astana-view

Альберт Овер: «Біз мұнда әлдекімді әлденеге үйрету үшін емес, тең құқылы серіктес іздеп келдік»

2016 жылғы 28 Сәуір
11348 просмотров

Дуальды оқыту: Қазақстан жағдайындағы неміс тәжірибесі

2014 жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Германияның Трир қаласындағы Қолөнер палатасымен бірлесіп, Қазақстанда дуалды оқыту стандарттарын енгізу жөніндегі жобаны жүзеге асыруға кірісіп кеткен болатын.

Трир қаласы Қолөнер палатасының үйлестірушісі Альберт Овер палата жұмысы және оның елінде бизнеске кадрлар даярлаудың тұтас жүйесі қалай құрылғандығы туралы айтып берді.

– Альберт Овер мырза, ҚР ҰКП тәлімгерлер біліктілігін арттыру жөнінде қандай жұмыстар атқаруда? Қазақстан мен Германия палаталарының тәлімгерлерді оқыту аясындағы ынтымақтастығының нәтижелері қандай?

– Ең алдымен, жоба 2012 жылы кәсіптік білім беру саласында өзара ынтымақтастыққа қол қойған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Германия канцлері Ангела Меркельдің бастамасының арқасында іске асып отырғанын айта кеткім келіп отыр. Қолөнер палатасының алғашқы серіктестері ол кезде салалық қауымдастықтар болған, ал 2014 жылдан бастап біздің серіктес болып Ұлттық кәсіпкерлер палатасы болды. Ол бұл жобаға өңірлік палаталарды да іске қосты, бұл сөзсіз үлкен артықшылық болып отыр. Өңірлік өкілдіктері бар ҰКП бизнеске арналған мықты оқыту және мамандарды даярлау жүйесін құрай алады. Елдің көптеген өңірлерінде кәсіпорындар палатаға мамандарға тапсырыс тастай бастады. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін сіздердің барлық мүмкіндіктеріңіз бар. Менің білуімше, елдегі бірнеше колледж кәсіпорындар қамқорлығына берілген.

ҰКП мен Трир қаласы Қолөнер палатасы арасында орнаған кәсіптік білім беру саласындағы бұл серіктестік жоба 2017 жылға дейін әрекет етеді. Ұлттық палатаның бұл салада Қазақстанның білім және ғылым министрлігімен де бірлесе жұмыс жасап отырғанын айта кету керек, осының арқасында республиканың көптеген облыстарында дуальды жүйе айтарлықтай тиімді жұмыс жасауда.

 – Германиядағы «тәлімгерлік» ұғымы Қазақстанда қаншалықты қолданыс таба алады? Тәлімгерлік ұғымын енгізуде Қазақстан кәсіптік білім беру жүйесінде қандай да алға ілгерілеушілік бар ма?

– Германияда кәсіптік білім беруге дәл осы палаталар жауапты, сондықтан оқыту тікелей кәсіпорында жүргізіледі, палаталар болса оқыту процесіне жауап береді, сонымен бірге олар қорытынды емтихандарды ұйымдастыру және өткізумен айналысады. Бұл жұмысқа кәсіптік мектептер де, сіздердің жағдайларыңызда қазақстандық колледждер атсалысады. Германияда осыған ұқсас жобалар серіктестік деп аталады.

ҰКП-мен ынтымақтастық былай жүзеге асады: біз мұнда әлдекімді әлденеге үйрету үшін келмейміз, біз теңқұқылы серіктестер іздейміз, бұл жағдайда мұндай серіктес Қазақстанның Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы болып отыр. Біз бірлесе ынтымақтастық орнаттық, бірақ оқытпаймыз. Былайша айтқанда, бұл тәжірибе алмасу. Германияда кәсіптік білім беру жүйесі өте жақсы. Десек те, кәсіпорындардың шамамен 20-22%-ы тікелей кәсіпорындарда оқытумен айналысады.

ҰКП-мен ынтымақтастық қорытындылары туралы айтсақ, белгілі бір нәтижелер бар. Тартыстар көп болды, бірақ кез келген жағдайда біз екі жақтың білім деңгейі шамамен бірдей болуына қол жеткізе алдық. Кәсіптік білім беру саласына жауапты қазақстандық білім беру министрлігінің өкілдері Германиядағы әріптестерімен кездесті, ҰКП өкілдері де Германия палатасындағы әріптестерімен әңгімелесе алды, тіпті ұстаздар да өзара араласуға мүмкіндік алды. Яғни, біз барлық деңгейдегі өкілдердің өзара тіл табыса алуына жағдай жасадық және жасалған жұмысқа сүйенсек, Қазақстандағы мінсіз білім беру жүйесінің жалпы сұлбасының сызбасын жасадық десек болады. Яғни, әңгіме неміс тәжірибесін алып оны Қазақстан жағдайына әкелу керектігінде емес, Қазақстанға арналған шынайы кәсіптік білім жүйесі қандай болу керектігінде. Бұл жүйе қаншалықты қабылданады, қаншалықты кірігіп кетеді, мұны мен айта алмаймын. Менің ойымша, бұл туралы айту әлі ерте. Алайда, не десек те, осы қысқа уақыт ішінде көп нәрсеге қол жеткізілді.

Бұдан ары ҰКП-мен жұмыс жасаудың екінші деңгейі жүзеге аспақ. Бұл қазақстандық әріптестермен бірге кәсіптік білім берудің барлық концепциясын, стандарттан бастап, қорытынды емтихандарына дейін жасап шығару. Яғни, бұл тұста мазмұн да, форма да, құрылым да есепке алынбақ. Біз теориямен айналыспаймыз, тікелей қазақстандық әріптестермен, жекелей алғанда өңірлік палаталармен, мәселен Алматы және Шымкент өңірлік палаталарымен белсенді түрде жұмыс жасаудамыз. Мысалы, туризм және қызмет көрсету салаларымен айналысатын өңірлік палаталар қызметкерлері жекелеген мамандықтар бойынша жаңа стандарттар жасап шығарды. Былтырғы жылдың күзінде бұл мамандық колледждерде іске қосылған болатын және өңірлік палата алған бұл тәжірибені өзге де палаталармен бөлісу керек.

Үшінші деңгей – колледждермен ғана емес, кәсіпорындардың өзімен ынтымақтастық орнату. Себебі, колледжердің болуына қарамастан, студенттер дәл кәсіпорындарға барып, практикалық білім алулары қажет. Біз мұны тікелей кәсіпорында оқытумен айналысатын өкілдердің тиісті біліктілікке ие болу мысалынан алып отырмыз. Яғни, пәнді игеріп отырса да, олардың көбінде педагогикалық машығы болмай жатады. Бұл проблема Германияда да бар, сондықтан студенттерді кәсіпорында үйреткісі келетін қызметкер педагогикалық жағынан машықтануы үшін міндетті түрде қосымша біліктілік алуы қажет. Негізінде бұл тәсіл Қазақстанда тәлімгерлік түрінде әрекет етеді. Палата кәсіпорындарды тәлімгерлер даярлау курсын ашып, қосымша біліктілік алу үшін мамандарды сонда шақыруға бағыттауға тырысып бағуда. Осы ерекшеліктерді есепке ала отырып, былтырдан бастап біз Шымкент қаласында тәлімгерлерге арналған біліктілікті арттыру курстарын аштық. Курстарға сұраныс көп болып шықты, оған 50-ден астам адам жазылды. Бұл курс осыған ұқсас неміс курстарының негізінде жасап шығарылды, десек те біз қазақстандық ерекшелікті есепке алдық. Емтиханды неміс тарапы алатын болады, бұдан бөлек қатысушыларға сертификаттар беріледі. Ұлттық палата да сертификацияға қатысады, сертификатқа екі – қазақстандық және неміс тараптарының мөрлері басылады. Тәлімгерлерді оқыту жөніндегі келесі курсты ендігіде ҰКП өзі өткізетін болады. Әлбетте, бұл жағдайға байланысты мазмұн өзгеруі мүмкін, бірақ тұтастай алғанда курс өз бетінше және қазақстандық тараптың күш салуы арқылы өтетін болады.

Сонымен бірге, біз дуальды білім беруді таныту ісімен де айналыстық. Қазақстанда бұл жүйені бұрыннан енгізген кәсіпорындар бар. Мәселен, «Қаз фосфат», «Қазақмыс» компаниялары. Тәлімгерлер концепциясы бұл кәсіпорындарда әу-бастан бар. Бірақ қазіргі міндет бұл концепцияны шағын және орта бизнеске таныстыру болып отыр. Әрине, дуальды оқытудың енгеніне 2014 жылдан бастап үш-ақ жыл болған елден өте жоғары нәтиже күтуге болмас, дегенмен де, осы үш жыл аясында жүргізілген жұмыс таң қаларлық.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер