astana-view

Ғалымбек Жақсылықов: Өңірлік карта елдегі бизнес барометріне айналады деген сенімдемін

2016 жылғы 05 Мамыр
4633 просмотров

Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасын жасау барысында қызылордалық 520 кәсіпкердің пікірі есепке алынды

Ел экономикасы шағын және орта бизнеске арқа сүйейтін кез келді. Бүгінгідей сындарлы кезеңде кәсіпкерлікті дамытудың маңызы бұрынғыдан да артып отыр. Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы осы жұмысты үйлестірудің жүйелі жоспары іспетті. Осыған орай біз Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықовтың пікірін білген едік.

  • Игі дүниені әзірлеу мақсатында қандай жұмыстар атқарылды?
  • Картаны жасау барысында ӨКП және жергілікті атқарушы органдар өкілдерінен жұмыс тобы құрылып,  облыс, қала, аудан орталықтардағы тұрғындар арасында  сауалнама жүргізілді. Оған шағын және орта бизнестің 142 субъектісі қатысып, 18 кәсіпкер сұхбат берді. Тағы  520 кәсіпкердің ойына құлақ түріліп, олардың пікірі есепке алынды. Бизнесмендермен, жергілікті атқарушы органдармен, қаржылық ұйымдар мен экономикалық даму институттарының өкілдерімен кездестік. Сауалнама жүргізу мен сұхбат құрудағы мұрат – кәсіп иелерінің өз ісін жүргізуде қандай мәселелермен бетпе-бет келетінін білу, олардың сұраныстарын зерттеу еді. Біз кәсіпкерлердің осындай сауалнамалар мен пікір алмасуларға белсендірек қатысқанын қалаймыз. Өйткені олар берген ақпараттар аймақтың бизнес мүмкіндіктерін айқындап, өңірлердің бизнес ахуалының барометрі болмақ.

Сондай-ақ, картаны жасау барысында кәсіпкерлікті дамытудың жолдары  зерттелді. Оларға кедергі келтіретін  тосқауылдар да назардан тыс қалмады. Бұл туралы жан-жақты сараптама қорытындысын businessmap.kz порталында жарияланған. Жалпы, мұндай зерттеулер жыл сайын жасалып, қорытынды ақпараттар порталда жарияланып отырады.     

  • Картаның Қазақстан бизнесіне ұсынар артықшылықтары қандай?
  • Онда аймақ экономикасы туралы жан-жақты мәліметтер, нақтырақ айтқанда, инфрақұрылым, адами капиталы, қаржы көздері, даму бағдарламалары мен мемлекеттік қолдау, тұтыну нарығы, шекаралас аймақтар көрсетілетін болады. Қазақстанның 16 аймағындағы дамудың басым бағыттары айқындалған. Іске асып жатқан мемлекеттік даму бағдарламалары аясында  аймақтардың мамандануына негіз болатын бастамашыл жобалар да енгізілген. Жинақталған барлық ақпараттар жоғарыда келтірілген қолжетімді businessmap.kz интернет-порталына орналастырылады.  Оған қоса бұл порталда инвестициялық жобаларға арналған арнаулы бөлім болады. Жобалар  іске қосылу сатысындағы және идея деңгейіндегі болып екіге бөлінеді. Портал көмегімен кәсіпкерлердің өз жобаларына қызығушылық танытатын инвесторлар табуына мүмкіндіктері бар. Сондықтан кәсіп иелері жобаларын орналастыру үшін өңірлік палатаға хабарласуы керек.  Бизнес порталдағы ақпараттар кәсіпкерлер мен инвесторлардың шешім қабылдауына, жаңа әріптестер, шикізат нарығы мен дайын өнім іздеуіне, мамандарға қатысты мәселелерді шешуіне пайдасын тигізеді деп ойлаймын.    
  • Ал бұл жаңашылдық Қызылорда облысының инвестициялық тартымдылығын арттыруға қалай ықпал етеді?   
  •  Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасының қайнар көзі осы  инвестиция  тарту мен оған лайықты жағдай туғызудан басталады. Сондықтан инвесторлар үшін әр облыс туралы сараптамалық ақпарат орналастырылады. Бұл бөлімдерден инвесторлар аймақ экономикасы, минералды-шикізат базасы, адами капиталы, көлік, коммерциялық инфрақұрылымы, аймақтың ерекшелігі туралы пайдалы мәліметтер таба алады. Оған қоса аймақ кәсіпкерлерінің дайын инвестициялық ұсыныстарын қарауына мүмкіндік бар. Кәсіпкерлердің өңірлік палаталары ұсынылған ақпараттарды үнемі жаңартып, жетілдіріп отырмақ. Ал әлеуетті инвесторлар табылса, жобаны сүйемелдеуге көмек көрсетуге әзірміз.
  • Сұхбатыңызға рақмет!   

Еншілес ұйымдар

Серіктестер