astana-view

Роза Әлқожа, әнші: Әлемдік деңгейдегі бренд қалыптастырғымыз келеді

2016 жылғы 05 Наурыз
9991 просмотров

Қазақстанның эстрада жұлдызы ұлттық үлгідегі орамалдарды жұртшылыққа ұсынады

Елімізге «Мен сыйға тартқан орамал» әнімен кеңінен танылып, халқының сүйікті әншісіне айналған дарынды сазгер, әнші Роза Әліқожа бүгінде өзін өнер әлеміне әйгілеген орамалды кәсіпке айналдыруда. «Мен сыйға тартқан орамал» атты дүкендер желісін ашып, қазақтың ұлттық киімі – орамалды нарыққа шығарды. 8 наурыз қарсаңында белгілі әншімен орамал бизнесінің бүгінгі аяқ-алысы туралы аз-кем сұхбаттасқан едік.

- Қазіргі таңда «Әлқожа» орамалдары қазақ халқына танымал болып келеді. Сізге бұл идея қалай келді?

- Менің табиғатым қазақ өнеріне жақын болған соң, қазақша өрнегі бар киімдерді кигенді ұнатамын. Әсіресе, сахналық киімдерімнің дені ою-өрнектермен зерленген. Өкінішке орай, мұндай киімдерді қазақстандық дизайнерлерге тіктіру өте қымбатқа түседі. Сондықтан қарапайым халыққа да қолжетімді болатын қазақы киімдер көп болса екен деп армандаушы едім. Ал, бұл арманымды  орамалдан бастау туралы ұсынысты бір сіңілім айтты. Өзіме де бірден ұнады. Себебі, менің «Мен сыйға тартқан орамал» деген әнім халыққа жақсы таныс. Егер осындай атаумен орамал шығарсам, көпшілік жылы қабылдайды-ау деген үміт болды. Оның үстіне, қазіргі қазақ келіншектері тағатын отандық орамал жоқ. Отандық өнім болмаған соң, қырғызды, түрікті, қытайды байытып жатырмыз. Шетелге шыққан кезде неге отандық өнім жоқ деген ой жиі келетін. Анам да бала кезімнен тігін тігуге, кілем тоқуға баулыды. Осы қазақтың дәстүрлі өнерін неге дамытпасқа, неге өз қыздарыма үйретіп, кәсіп ретінде балаларға қалдырмасқа деген ой келді. Сонымен қазақтың да брендтік бұйымы болсын деп, «Әлқожа» деген атпен орамалдар шығаруды қолға алдық. Алматы қаласында алғашқы дүкенімізді алдыңғы жылдың 1 қазаны күні аштық.

- «Әлқожа» орамалдары қалай тігіледі?

- Қазір шағын тігін шеберханамыз бар. Мұнда орамалдар түрлі дизайнмен тігіледі. Орамалдардың дизайнына қатысты негізгі идеяларды өзім айтып отырамын. Қытай, Оңтүстік Корея секілді елдерден сапалы маталарды алдырамыз. Дизайнына байланысты құндыз, бұлғын секілді табиғи терілер қосылады. Кейде шеберлер ақ матаға ою-өрнектерді бояумен салады. Біздің басты ерекшелігіміз – әрбір орамал қайталанбас дүние. Орамалдарымызың сапасына күмәнданған қыз-келіншектер де болды. Алайда, ою-өрнектері арнайы технологиялармен басылатындықтан, сапасы сын тудырмайды.

- Өнімдеріңізге деген сұраныс қандай? Түсім еңбектеріңізді ақтайды ма?

- Еңбегімізді толығымен ақтайды деп айту қиын. Қазір іздену, тұтынушы тарту, жарнама жағына көбірек көңіл бөліп отырмыз. Шеберлердің айлық жалақысы, дүкендерді  жалға алу құны, шикізат сатып алу секілді шығындардан пайда артылмайды. Бір қуантарлығы, сұраныс өте көп. Әсіресе, батыс өңірі, Маңғыстау облысы қазақтарының қызығушылығы жоғары.  Қазіргі таңда Алматы қаласы бойынша екі дүкеніміз бар. Қарағандыдан бір дүкен ашылды. Қазір Өскемен қаласынан ашылғалы жатыр. Астана мен Шымкент қалаларынан сұраныс түсіп жатыр. Соған біз қанаттанып, орамал бизнесін әрі қарай дамыта берсек деп жүрміз.

- Мемлекет тарапынан әйелдер кәсіпкерлігіне жасалатын көмек туралы білесіз бе?

- Әрине. Телеарналардан да, өмірде де мемлекеттің қолдауымен бизнесін дөңгелетіп жүрген әйелдерді білемін. Бірақ, әзірге бизнес саласындағы тәжірибеміз аз болған соң және кәсібіміз өте шағын болғандықтан, мемлекеттік қолдау алу туралы әлі ойланған жоқпыз. Мүмкін болашақта сұраныс көбейіп, бизнесті кеңейту үшін мемлекеттік көмекке жүгінетін шығармыз.

- Енді жанданып келе жатқан сіздің кәсібіңізге дағдарыстың әсері байқала ма?

- Керісінше, осы кезеңде бизнесімізді бір жолға қойып алуға тырысып жатырмыз. Өйткені, нарықта көп зат өтпей жатыр, шетелден тауар әкелу де қымбатқа түсіп жатқанын байқадым. Ал отандық орамал алу еш уақытта өзінің құндылығын жоғалтпайды. Қазақ әйелдері орамалсыз жүрмейді. Қазіргі  сән әлемінің тенденцияларын қарасақ та, орамал өзектілігін жоғалтқан емес. Сондықтан дағдарысқа қарамай, жұмыс істей береміз.

- «Әлқожа» орамалдарын бренд ретінде қалыптастыру үшін қандай шаралар жасап жатырсыздар?

- «Әлқожа» орамалдарын тек қазақстандық қана емес, әлемдік деңгейдегі бренд ретінде көргіміз келеді. Оюлы ақ орамалдарды нағыз бренд деп атар едім. Өйткені бұрын қайталанбаған және сұранысы жоғары өнімдеріміздің бірі. Шетелден келген қонақтар да қызығып алып жатады. Менің ойымша, уақыттың сынынан өткен, халықтың әділ бағасын алып, сапасын тұтынушылар мойындаған тауарлар ғана  бренд ретінде танымал болады. Сондықтан біз ең алдымен сапасын жақсартып, халыққа кеңінен танытуға жұмыс жасап жатырмыз.

- Орамалдан басқа да ұлттық бұйым шығару жоспарыңызда бар ма?

- Қазір қазақы нақыштағы көйлектер шығарып жатырмыз. «Мен енді өз дүкенімнен киенетін боламын» деп әлеуметтік желілерге де жазып едім. Сахнаға және күнделікті киетін киімдерді өз қалауыммен тіктіріп киемін. Негізі, маған   киімдерімді сату туралы ұсыныстар жиі түседі. Өйткені, көпшілікке менің жабық киімдерім ұнайтын сияқты. Осындай ұсыныстарды ескере келе,  етек-жеңі кең, түсі тартымды  көйлек үлгілерін шеберлеріміз жасап, ізденіп жатыр. Әзірге алғашқы үлгілер маған арналуда. Осылайша қанша заманауи киінсек те ұлттық болмысымыз ды айқындайтын киімді қолжетімді етуді мақсатқа айналдырып отырмыз.    

Орамалдарды дін жолындағы әпке-сіңілілеріміз сүйсініп сатып алады. Осы сұранысқа орай, мұсылманша-қазақша киім түрлерін жаңа үлгіде жасап шығаруды қолға алдық.  Халыққа ұнайды деп үміттенеміз.

- Еліміздегі барлық қыз-келіншектерді,аналарды көктем мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ана баласымен бақытты емес пе? Сондықтан барлық аналардың балалары бақытты болсын! Сіңілілерім ана бақытына бөлене берсін! Кәсіп адал еңбек болып есептеледі. Алла әрбір іскер жанның еңбегін  берекелі,  ісін табысты етсін!

- Сұхбатыңызға рахмет! Ісіңіз табысты болсын!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер