен нарықтың кәсіби мамандары шақырылған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер